Ашаршылық жылдарындағы қалың қазақтың 3,8 миллион халқының жаппай қырылуы қазақ үшін естен тандырардай жағдай болды. Нақты статистикалық мәліметтерге сүйенсек 1921-1923 жылдары қазақтың 1,5 миллионы, ал 1931-1933 жылдары 2,3 миллионы қырылып, 1915 жылы 6 миллионға жетіп, 60% халқынан айырылған қазақ қазақ тілінің мәселесі түгілі жеке бастарын көтеріп алып жүре алмайтындай күйге түскен. 1897 жылғы халық санағы бойынша 82 пайызды құраған қазақ 1962 жылға қарай Қазақстан тұрғындарының небәрі 28,0 пайызын құрады. Алайда, қазіргі күні 17 миллионнан астам халқы бар қазақ тіл мәселесіне аса көңіл бөлмеске болмайды. Осы тұста Венгрияның қазаққа жаны ашыған бір азаматы өз сөзінде : «Қазақстанда бәрі бар, әлеуметтік-экономикалық өсу қарқыны да жаман емес, тек өз тіліне мән бермеген халық екен» - депті. Шынтуайтына келгенде, 1991 жылы тіл туралы заңымызды туымыздай желбіреткенмен ол сөз сол заң шығарылған орында қалған әңгімемен теңдей болған секілді. Іскерлік шаруамен айналысатын адамдарға бұл мәселені енді бастап айта келсең жарты дүниесінен айырылып қалардай кеңірдегін керіп, айтар сылтаулары дайын тұрады. Ол сылтау:мемлекет ісін жүргізу, іс-қағаздың реті және жаңа заманға сай жаңа технологияны енгізу тек ресми тілдің қатысымен ғана болатын шаруа . Бұл бір жағынан дұрыс айтылған сөз ретінде есептелсе де, екінші тұсынан алып қарасақ бұрыс секілді. Себебі, қазір Совет үкіметінің дәуірі емес қой, орыс тілін білмесе жұмысқа кіре алмайтындай. Ол заман әлдеқашан өткен.Қазіргі жастардың сөзіне сүйенсек бизнеспен айналысатын халық орыс тілінсіз жұмысын өндіре алмайтындай. Осы тұста «Саудамен салтыңды түзей алмайсың,сақалмен еліңді көгерте алмайсың»-деген көрші өзбектің келісімді мақалы еріксіз еске түседі. Бизнеспен айналысамыз деп қазақтығымыздан айырылсақ, салт- дәстүрді насихаттаймыз деп етегімізді жия алмай алдыңғы елдердің қатарынан құр қалсақ екі оттың арасында қалып, кімге өкпе айтамыз.