Қазақ тілі туралы деректер
блог
Әлемдегі барлық тілдің жалпы санын анықтау мүмкін емес, сол себепті тілдердің жалпы саны жөнінде мәліметтер әртүрлі болып кездеседі. Бір деректерде тілдердің саны 10 000-ға жақындығы туралы айтса, бірі – 7000, ал тағы біреулер – 6500 тіл бар деп айтады. Ал әлемде сөйлеушілер саны 100 000-нан асатын небәрі 100-ге тарта тіл ғана бар екен. Ал сөйлеушілер саны 10 000 000-нан асатын тілдердің саны 40. Қуанышқа орай, дәл осы 40 тілдің құрамына қазақ тілі де енеді екен, ал бұның алдында қазақ тілі 71 ірі тілдің қатарына енген болатын.
Сонымен қазақ тілі туралы аздаған деректерге тоқталсақ:
-
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақстан Республикасы – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қабылдаған бірден-бір мемлекет. Әлемде 95 тіл мемлекеттік тіл болып табылады. Ал 56 мемлекет ағылшын тілін мемлекеттік тіл ретінде таныған, ал француз тілі – 30.
-
Бүгінгі таңда қазақ тілі – 16 197 000 сөйлеушісі бар тіл. Қазақ тілі бұл жағынан әлемдегі ірі 40 тілдің қатарына енеді. Қазақ тілі сөйлеушісі көп ең ірі бес тілдең қатарына кіріп отыр.
-
Қазақ тілінде 16 миллион адам сөйлейді, оның 1,8 миллионы өзге ұлт өкілдері: түрік, өзбек, қарақалпақ, әзірбайжан, қырғыз, татар, орыс, ұйғыр.
-
Қазақ тілі - түркі тілдері ішіндегі сөздік қоры ең үлкен тіл ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең таза тілдердің бірі. Сөздің қорының 60%-ын түркілік түбірлі сөздер құрайды.Ал орыс тілінің 45%-ы ғана славяндық негізді құрайды.
-
Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішінде таралуы жағынан үшінші тіл: түрік тілі, өзбек тілі және қазақ тілі.
-
Қазақ тілі көптеген маманның пікірінше диалектісі жоқ тілдердің бірі саналады. Ал мұның алдында диалекті деп айтып жүрген құбылыс говорға немесе сөйленіске жақын үрдіс қана көрінеді.
-
Қазақ тілі ЮНЕСКО-ның Index Translationum статистикасы шығарған рейтинг желісінде ТОП-50 аударушы тіл қатарына енген (2012 жылғы статистика). Ол бойынша қазақ тілі әлем әдебиеттерін аударушы 46 тілдің бірі болған. Әлемдік шығармалардың басым көпшілігі неміс, француз, испан, ағылшын, жапон тілдеріне аударылады, ал орыс тілі 7-орынға жайғасқан.
-
Қазақ тіліндегі Википедия Вики-тілдердің ішінде мақала көлемі бойынша 32-орынға жайғасқан. 2012 жылы бұл көрсеткіш 25-орынды көрсеткен болатын.
-
Қазақ тілі – 500 млн қолданушысы бар Google Translate автоматты аударма қызметіне қосылған 90-тіл.
-
Қазақ тілі – интернет кеңістігі контент көлемі бойынша 57 орында тұрған тіл. Қазақ тіліндегі контент мөлшері – 0,003%-ті құраған. Ал бірінші орында, әрине, ағылшын тілі, оның көлемі интернет кеңістігіндегі ақпараттың 55%-ын құрайды.