Қара шаңырақ ҚазҰУ

Қара шаңырақ ҚазҰУ
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы 1934 жылы қаланған. Бүгінде ғасырға жуық тарихы бар киелі ордада студенттердің сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жан-жақты дамуына, заманауи технологияларды меңгеру мен студенттік өмірді қызықты өткізуге барлық жағдай жасалған.

Шағын қалашығымызда Ө.А.Жолдасбеков атындағы  студенттер сарайы, мұражай, кез келген кітаптың электронды нұсқасын алуға болатын «әл-Фараби» кітапханасы, әлем чемпиондарын шынықтырып шығарған спорткешені мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, әскери кафедра және жайлы студенттер үйі бар. Сондай-ақ ҚазҰУ аумағы бойынша таратылатын WI-FI сымсыз интернет желісі студенттерге ғаламтор арқылы жылдам ақпарат алып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда біз осындай жетістіктерімен танымал, талай түлектің тек арманы болып кеткен Қазақ Ұлттық университетінің, соның ішінде  Журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының «Баспагер-редактор» мамандығының 2-курс студентіміз. Өкінішке орай, бірінші курсты бүкіл әлемді титықтатқан пандемияның салдарынан онлайн оқып шықтық. Әрине, өкінішті.  Дегенмен де мұның барлығы біздің денсаулығымыз үшін екенін ұмытпағанымыз жөн.

Жақында екінші оқу жылы басталды.   Университетімізге бірінші рет келіп дәріс тыңдадық, гаджет экранының алдында отырып тыңдағаннан әлдеқайда жақсы екен. Жоғарыда айтып өткендей, мамандығымыз – баспагер-редактор. Білікті ұстаздарымыздың арқасында мамандығымызға деген қызығушылығымыз бұрынғыдан еселеп артып келеді. Бала күнгі «болашақта кітап жазып шығарамын» деген арманымызға бір қадам болсын жақындағандаймыз. Қиялымызға қанат бітірген мамандығымыздың қыр-сыры өте көп. Студент болсақта ірі баспалармен жұмыс жасап, өзімізді бір сәтке баспагер-редактор қырынан көрдік.  Мына індеттен аман-есен құтылып, сабағымыз толықтай офлайн форматқа өтсе, төбеміз көкке жетер еді.

Ал ҚазҰУ-дың географиялық орналасқан жерінің өзі ерекше. Қалашықтың табиғаты өте тамаша! Жайқалып тұрған хош иісті гүлдер мен жасыл желекті ағаштар, әсем таулар студенттерге ерекше күш-қуат береді, білімге деген құштарлығын арттырады. Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту  мақсатында  студенттерге арналған ұйымдар жұмыс істейді. Бұл ұйымдарға «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, «Көмек» еріктілер ұйымы, студенттер «Сенаты» және тағы да басқа қоғамдық ұйымдар кіреді. Университет тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, айналаға мейірім танытуды, жақсылық жасауға шақырады, бойдағы лидерлік қасиетті танытуға көмектеседі.

 

Тұрдахынбай Әсем Мұратқызы

Қайнарбай Айханым Қайратқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

«Журналистика» факультеті

«Баспа ісі» мамандығының  2-курс студенттері

Ғылыми жетекші: кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқытушы Назкен Жансерікқызы