Қара қылды қақ жарған

Қара қылды қақ жарған
жеке
блог

     

    Елдік тарихымызда қара қылды қақ жарып ғұмыр кешкен адуынды, айбынды тұлғалар аз болмаған. Қазақ жұртшылығы тұтас бір елдің құндылығына айналған асыл азаматтарының  қатарына қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы (1972), профессор (1973), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1979), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1974)  Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековті жатқызады. Сын сәттерде азаматтық арына қылдай болса да дақ түсірмеген, қиын-қыстау кезде жігіттік қасиетіне шаң тигізбеген нар тұлғалы Өмірбек Арысланұлының  қоғамдағы адал қызметі үшін ел сыйлаған даңқын айтпасқа болмайды. Ол- Қазақстан Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1983), Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықаралық және ресейлік ғылым-инженер бірлестіктердің Г.В.Шухов атындағы алтын (1992), Халықаралық инженер академияның күміс (1997), әл-Хорезми атындағы халықаралық фестивальдің алтын (1994) медальдарымен марапатталған.

    Міне, мұның барлығы бір бойына бірнеше дара қасиеттердің тоғысуының тағы бір дәлелі, жемісі. Өмірбек Арысланұлы батылдық пен білім ұшастығын талап ететін үлкен ғылым мектебінің сүрлеуінен өтіп, күллі қоғамда өшпес ізін қалдырды. Қазақстан Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Жолдасбековтің басшылығымен әлемдік практикадағы теңдесі жоқ түбірінен жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғылар жасалынып, өндіріске енгізілді. Жақсының жақсылығын айтудан шаршамаған халқымыз, Отанының адал ұлын еш уақытта ұмытқан емес. Бүгінде ұрпағы ұлықтаған атамыздың құрметіне арналған көше, ғимарат атаулары да баршылық.Асқар Алатаудың төскейіндегі ҚазҰУ қалашығындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы алыстардан мен мұндалап тұрады. Ғимарат Республика Сарайынан кейінгі орында тұр. Студенттердің екінші үйіне айналған бұл кешенде концерттер, айтыстар, көңілді тапқырлар клубы өтеді. Өмірдің ең қызықты сәттері өтетін дәл осы ғимарат Өмірбек атамыздың жайсаң мінезін, ақ жүрек, кең пейілділігін еске салып тұратындай. Мен рухы биік, кеу ананың кең құшағындай дарқан көңіл дарынды азаматтарымызбен мақтанамын. Ғалымның тарихи жәдігерлерін, құнды жазбаларын, фото суреттерін көзбен көріп, жүрекпен сезіне алатындығымның өзін бақыт деп түсінемін. Өмірбек атамыздай халқымен бірге ғұмыр кешкен тарихи тұлғаларға еліктеп,  тереңінен сүңгіп, асыл маржандарынан алып өскен ұрпақ яки біздің келешегіміз кемелді болары күмәнсіз.