- Апа, аспанда жұлдыздар неге көп?- деді кішкентай балақай.
- Құлыным, жерде қанша адам болса, аспанда да сонша жұлдыз бар.Сондықтан ғой.
- Әне, ана бір жұлдыз төмен қарай ағып бара жатыр ғой. Ол қайда барады?
-Балам, егер өмірден бір адам өтсе, аспаннан да сол адамның жұлдызы ағып түседі дейді. Бірақ бұны ғалым ағаларың басқаша болжайды.
-Апатай, онда анау бір ең үлкен жұлдыз- Сіз. Ал оның қасындағы-Мен. Сонан кейінгі үлкен жұлдыз-Әкем. Анау бір кішкентайы -менің бөпем.
-Иә, ақылдым сол, анау бірге тұрған төрт жұлдыз біздікі болды ғой сонда?
-Жоқ, бесеу деңіз. Кішкентай қыз бұртиып қалды.
-Неге, алтыным? Біз төртеуміз ғой.
- Жоқ, біз бесеуміз, мысығым бар емес пе? Ол да бір жұлдыз алсыншы...
Анасы күліп жіберді.Балапанының маңдайынан сүйіп:
- Жарайды, күнім. Біз-бесеуміз. Сен дұрыс айтасың. Өзі кішкентай болса да, үлкен жүректің иесі ғой, менің алтыным!- деді аялы жанарымен тәтті бөбегіне мейірлене қараған ана.
Иә, аспанда жұлдыздар көп. Өте көп. Соның ішінде менің де, сенің де, бәріміздің де жұлдызымыз бар. Тіпті, кішкентай мысықтың да. Жұлдыздар қараңғылық қонақтаған аспан төрін жарыққа бөлейді. Жердегі тіршілік атаулыға сәулесімен сәлем жолдайды. Жарқырайды, жанады. Бұл әрине алыстан қараған кезде. Ал, оларға жақындаған сайын олардың бір-бір алып аспан денесі екенін байқайсыз. Демек, адамдар да солай. О баста аса қатты танымайтын адамың саған жай ғана қарапайым, көптің бірі болып көрінуі мүмкін, Елеусіз ғана жұлдыз сияқты. Ал онымен танысып, сөйлесе келе оның соншалықты ерекше жан екеніне көз жеткізе бастайсың. Жұлдызы дара туған жан осы болар деп шамалайсыз. Бара-бара ол адамға деген құрметіңіз еселене түсіп, одан да артық атқа балауыңыз да ғажап емес.
P.S: Бәріңіздің де жұлдыздарыңыз жана берсін, жарқырай берсін!
Сол жұлдыздың астындағы барша адамзат аман болсын! Және мысықтар да...