«Тәңірберген өзінің тірлігіне тәубе ғып көңілі тыныштала бергенде, кенет әлденеге ішінен күбірлеп: «Құдай зауалыңды берсін!» деді. Адамның аза бойы қаза болғандай, осы бір кісі жаны сарылғанда ғана айтатын қарғыс қапелімде қайдан аузына түскенін білмейді. Неге айтқанын да білмейді. Жо-жоқ, бұл айтқан жоқ, бұған біреу айтқанды.
Тәңірберген өмір бойы өз басына да бір зобалаңның ақиқат туатынын сезіп, үйде де, түзде де, жатса да, тұрса да осы қарғыс оған маза бермеді. Тақымдады да жүрді. Жүрегі жер түбінен сезген жаманшылықты күтті де жүрді, күтті де жүрді. Сол емес пе, мынау?»
«Қан мен тердегі» сұлу жүзді жас мырзаның соңғы ғұмыры осылай суреттеледі. Есіңізде болар. Көптің көңіліне кірбің түсірген бұл кейіпкердің өмірі ойламаған жерден ойран болып еді ғой. «Жүйелі қарғыс киесін табады» деген осыған саяды. Кезінде кісі жаны біреуден зәбір көріп, зауал тілесе, бүгінде оның жөні бір бөлек. Қазіргі уақытта кәрі де, жас та бір-біріне жамандық тілеуден жиіркенбейді. Шұбар ала тілден шұбыртпа сөз шыға бастаса «басыңа көрінсін» деген бір-ақ жауап нүкте қояды. Адамгершілікпен абайлап сөйлеудің заманы өткен бе дерсің мұндайда?! Ең қиыны жұмыр басты жандардың жағдайға мән берместен дұшпанының жер жебіріне жететіндігі. Табалап, қарғысты қарша төгіп, содан қуат алу қоғамға таңсық емес.
-Үйтіліп өл, үйтіліп
-Көп сөйлемей тезірек шығыңыз
-Брагадиріңе айта бар. Біз бала-шағамыз үшін жүрміз. Осы қылығы үшін бір күні басын жұтады -, деп безерген әйел құрт толы қалтасын жинай бастады. Пойыз вагонынан түсемін дегенше жолсерік кісі мен белгісіз брагадирге екі дүниенің жамандығын тілеп бара жатты.
Егде тартқан жолсерік қалтателефонын алып, әлдекімге жауап қатты:
-Саудагерлердің бәрі билетсіз. Сондықтан оларды мінгізе алмаймыз -, деді де жолаушылар билетін тексере бастады.
Байқаған боларсыз, заңсыз әрекетті біле тұра, өз қателігін түсінбеген апаның бұл қылығы орынсыз. Әсіресе, ақылмен тізгінделмеген ашулы сөздері кез-келген адамның көңіліне қаяу түсірері анық. Бауыр еті баласы үшін безектеген ананың жүйесіз қарғысы «иесін» тауып жүрмесе қайтсін?! Бұл бір ғана болған оқиғадан үзінді. Ал, күйбең тірлікте дегені болмаған адамдар көзіне күйік болғандарды тілімен сабап, жүрегімен жер жастандырып жүр. Студенттер оқу соңында оқытушыны баға сатып алуға келіспегендіктен кінәлайды. Айлығын беріп, аузына ақ май тамызса да жалқаулықты серік еткен көп жұмысшы үшін еңбекқор бастығы қарғысқа лайық. Кейде орынсыз қызғаныш құрбандары мен биік мансап өкілдері де аяқ астынан айыпты болып, ауызға ілігеді. Мұның бәрі бармақ басты, көз қыстыға бой ұрған надандықтың нәтижесі. Ой-санасы қараңғы халықтың көреалмаушылық тірлігі. Олай болмағанда, заңмен жүрген жолсерікті жасы үлкен ана сонша қарғамас еді?!
Бұрын ата-бабамыз «Білме, білгеннің тілін алма!» деген теріс сөзді кесапатқа балаған. Оны жаңа заман адамдары дәлелдеп беріп жүр. Ұлт келешегі жастар тыйым салынған әрекеттерге құмар. Қарсылық танытып, шектеу қойғанның сөзін құлаққа ілмейтін дәрежеге жеткен. Адам баласы нені көп ойласа, сол орындалады. Бұл дәлелденген түсінік. Олай болса, барлық пенде өзгені қараламай, қарғанбай тіршілік етсе бұл пәниде жамандықтан артар жүк те жеңіл болар еді.
Қазақ «жақсы сөз -жарым ырыс» дейді. Алмағайып заманда Алаш ұрпағы ар жолымен адал іс атқарып, артық сөзді адамдар айылын жиса, кем дүние кереметке айналар мүмкін?!