Әр уақыттың әр кезеңінде халықтың біртуар данышпан, ілім-білімге жаны құштар ерек азаматтары дүниеге келген ғой. Сондай ұлы тұлғаларымыздың бірі - қазақтың көгінде құйрықты жұлдыздай ерте жанып, тез сөнген шоқтығы биік Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Қазақ хандарының тұяғы, орыс армиясының офицері, саяхатшы, ағартушы және шығыстанушы ғалымның туғанына биылғы қара күздің қараша айында 185 жыл толып отыр.
Қазақ даласының ханзадасы, хан Абылайдың ұрпағы Шоқан Уалиханов 1835 жылы қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекінісінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уалихановтың шаңырағында дүниеге келген бала Шоқанның ерте жастан білімге деген құштарлығы ерекше көзге түседі. Төрт жасында-ақ әріп таныған Шоқан әкесі негізін қалаған мектепке барды. Сол уақытта оның сурет салу өнеріне деген ерекше ықыласы байқалады. Оның білімі мен дүниетанымының қалыптасуында туған жер тарихы, халқымыздың салт-дәстүрлерлері мен шығармашылығы үлкен рөл ойнады. Тіпті бала күнінде ол қазақтың батырлық эпостары мен өлеңдерінің үлгілерін жинай бастаған болатын. Ұлының бойындағы өсейін деп тұрған талантты байқаған әкесі Шыңғыс Шоқанды Омбыға жіберіп, сол кезеңдегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Кадет корпусына орналастырады. Омбыдағы сібір кадет корпусына оқуға келгенде Шоқан 12 жаста болған екен, ал 15-ке толғанда оны ресей зиялы қауымы болашақ ғалым деп таныды.
Шоқанның ғылыми тұлғасы ұзақ уақыт бойы көлеңкеде қала алмады. Оның бойындағы дарын мен біліктілік көптеген ғалымдар мен ойшылдар тарапынан көзге түсті. Уалихановпен алғаш танысқан кезден бастап-ақ, орыс жазушысыъ философ Ф.М. Достоевский оның бойындағы ерекше іздегушілік қасиеттері мен жеке әлеуетін анық байқап, отаны мен халқына үлкен үлес қосып, халық мүддесіне қызмет ететін тұлғаны болжай алған болатын. Үлкен саяхаттар және ғылыми экспедициялар арқылы жазылған Шоқан Уалихановтың зерттеу материалдары мен еңбектері ғылым әлемінде біздің еліміздің жаңа келбетін жасап берді. Шоқан еңбектерінің негізінде түрлі топографиялық карталар мен атластар жасалды. Мұндай жас кезден-ақ ғылыми әлемді тану, ғылым одақтарындағы құрметті мүшелік, сол дәуірдің ықпалды адамдарымен жеке таныстық және еңбегі үшін берілген атақтар мен марапаттар оны туған жері мен отанына, халқына адал қызмет етуден тайдырған емес. Бойындағы хан әулетінің қаны мен бекзадалық текті ол еліне адал қызмет ету арқылы көрсете білді. Шоқан өзінің негізгі идеясына айналған отансүйгіштік қасиетін ешқашан ұмытқан емес.
Ол қамшының сабындай өзінің қысқа ғұмырында төрткіл дүниені таң қалдыра білді. Шоқанның қаруынды қаламынан туған еңбектерінің ішіндегі ең көлемділері мыналар: «Абылай», «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Елдегі мұсылманшылық туралы», «Қырғыздар туралы қолжазбалар», «Қазақтың ертедегі қару-жарақтары», «Жоңғария очерктері», «Қазақ шежірелері», «Жамия – ат таорихтан», «Алтышаһардың хал-жайы», «Сібір тарихтан хаттар», «Көкетай ханның өлімі», «Сібірге қарайтын қазақтардың сот құрылысын өзгерту туралы», «Құлжа күнделіктері» және т.б.
Қазақ халқының тарихында тұғырлы тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі ерекше орынды иеленеді. Заманынан озық туған ойшылдың өмірден өткеніне биыл 155 жыл толып отырса да, онымен теңдес ғалым зерттеушіні, әдебиеттанушыны табу қашанда қиын болмақ.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
Тарих, археология және этнология факультеті т.ғ.д.,профессор Қ.С.Қаражан
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ
Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Нұрахимова Ж. Ф.