Мақалада даңқты қолбасшы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының өмірлік қағидаттары мен соғыс пен әскери қызметке философиялық көзқараспен қарағаны баяндалады.
Ілмек сөздер: әскери философия, мінез, ұлтқа қызмет, болмыс
Ойшыл- санагер, өз елінде еленер. Ел жадында нағыз азаматтар, қайсар ерлер, табанды ойшылдар қалады. Бауыржан Момышұлы келелі де кемелді кісілік қасиеттерді бойына жинай білген, сол қасиет құндылықтарын өз бітімімен көрсете, дәйектей білген дарабоз тұлға.
Ерлер іс-әрекетіне жастайынан құрыштай берік болған ұлан, қиыншылықтың кептелінде қайсарлылық пен қаһармандық танытқан батыл азамат. Еңбекке, ерлікке деген ерекше көзқарасты құрметтей, қолдай білген ер Бауыржан-елімен есейген азамат, естілікті, ерлікті, елдікті өмір бойы бір-бірімен ұштастырып, тұлғалықтың тетіктерін халықтық дәстүрмен үйлестірген қолбасшы, әрі ағартушы және тұлғалы рухани ұстаз. Болмысынан қайнап шыққан ойдың өресін түзетті де таратты, толықтырды да күзетті.
Батыр Бауыржанның ғұмырын зерттеген адам оның басынан бақайшағына дейін әскери философ болғанын түсінетініне күмән жоқ. Анығында оны қазақ заманауи соғыс философиясының негізін қалаушы қолбасшы десек артық айтқанымыз емес. Дегенмен Баукеңнің соғыс пен бейбітшілік сияқты қоғамдық өмірдің күрделі құбылыстарын жетік меңгеруін толық сипаттауымыз керек-ақ. Атақты батырдың философиялық болмысын ашу үшін ең алдымен, біз көптеген батыс ойшылдары соғысты жоғары сыныптық, ұлттық құбылыс ретінде көрсетуге, оның әлеуметтік-саяси мәні мен себептерін бүркемелеуге, соғыстың мәңгілігі мен еріксіздігі туралы идеяны енгізуге тырысқанын айтуымыз қажет шығар. Бауыржан Момышұлы бұған қалай қарады? Ол тумысынан соғысқұмар болды ма? Артынан қандай із қалдырды? Осы сарындағы бірнеше сұраққа жауап іздеп көрелік.
Момыштың баласы әже тәрбиесін көрген. Содан болар, жан-жануарға дейін қамқор болып өсті. Әкесі Момыш алты жасында арнайы орыс мектебіне берген-ді. Қағілез бала мұғалімдерінің берген білімін қағып алатын.
Батырдың отансүйгіштігі
Ал хас батырдың өмірлік пәлсафасы есейе келе ұлтшылдықпен астасып жатты. Біз Ұлы Отан соғысы деп баға беріп жүрген ІІ дүниежүзілік соғыс басталғанда оның философиясы өзінің аса өміршең екенін көрсетті. Қаһарманның аузынан шыққан әр сөз афоризмге айналып, жер-жаһанды шарлап кететіні ақиқат еді. Мәселен: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!», «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Опасызда Отан жоқ» деген сөздері оны бейресми қаһарманға айналдырып жіберді. Алайда Баукеңнің ісі мен сөзі бірдей шығатын еді. Бұл тұрғыда ол идеал тұлға бола білді. Момышұлының түсінігінше абыройлы болу үшін өтіріктің досы болмау керек. Ол оны «өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп түсіндіреді. Өзі де өле өлгенше осы ұстанымынан айныған жоқ. «Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің ең шырын рахаты» дейді Бауыржан Момышұлы. Оның әр сөзі, әр қимылы, елмен етене араласуы жастарға зор үлгі болды.
Қорқақтық туралы толғанысы
Бауыржан Момышұлының философиясында қорқақтыққа орын жоқ еді. Ұрыс алаңында жүргенде ездерді жек көретін. «Сын – ерді шыңдайды, қорқақты қинайды» дейді ол ондайды. Сол үшін қол астындағыларды қорқақ болмауға шақыратын, намыстарын қайрайтын. «Қорқақ қаққа шөгіп өледі», «өмір үшін өлгенше күрес» дейтін сөздерін естіген кез келген жауынгердің рухы көтеріліп шыға келетін.
Ұлтшылдық пәлсафасы
«Бақаның бағынан сұңқардың соры артық», деп кеткен батырдың бағы бес елі болды ма? Жоқ. Ұлтшылдығы үшін аға ұлттан теперіш көрген Момышұлының пәлсафасы өлгенше өзгере қойған жоқ. Қазақ боксының негізін салушы Шоқыр Бөлтекұлына «қазір нағыз қазақ екеуміз ғана» дейді. Екі баһадүр де орыстың «ов» жалғауынан бас тартты. «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі», деп түсіндірді онысын. Соғыстан кейін әскери академияға түскен Бауыржан сол ұстанымынан айныған жоқ. Бірде соғыс туралы шығарма жазған ол еңбегін нағыз философияға негіздейді. Әр сөзін терең оймен түйіндегені сонша, бір сөзді шығарма біткенше екі рет қайталамауға да тырысты. Ақыры толық аяқтауға уақыты жетпей, оқытушы оған «екілік» қояды. Артынша оқу орнының директорына «Мен қазақша ойлаймын, содан кейін орысшаға аударамын» деп шығарманы екі фазалы жағдайда жазатынын баяндағанда, бағасын «төртке» түзеп береді. «Боязнь», «храбрость» сөздерін қайталамай, 12-13 синонимін қолданғанын айтып, «войско» сөзінің баламаларын сұрағанда анау оқытушының аузына құм құйылған көрінеді. Сөйтіп Момышұлы бұл жерде де ұлтшылдық философиясын «іске қосқан».
Батырлығы турасында
«Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі» Бұл Бауыржан Момышұлының батырлықты философиялық тұрғыда сипаттауы болатын. Қарамағындағыларға аса қаталдық танытып, сонымен қатар баласындай еркелете жүріп, сан қоршаудан сытылып шыққаны – әскери философияның арқасы. Бұл кез келген қолбасшыға беріле бермейтін аса мықты қабілет екені сөзсіз. Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» романын жазып жүргенде батырмен сөз таластырып қалатыны бар, сонда автор ақырып қалған Бауыржанға «Ақырғанның бәрі арыстан емес» десе, Баукең лезде «үндемегеннің бәрі данышпан емес» деп әрі тілге оралымды, буыны бірдей, ұйқасы тура сөзбен жауап берген еді. Оның бұл жауабынан аса дарынды философ, талантты тілтанушы, өз ұлтының тілін, ділін, болмысын сүйген адам екенін түсінеміз.
Жүрген жерінде бұйрық беріп, ақырып жүргенімен, Момыштың баласы мейірімді, адамзатты бауырым деп білген адам болғаны сөзсіз.
Жастарға таптырмас үлгі болған
Сөзімізді қорытындылай келе, бір ғана мақаламен Бауыржанның болмысын аша алмайтынымызды түсіндік. Кеңес одағының қаһарманы туралы қаншама кітап, еңбектер жазылса да, оның шынайы келбетіне, әділдігіне, шыншылдығына дәл баға берілмепті.
«Жанымда жатыр деп ойлап,
Қатынның тілін алмағын.
Бауырым екен деп ойлап
Жақынның тілін алмағын.
Әділдікке құл болып
Кең толғанып, көп ойлап,
Ақылыңмен билік ет,
Түсініп, сезін тармағын», деп толғаған ол әділ болсаң, жаныңдағы жарыңа да, бауырыңа да қарамайсың, ол үшін ақылыңмен билік ету керек дегенді меңзейді. Әділдік, шыншылдық сынды адами қасиеттер аса қажет болып тұрған заманда, Баукеңнің өмірлік философиясына бір үңіліп қойған жөн-ау деп топшылаймыз. «Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық» дегені қанатты сөзі кейінгі ұрпағының заманы тура осындай болатынын сезген адамның айтқанына ұқсайды.
Бауыржанның әсерлі де әрекетті толғанысы – қазақ пен елді танытпақ талпыныстың түйіндері. Оның қанатты сөздері ел аузына таралып, ұрпақтар жадында әрқалай сақталуы да, жатталуы да тегін емес. Бауыржан-батыл ойшыл, ойшыл батыр. Оның көпшілік көңілінен шыққан нақыл сөздерінің қаншалықты екенін шамасы ешкім кесіп айта алмас.
Сөзімізді қорыта келе, даңқты қолбасшы, майдангер Бауыржан Момышұлының өмірлік философиясы ұлтының таным-түсінігімен астасып жатқанын айтқымыз келеді. Оның афоризмдері, соғыста жүріп өткен жолы, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде таптырмас құрал болары анық. Батыр Бауыржанның айтқандарынан тәрбиені қай бағытта, қалай жүргізу керек екенін терең сезінесің. Ескере білсе, ол кісінің ой-пікіріні кез келген ата-анаға да, басшыға да,жалпыиадамзат баласына пайдасы көп.
Мақала авторлары:
Жанатаев Данат Жанатаевич, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, ,философия ғылымының кандидаты
Сахиева Жазира Кайратовна, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты
Байжанова Саида Токтасынована, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты
Тұрғылықты жері: Алматы қаласы