Қадыр Мырза Әлидің "Өмірдің өзі қызық-ақ "өлеңіндегі жұмбақтарға шешіміңді ұсынып , көзқарасыңды дәлелдеп жазыңыз.

    Өмір - ол тәжірибеңмен құралған, қателіктеріңмен өлшеніп, қадамыңмен өзгеретін , шешіміңмен бағытталатын қолыңдағы өзіңе артылған міндет . Өмір - ұзақтығымен емес мазмұнымен ,қызығымен емес қиынымен өлшенеді . Бірімізге қиын , бірімізге жұмбақ, бірімізге сабақ болып әр күні өмір кітабымыздың әр беттері сияқты үнемі жазылып, қуанышы пен қайғысы , молшылығы мен таршылығы қатар жүретінін тағы да дәлелдей түседі .

      Ақын "Өмірдің өзі қызық- ақ " өлеңінде жаратылысы жұмбақ әлемнің қыр- сырына үңіліп, шешімін шабыттан іздейді. Әсте адамзат баласы қолы жетпеске қызығып, қолындағы алтынның қадірін білмейтінін, "жүйкеге бола дәрі ішіп, бауырды жүрміз құртып-ап ",-деген жолдардан ойын айқын жеткізген. Иә, мойындау керек "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген қағиданы біле тұра, тән ауырғанша денсаулықтың жағдайын бір ескермейміз-ау.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ,

Жап-жақсы жырды кейде біз түзеумен жүрміз бұзып ап.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ,

Біреуді сынап адам ғып, мақтаумен жүрміз бұзып ап,- деп ақын өмірдің жұмбақ шешімін өзіміз тауып, өзіміз жасыратын күй кешкендей жырлайды. "Артық қылам деп, тыртық қылатынын " кездерімізді еске салады . Адамның негізгі міндеті - күнелту емес, өмір сүру екенін ұмытып кете беретініміз қандай өкінішті…

      Кейде біз жап-жақсы дүниені түзетумен-ақ бастапқы нұсқасынан айырылып, сан соғамыз . Бұл бір Пушкиннің "Алтын балық" ертегісі сияқты қолымызға дүние біткен сайын , қанағаттан бұрын , қалауымыздың мысы басып , соңында адамгершіліктен өзгесі бізге даңқ пен атақты , байлық пен достықты сыйлай алмайтынын кеш түсінеміз. «Аштықпен емдеп ауруды, тоқтықпен жүріп, бұзып алған» қайран амандықты өзімізге өзіміз сыйлаймыз . Өмір егер ащыны бермесе, тәттіні білмей,тәттіні бермесе, ащыны білмей өтеміз.

     Әсте адам баласы жаралағаннан қызық , дүние есігін ашқаннан алысқа асығады. Бала шағымызда мектепке, артынша оқушы шақтан жалығып, студенттік өмірді аңсаймыз, кейін үйленуді , үй болуға талпынамыз . Бұл дүниемен қош айтыспайтындай өмір сүреміз де, бұл әлемді білмегендей, көрмегендей көз жұмамыз . Беліміз жылменен бүгілгенше , жел соққандай қаңбақтай қонарымызды сай біліп , жүре береміз-ау. Әлі жүзеге аспаған, дегенмен мүмкіндігі бар мұратымен өрістеген өмірдің өзі жұмбақ бір , өмірдің өзі қызық қой.



Бөлісу: