Журналисттің қателескені - халықтың қателескені
блог
Бүгінгі күн мен үшін ерекше күндердің бірі . Себебі, теледидардан көріп, өзіме үлгі етіп жүрген белгілі тележурналист Есболат Айдабосынұлымен кездесу өтті. Кездесу барысында ол кісі кеңестерімен, ойындағы мәселелерімен бөлісе отырып, болашақ журналисттердің назарын өзіне аударды. Өзіме керек кеңестерін қойын дәптеріме түртіп алдым. Сол кеңестермен бөліссем.
1. Архаизм сөздерді қолданысқа енгізу қажет, неологизм сөздер өздері-ақ қолданысқа енетіні сөзсіз.
2. Сөйлемнің мәнін беретін бастауыш пен баяндауыштың дұрыс қолданылуына мән беру керек. Мысалы, «мен келдім, университетке дәріс беруге» деген сияқты басы мен аяғы ұйқаспайтын сөйлемдерден аулақ болған жөн.
3. Қазақилыққа көшу керек. Орысшадан қазақшаға тікелей аудару жағын қатаң бақылау қажет .
4. «Толығырақ тілшіміз баяндайды» деген тіркестегі «толығырақ» сөзі «шала- шарпы» деген мағына білдіреді. Сонда халық сеніп отырған журналист шала-шарпы баяндаса не болмақ?
5. Көптік жалғаудың қажет етпейтін сөздер бар. «Шаштары» ағарып кетіпті» , «аттың «жалдары» деген сөздерге көптік жалғауын қосып қана қоймай, сан есімнен кейін жалғап қоямыз «200дей балаларға жеңілдік жасалған» деп байқапта, байқамайда қателік жібереміз.
6. «Бел шеше кірісті» дейді негізі, адам демалатын кезде беліндегі белбеуін шешеді. Ал, оны біз істі бастап жатқан сәттерде қолданып жүрміз.
7. Екпін қоюды үйрену қажет. Көп журналист екпін қоюда қателеседі. Журналисттің қателескені халықтың қателескенімен пара-пар.
8. Тақырып таңдауда тапқырлық қажет.
9. « Ауызға келгенді айта бермеу керек, Алдыға келгенді жей бермеу керек» деген сөз журналисттерге айтылған.
10. Халық –ол ұйықтап жатқан ит болса, сіздің сюжетіңіз оны оятқан таяқ болу қажет. Сюжет адамды өзіне тартып алып кету үшін жан-жақты қарастырып түсірген жөн. Кейбір журналист ананы-мынаны түсіріп әкеліп, әкімді немесе басқа адамды сөйлете салады. Шынайлық жоқ.
Иә, маған қажетті кеңестерге мән бере отырып, өзімнен де бірнеше қателіктер таптым. 3 курс білімгері болсам да, журналистика саласына тамшыдай еңбегімді қалдыру мақсатында еңбек етіп жүрмін. Бұл кездесу шыныменде сәтті өтті! Қателікті ашып айтып, дұрыс жол көрсететін осындай аға- буын өкілдеріміз көп болғай!