«Қаһар» романындағы Кенесары бейнесінің тарихи маңызы

«Қаһар» романындағы Кенесары бейнесінің тарихи маңызы
жеке
блог

«Қаһар» романы – қазақтың тарихынанегізделіп жазылған «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы. Жазушы І.Есенберлин 1836-1847 жылдардағы қазақ даласында болған түрлі тарихи оқиғаларды суреттейді. Романның басты кейіпкері – қазақтың соңғы ханы, бар күшін ел мен жерге сарп еткен атақты Кенесары Қасымұлы.

Романда автор Кенесары бейнесін жан-жақты терең талдап, сол арқылы өзге де кейіпкерлердің мінез-құлқын, кескін-тұрпатын аша білген. Абылай атасының жолын қуып, жан-жаққа шашырап кеткен қазақ руларын бір тудың астына біріктіруді аңсаған, аңсап қана қоймай қара халқының қайғы-қасіретін бір өзі арқалаған сом тұлғалы Кенесарының тарихтан алар орны ерекше.

Біріншіден, Кенесары – Абылай жолын жалғастырушы, хандық билікті аңсаған адам. Оның қара халықтың жағдайын түсіне білетін жүрегі, опасыздарды жазалай алатын қатыгездігі, қаттылығы, дер кезінде шешім қабылдай алатын ақылы бар. Кенесары нағыз хан болу үшін жаратылған адам. Романды оқу барысында оның ұстамдылығына, темірдей ерік-жігеріне, шыдамдылығына, қажыр-қайратына қарап таң қаласың. Кенесары тарыдай шашылған қазақ руларын біріктіріп, Әбілқайыр, Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Серғазы, Уәли ұрпақтарын өзіне бағындыруды көздеп, бұрынғы хандық жүйені қайтарғысы келді. Ол ең алдымен «бас-басына би болған қиқымдардың» басын біріктіргісі келді. Қиын сәтте елді жаудың тұзағынан алып шығар жалғыз жол осы екенін түсінді. Бұл Кенесарының саясаттан хабары брын аңғартады. Артынан ерген қара халықты тек найзаның ұшымен ғана қорғаудың аздық ететінін түсінді. Сол себепті, Орынбоп генерал-губернаторымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысты.

Екіншіден, Кенесары хан – нағыз көшбасшы. Ел басына күн туғанда қолды бастап, көтерілістің басы-қасында өзі жүрді. Мұны оның: «Хандықты басқарудың екі жолы бар. Бірі – соған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу. Екіншісі – соңынан ерген қолдың алдында жүріп, ерлігімен өзіңе тартып алу» деген Кенесарының сөздері дәлелдей алады. Әрине, ел-жұрттың артында тұрып оларды қырғынға айдап салуға, ақыл-айламен, зұлымдықпн тақты өзіне алып алуына болар еді. Бірақ, елде ондай адамдар жетерлік. Сол себепті, ол соңынан ерген қолдың артына емес, алдына шығу керектігін жақсы түсінді. Көшбасшыға керек тағы бір дүние – сенімді серіктері. Ханның жанына Бұқарбай, Басықара, Төлебай, Жанайдар, Ағыбай, Наурызбай сынды тепсе темір үзер жаужүрек батырларды топтастыра білді. Асыл ердің арманы мен ел үміті тоғысқан тұста қарап қалған Кенесары жоқ. Соның дәлелі Ақмола бекінісін алардағы оның айла-тәсілдері, тапқырлығы, қазақ батырларының ерлігі шебер баяндалады. Көп ұзамай Кенесарының сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды. Бұдан кейін Кенесарының ордасына ағыла түскен рулар көбейіп, айналасына топтала бастады. Ал соңынан ерген батырлары Кенесарының жан аямас қаталдығына қарамастан, оны ұлт қаһарманына айналдыруға тырысты. Міне, бұл ел билеу ісіндегі қажетті боп саналатын ең маңызды аспект болып табылады. Хандық пен қолбасшылықты қатар алып жүре алған батыр бабаларының ізін жалғап, Кенесары да енді елін жаудан аман сақтап қалуға білек сыбана кірісті.

Оның үшінші қасиеті – әкелік қырында. Кенесары ел тізгінін ұстап қана қоймай, шаңырақтың тірегі, өнегелі әке де бола білді. Ұрпақ тәрбиелеуде баласының бойына ер жігітке тән қасиеттерді дарытуға, оған бар жақсыны беруге тырысты. Кенесары бейнесі тек ұрыс басталарда ғанаемес оның өмірлік ұстанымдары арқылы да шебер суреттелген. Соның бірі – баласы Сыздықты сынауы. «Өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың», - деп шарт қойған ол ұрпағының жаужүрек боп өсуін тілейтін. Кейіннен Сыздық әке жолын жалғап, Түркістан, Шымкент қалаларын қорғап, Ресей мен Бұхар әмірлігіне қарсы күрескені тарихта мәлім. Оның ерлік істерін Жамбыл, Майлықожа ақындар жырға қосқан. Әке даналығы, қаттылығы, жанашырлығы, болашақты дөп басып көздей алған көрегендігі осы тұста анық ашылады. Сұлтан тұқымын «қасқыр текті» деп жұрт неге айтатынын жат жұрттық Жүсіп, яғни Иосиф Гербурт енді түсінді. «Бұлар қатарларында тек күштілерді ғана сақтайды екен...» деген ойға келді ол.

Елі үшін өмірге келіп, азаттық жолында жанын қиған Кенесарының қазақ әдебиетінен де алар орны ерекше. «Қаһар» романының басты кейіпкерінің өзінің ата жолын қуып, үш жүзді біріктірер жолда көрсеткен ерлігі, көрегендігі мәңгілік ел есінде. Тәуелсіз Ұлы дала ұрпақтары Кенесарымен мақтанады.