Қайсар рухты жанды бәріміз танимыз ба?!
блог
Қайраттың есімі бүгінде «әр қазақ - менің жалғызым» дейтін ел жүрегінен ойып тұрып орын алған. Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы наурыздың 13-де Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келді. Қазақтың осы бір қайсар ұлының өмірде қандай болғандығы туралы Кеулімжай Құттиевтің 2009 жылғы мамырдың 21-де «Қазақстан заман» газетінде жарияланған мақаласында інісі Талғат былай деп тебірене еске алады: «Екеуміз Шу мен Мойынқұм аудандары малшыларының балалары оқитын мектеп-интернатта оқыдық. Ол жақсы оқуымен қатар өте белсенді де болды. 7-ші сыныпта комсомол қатарына өтісімен, бірден осы ұйымның мектептегі комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарады. Сонымен қатар, спортқа бір табан жақын болғандықтан, күреспен айналысатын. Мені ең алғаш бокс секциясына қолымнан жетектеп алып барған да Қайрат болатын. Оның тағы бір қасиеті ? тазалықты жаны сүйетін. Егер менің сабаққа киіп келген көйлегімнің жағасы кір болатын болса, тез ауыстырып немесе жууымды талап ететін... Мектепті бітіргеннен кейін әскерге кетіп, 1986 жылдың көктемінде елге оралды. Екеуміз бірдей жоғары оқу орнына түсу үшін Алматыға келдік. Құдай қолдап, ол Алматыдағы құрылыс институтының студенті атанса, мен политехникалық институтқа түстім. Қайрат бірінші курс студенті болуына қарамастан, өз жатақханасының студенттер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Әрине, оның мектеп қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстармен айналысқаны бұл жерде көп септігін тигізгені анық. 16-желтоқсандағы хабарды ести салысымен, ұлтжанды бір мұғалімінен ақыл-кеңес сұрап, әрекетінің дұрыстығына көзі жеткеннен соң, түнімен өз жатақханасындағы қыз-жігіттерге үгіт-насихат жүргізіп, ертеңіне алаңға алып шыққан. Жол-жөнекей Абай мен Тұрғыт Өзал көшесінің қиылысындағы АТК-ның (Алматы тоқыма комбинаты) жастарын жинап, менің оқу орныма келген. Сол кезде көргендердің айтуы бойынша, оның артында 2 мыңдай адам болыпты. Мен бұл уақытта алаңда жүрген болатынмын. Айдар деген жолдасымды тауып алып: «Сен, алаңға барып Талғатты тауып ал. Оның қызба екенін білесің ғой. Жанында жүр»,? деп мені соған табыстапты. Сондай бауырмал болатын...». Ал Дәулет Сейсенұлы 2006 жылы ақпанның 12-де «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қайратқа құрмет» атты мақаласында былай дейді: «Желтоқсан оқиғасынан соң 99 адамның сотталып, оның екеуі ату жазасына кесілгені, соның бірі қаршадай Қайрат болғандығы баршамызға мәлім. Осы мәселеде өркениетті елдер мен жекелеген қайраткерлердің пікірімен еріксіз санасқан сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, өлім жазасы жиырма жыл кесімге ауыстырылған болатын. Бірақ өкінішке қарай, Қайрат арада бір ай шамасында, нақтылап айтсақ 21 мамырда Семей түрмесінде, оның 21-ші камерасында қаскөйлікпен өлтірілді. Өлтірген кім? Әрине, қасындағы бұрын алты рет сотталған кәнігі қылмыскер Леонид Власенко болуы әбден мүмкін. Алайда, ол да оңай ұйғарым. Олай дейтініміз сол, бұрынғы коммунистік империялық жүйенің біреудің қолымен от көсеуге бейім болғаны айтпаса да түсінікті. Иә, Қайраттың тағдырына байланысты күні бүгінге дейін анықталмай келе жатқан жұмбақ жағдайдың бірі осы. Қайрат тағдырының жұмбағы дегенде, осы орайда оның өмірін терең зерттеп, ?Қайсар рухты қазақ? деген атпен кітап шығарған белгілі журналист Кайыммұнар Тәбейдің сол шығармасында келтірген мына бір дерек еріксіз еске оралады. Яғни, автордың айтуынша, Қ.Рысқұлбеков Колбиннің Ұлы жебесіне ілігіп, 21-ге қараған шағында қолына кісен салынып, тұп-тура 21 күн сот алдында нақақтан күйіп-жанып, өртеніп, тас-түрменің 21-ші камерасында, 21 мамыр күні қапылыста қара ниет қарақшының құрбаны болған оның арада бес жыл өткен соң, 21 ақпанда ақталуы қалай, жоғарыда айтқандай кездейсоқтық па, әлде тағдырдың жазуы ма? Әрине, Қайратқа сол кездегі билік тарапынан жасалған қысастықтың ешқайсысын кездейсоқтық дей алмаймыз. Тіпті, басқасы басқа, оның мүрдесінің қайда жерленгені көп уақытқа дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайдылық емес, ол нағыз қысастықтың тап өзі». Жоғарыдағы қос мақаланың үзіндісінен-ақ Қайраттың өмірде қандай азамат болғандығы анық байқаймыз. Ғұмыры қысқа болса да Қайрат қазақ халқының санасында туған ұлтының азаттығы, тәуелсіздігі жолында қандай батыл қадамға болса да баруға қабілетті, ержүрек азамат ретінде сақталып қалды. Қ. Рысқұлбеков сынды батыр ұлдарымыздың есімдері туған еліміз аман тұрғанда Тәуелсіздігімізбен бірге жасай бермек.
"Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!" - деп сот үкімін қасқайып қарсы алған өр тұлғалы Қ. Рысқұлбеков, қылышынан қан тамған қызыл империяның сан қилы қияңкескі әрекетін осы бір ауыз өлеңінің рухымен таптап тастаған тәрізді көрінеді де тұрады...