Жаздың екінші айы. Көк майсадағы мөлдіреп тұрған таңғы шық пен денеңді қалтыратар салқын ауа шіліңгір шілдеден бір белгі де байқатпайды. Сыртқа шыға қалсаң, жүзіңе самал жел тиіп, тұла-бойыңды суық алып, ұйқыңды бірдемде ашып аласың. Кешегі түн жаңбырлы болғаннан ба, күндегідей емес, «салқын» дегеннен гөрі, біраз «суықтығы» басым. Таң атар атпастан үй-ішімізбен жолға шығудың қамын жасап жатырмыз. Әкемнің бар ойы күн шыққаннан кейінгі қапырық ыстыққа ілінбей, салқынмен аяңдап біраз жерге жетіп алу. Анам болса жол дорбалар мен ішер азық-түлік дайындап әбігер. Тәтті ұйқыны қимай тұрған інімнің түрі құдді бір кілең екілік алып, сабаққа барудан мезі болған мектеп оқушысындай. Қайта-қайта бетін салқын сумен жуып қояды. Ал, мен бұл сапарды асыға күттім. Әдеттегіден ерте тұрып, ұйқымнның қанбағанына қарамастан, көңілім көтеріңкі. Тезірек жолға шықсақ деген ниетпен, заттарымды жинастырып, буынып-түйініп дайын отырмын. Осылай жүріп, біраз уақыттан соң «бісімілламізді» айтып жолға шықтық.
Жаңбыр себезгілеп тұр. Айналадағы жалт-жұл етіп, жарқыраған түрлі-түсті шырақтар түнгі қаланың көркіне әр бергендей. Шыжыған ыстықта бір-біріне сигналын беріп, иін тіресіп тұратын кептілстің бірі де көрінбейді. Көзге түсетіні – әрбір жерде кетіп бара жатқан бір көлік. Қала орталықтарына бара қалсаң, қызу тіршіліктің ортасына түсіп, у-шу болған саудагерлер мен қарапайым халықты көруші едік. Олардың бірі де жоқ мұнда. Аз уақытқа алыстап бара жатсам да, өзім жүріп үйреніп қалған қала көшелеріне қимай-қимай көз сала бердім. Алла бұйыртса көп өтпей қайтып оралатыным есіме түсіп, сағынышымды артқа тастадым да, көптен бері армандаған сапарымды ойлап, шығысқа қарай бет алдым. Мен қимай бара жатқан бұл мекен – жер жәннаты Жетісудың кіндігінде орналасқан әсем де көркем Талдықорған қаласы еді.
Жетісудың жеті өзеніндей тарам-тарам болған көшелердің біріне түсіп алдық та, сол көшені бойлай шаһардан да шықтық. «Жолдарыңыз болсын» деген жазуды көріп, енді ғана шыққанымыз ойда жоқ, діттеген жерге жетіп алғандай, ішімнен қуанып та қоям. Сүт пісірім уақыт өтпей жатып, әкем қаладан шыға берістегі жолдың жиегіне машинаны тоқтатты да, сыртқа шығуға ыңғайланды. Көліктің алдына барып, капотын ашқан уақытта жаңа ғана ерте қуанып қойғанымды байқадым. Інім тәтті ұйқыда. Анам екеуміз тықыршып, қайта артқа қайтпасақ екен деп отырмыз. Олай дейтінім, бұндай жағдай бұрында бір рет басымыздан өткен. Жалдаған көлікпен жолға шығып, төрт дөңгелекті ол темірдің жағдайы болмай, артқа төрт рет қайтып, ақыр соңында кешкісін арып, шаршап үйге оралғанымыз бар. Содан жүрекке тиіп қалған ғой. Қолымнан бірдеңе келетін адамша әкемнің қасына барып, телефонымның жарығын салып, қалың темір-терсекке қарап қоям. Ішіндегі толған бұрандалардан біреуі бұралған соң жағдайы жақсарып, көлігіміз зырғи жөнелді. Тәубемізді айтып, қайтадан өз жолымызға түстік.
Көзім ілініп кеткен екен. Ата-анамның күбір-күбір дауыстарынан оянып кеттім. Таң бозарып атып, арайланып шыққан күн айналаға нұрын шашып келеді. Жан-жағыма қарасам Қызылағаш ауылына жетіппіз. Ауылдың дәл ортасындағы үлкен жолдан өтіп бара жатып, бірнеше жыл бұрынғы сұрапыл кезең есіме оралды. Бір-ақ түнде қанша адамның өмірін алып, қанша адамды қан қақсатқан сол бір жағдай айтып келген жоқ еді. Алла Тағала қалай берсе, солай алады. Дегенмен, бүгінде қызылды-жасылды шатырмен жабылған әсем үйлерді көріп, ол оқиғаның болғанын байқау мүмкін де емес. Көңілге қаяу салар сол бір елес халық жадында сақталса да, сол оқиғаны еске түсірер – сәбиін алапат тасқыннан қорғап, қаусыра құшақтаған ауыл шетіндегі ана ескерткіші ғана.
Одан кейін «Жер таппан жерде жете Жетісуым
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын»,-деп Ілияс атамыз суреттейтін Жансүгіров мекеніне де жеттік. Табиғаты әсем, жаратқанның жарылқап бере салған бір құт мекені. Қойны-қонышы толған ел, шипалы су, таза ауа, берекесі бойында тұрған құнарлы жер.
Осылайша жол бойы небір қызықты әңгімелер айтылып, әне-міне дегенше түс ауа Үшаралға да жеттік. Осы кішігірім қалада бір күн түнеп, ертеңіне таң ата, Бескөл станциясында билетімізді қолға алып, сапарымызды пойызда жалғастырдық. Теміржол жиегінде күтіп тұрған ығы-жығы адам. Бәрінің мазасы қашып, бір орнында тыншып тұрар емес. Оның арасында біз де бармыз. Денеміздің ашық тұсын барынша жабуға тырысып, қолымыз жеткен жерінен бір-екі сабап ұрып қоямыз. Сырттан қарағанда қыстыгүні автобус аялдамасында дірдек қағып, қос аяғын бір-біріне кезектесе соғып, қолымен денесін ысқылап жылтуға әрекеттенетін жандарға ұқсарымыз анық. Бірақ дәл қазір сол қыстың қақаған аязы да арманға айналғандай. Себебі мына бір кішкентай ғана ызыңдап жүрген жан иесі ешкімге тыным берер емес. Бағанадан бері елдің тынышын қашырып тұрған масамен әбігерленіп тұрғанда күткен пойыз да келіп жетті. Ел жапа-тармағай кірер есікке қарай жүгіріп барады. Әйтеуір бұйырған орныма жайғасып, жетер жерге дейінгі екі-үш сағаттық жол қалғанын көңілге медеу еттім де, терезеден алысқа қарай көз тастадым. Қазақтың кең-байтақ жері. Ілиястың «Жетісу суреттеріндегідей» құлпырған жасыл желек пен бау-бақша самсап тұрмаса да, қуаң тартқан, тақырлау осы даланың өзі маған ыстық. Осынау ұлан-ғайыр даланы ата-бабамыз қасық қаны қалғанша күресіп, келешек ұрпағына мәңгілік мұра етіп қалдырды емес пе? Ал бүгінгі жас ұрпақ батырларымыз бен даналарымыздың сол ерліктерін сөз жүзінде айтқанымен, барша елге жар салып, кеудесін қағып солардың батырлығын мақтан тұтар ма екен? Сол батыр бабаларымыз бүгінгі ұрпағын көрсе қандай сезімде болар еді? Ішімдік пен небір жаман әдетке алданып, арын сатқан қыздары мен көрінген арудың етегін аңдыған қызғұмар ұлдарын, әйел баласына еліктеп, құлағын тесіп, азып бара жатқан жігітсымақтарын көргенде не дер еді? Осы даланы артына мұра еткеніне ашынар ма еді? Сансыз сұрақтар... Сол жастардың ішінде өзім де бармын-ау. Дегенмен осылай азып-тозып бара жатқан заманым мен замандастарымды көргенде менен кейінгі ұрпақ не болады деген ой туады. Бірнеше онжылдықтардан кейін де қазақы қалпымыз бұзылмаса, қазақы салт-санамыз жалғасын таба берсе ғой. Осындай біршама ойлардың жетегімен көзім ұйқыға кетті.
Достық бекеті. Аз уақытта жай адамнан танысқа айналған пойыз ішіндегі жандар бір-бірінің саулығын тілеп, өз жолдарын тауып, кетіп жатыр. Біз де Қазақ-Қытай шекарасына бет алып, түс ауа шығыстағы алпауыт көрішіміздің елінен бірақ шықтық.
Шекарадан өте салысымен мүлдем басқа әлемге түскендей боласың. Жұпыны ғана қазақ ауылдарынан ретті де әсем орналасқан қытай ауылдарына көзің түседі. Ауыл дегенге келмес-ау, біздегіше аудан орталықтары іспетті. Кедір-бұдыр тас жолдан, машинаңды зырғи ағызатын қытай жолдары да таңқалдырмай қоймас. Айта берсең тағы да жетерлік. «Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық болыпты» дегендей, өзіміздің мекенмен салыстырып, айналаға зер сала қарап жүрмін. Бәрі басқаша: өзге орта, өзге мәдениет, өзгеше сәулет. Дегенмен, партиясының құрылғандығына 70 жылдай уақыт болып, дамыған осынау үлкен мемлекет пен енді ғана аяғын басып, ес біліп, етегін жиған 25 жылда әлемге өзін танытып үлгерген менің елімді салыстыруға келмес-ау. Тек қана көршімізден үйренеріміз – еңбекқорлық. Осы бір жиырма күндік саяхатымда өздерін аспан асты елі атайтын осы бір халықтың еңбексүйгіштігі мен төзімділігіне көзім жетті. Біздің елдің қауымына жетіспейтіні сол ғана сияқты. Санамыздағы еркіндігіміз бен еңбекқорлықты ұштастырып қана басқа елдей сәулетті де дәулетті мемлекет бізде де бой көтерері анық. Осы тұста Бейбарыс бабамыздың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақылы есіме оралды. Ел-жұрттан сыртқа шыққанда ғана осы сөздің мәнін ұққандай боласың. Ең басытысы қаншама қызықты да әсем жерлерін тамашалағаныммен, кез-келген жағынан артықшылығы болса да, тәуелсіз Қазақстанды ешқашан басқа елден кейін екінші орынға қою да, салыстыру да мүмкін еместігін түсіндім.