Жоғары сынып оқушыларының эмоционалды жағдайы қандай?
ҰБТ-ға дайындық, ата-ананың үмітін ақтауға ұмытылу, болашаққа сенімсіздік… Бұл дүниелердің оқушыға әсері қандай болмақ?
Әр 11 сынып оқушысы оқу жылы басталғанымен ҰБТ-ға дайындықты бастайды. Мектепте оқып жүріп дайындалып қана қоймай, қосымша сабақтарға да барады және мектеп ішіндегі іс-шараларға да қатысып, өзін жан-жақты дамытып та, үй ішіндегі шаруаларды да істеп үлгерулері керек. Сонымен қоса, ата-ана мен мұғалімдер жағынан көбінесе қолдау емес, қысым көрсетіледі. Сол себепті, өзіне және болашаққа сенімсіздік туындайды. Бұның бәрі бірте-бірте жиналып, бала шаршап, оның эмоционалды күйіп кетуіне алып келеді.
Эмоционалды күйіп кету деген не? Бұл жағдайда адам әлеммен байланысын жоғалтып, өзін қоғамнан алшақтатады. Барлық жағымды эмоциялар күңгірттеніп, орнына агрессия және немқұрайлылық келеді. Адам оқуға, жұмыс істеуге, тіпті өзі жақсы көретін іспен айналысуға деген қызығушылығын жоғалтып, апатияға түсу мүмкіндігі бар.
Оқушылардың эмоционалды күйзеліске ұшыраудың себептеріне тереңірек үңілсек:
ҰБТ, IElTS, SAT, университеттердің бөлек экзамендеріне жаппай дайындық.
Ата-ана және мұғалімдердің қысым көрсетуі.
Мектептегі сабақтар және бақылау жұмыстары (БЖБ, ТЖБ).
Қосымша сабақтар, олимпиадалар, конкурстар, жобалар.
Университет таңдаудағы қиындықтар.
Осының барлығын істеп үлгерімін деп оқушы қиындықтарға душар болады. Бұл мақсаттарын жету жолында түні бойы ұйықтамайды, таңертең өте ерте тұрады, күні бойы үзіліссіз дайындықпен айналысып, тіпті тамақ ішуді де ұмытып кетеді. Бұның бәрі бала денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сонда, тағы бір мәселе туындайды - денсаулықтың әлсіреуі. Осы себептердің барлығынан жоғары сынып оқушылары талығып, күйзеліске ұшырайды.
Көріп отырғандарыңыздай, 10-11 сынып оқушылары тым қатты күйзелістерге ұшырап жатады. Сондықтан, бұл мәселе өздігінен өтпейді және барынша назарды қажет етеді. Ата-ана, мұғалімдер, оқушы өзі де қысымды азайтып, өз денсаулығына көбірек көңіл бөлуі қажет, үлкендер жағынан да қолдау және қамқорлық көрсетілуі керек. Егер осы дүниелер сақталатын болса оқушының эмоционалды күйіп кетуге ұшырамауына бірден-бір әсерін тигізеді.