Қадіріңді кетірмеші, қазынам...
блог
Қаланың у-шуынан кейде қатты шаршап кетесің. Ауыл жаққа қарай тартып кеткің келіп тұрады-ау))) Сондай сәтте демалысты асыға күтесің. Күні-түні сағат санап, сәт санап жүресің ғой, шіркін. Ақыры ол күнде күліп келеді. Қуаныштан жүзің бал-бұл жайнап, кеше ғана қиналып жүріп әрең тапсырған сессияңды да ұмытып кетесің. "Ауылға кетемін, үйге барамын" дегеннен басқа ештеңе де ойламайсың. Бір сөзбен айтқанда, ұшарға қанатың ғана болмайды.
Міне, мен де дәл осындай сезіммен қысқы демалысқа шығып, ауылға аттанып кеттім. Сағынғанда жол да жеткізбейді екен. Қайта-қайта сағатқа қараумен болдым. Сөйтіп отырғанда көзім ілініп кетіп, жүргізуші үйдің алдына келіп тоқтағанда бір-ақ оятты. Үйге кіре сала анамның мойнына асыла кеттім. Сағынғаннан болар, көзім еріксіз жасқа толды. Әбдеееен мауқымды басып алдым. Еех, өз үйім, өлең төсегіме не жетсін. Көптен бері Тыныш ұйықтаған түнім осы шығар...
Туған жерге тамсанбау мүмкін емес. Бірақ... Бірақ ауыл қатты өзгерген екен. Төрт-түлік мал ұстайтын үй қалмаған. Ертемен тұрып сиыр сауатын келіндердің жұрнағы да жоқ. Тіпті, ауылды бастарына көшіріп ойын қуып жүретін балаларды да көрмейсің. Әрине, еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін телефон ұстаса солай болады да. Себебі Бәрінің үйінде "ғаламтор" деген нәрсе қосулы.
Қатты күйінгенім, көршілердің өзі бірінің үйіне бірі бармайды екен. Мерекенің өзінде әрең жетеді. Осыдан кейін не айтуға болады?! Әйтеуір бәрі бір-бірімен бәсеке. Басқадан асып түсуді ғана ойлап тұратын халыққа айналып бара жатқандай...
Өмірімде бірде бір рет мұндай көрініске тап боламын деп ойламаппын. "Жүре берсең көре бересің" деген осы шығар, сірә. Әйтеуір, қарияларымыздың амандығы түзу болса екен. Бұдан кейін қорқынышым көп болды. "Ауыл" деген атыңды жоғалтпағын. Ең бастысы қадірің кетпегей, туған жер. Мәңгілік алтын бесігім сенсің. Барымды салам сен үшін(Инш Аллах)
ҚАДІРІҢДІ КЕТІРМЕШІ, ҚАЗЫНАМ!