Жігіттер "қасқыр мінез" танытып жүр ме?
блог
Бірде сабақ үстінде оқытушымыз шағын оқиғаны баян етті. «Жасы егде тартқан кісі енді ержетіп келе жатқан бір азаматқа: «-Сен өзіңді қандай жануарға теңер едің?» деген сауал қойса, әлгі жігіт ойланбастан: «-Қасқырға» деп батыл жауап қайырыпты. «Неге аң патшасы арыстан емес немесе жыртқыш жолбарысты таңдамадың?» деп таң қалады ұстаз. Сонда бала: «Байқап қарасаңыз цирк өнерінен айбарлы арыстанды да, ақырған аюды да, жалпы барлық аң атаулыны табасыз. Олар адамның дегеніне көніп, өздерінің табиғат берген тағы мінездерін жоғалтады.Тек ол жерден азулы бөріні кезіктіре алмайсыз. Себебі ол қай кезеңде болмасын қасқырға тән қасиетінен айныған емес. Ер жігітте сол секілді, әрқашан намысын биік қойып, қандай жағдайда да ер адам екенін есінен шығармайды» депті.
Осы оқиғаны естіп, «қоғамдағы қазақ жігіттерін қандай аңға теңесе болады?» деген ойға қалдым. Шынында, «Алаштың ұлдары» өз аттарына лайық па? Көңілге күдік ұялататыны сол, бір-бірімен жиылып алып, әңгіме-дүкен құру, көп күліп, аз ойлау, қиын жағдайда жігері жасып, жылап жіберу, «Анандидің» сериясын түгендеп, айналасына мән берместен «айфонға» үңіліп, соның барын мақтаныш ету бүгінгі ер-азаматтарға тән қасиет болып бара жатқандай. Көпке топырақ шашуға болмас, аға ұрпақтың ісін жалғап, тектілігін сақтаған қазақ жігіттері де баршылық. Алайда, қоғамның беткі бейнесінде кешегі батыр бабалардың ұрпағы емес, шетелдің шым-шытырық дүниесіне еліктейтін ерлер тұрғаны өкінішті. Сән қуалап, сезімге тез берілетін немесе ойсыздыққа батып, семіздікте күй кешетін, сөзі бітімсіз, өзі намыссыз, елдің қамы түгіл, өз ертеңін болжап біле алмайтын қазақтың «қайсар» ұлдарынан көңіл суынары хақ. Өткен жолы өңірімізге белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбек келді. Ол кісі бір сөзінде: «Менің мейрамхана атаулыға барғым келмейді. Неге десеңіз, иығы төмен салбырап, еңсесін мұң басып даяшы боп жүрген жігіттерді көруге дәтім жетпейді. Олар сол жерде жүруге лайық па?»деген еді. Расында, біреулері ата-анасына сеніп қол қимылдатуға ерінсе, келесі біреулері «тағдырға не жаздым?» деп бейбіт күнде қаралы күй кешуде. Көпшілігінің еңсесін тіктеп, намысын жанып, «ер-азаматпын» деп алға ұмтылуға жетелер күші болмағаны қазақ қоғамына ауыр соққы. «Заманы басқаның адамы басқа» екен деп, жігіттер қыздардың сызыла күліп, майыса жүргенін қайталаса, намысын ұмытып, өзімшілдікпен күн көрсе ұлттың ендігі күйі қандай болмақ? Осыдан кейін сіз қазақ жігіттерін қай жыртқышқа теңей аласыз?