Жетістікке жетуіңе кедергі болатын 4 нәрсе

Жетістікке жетуіңе кедергі болатын 4 нәрсе
жеке
блог

Демотивация – сыртқы факторлар әсерінен адам белсенділігінің күрт төмендеуі, бейсаналы түрде көзқарастары мен құндылықтарының, мақсаттар жүйесінің өзгеруі. Жалпақ тілмен айтқанда - мотивация сөзіне қарама-қарсы ұғым.

Сіз мотивацияңызды жоғалтып алдыңыз, себебі: 

Біріншіден, сіз бар назарыңызды, фокусыңызды өзіңізден басқа нәрселерге бағыттайсыз. Сіздің денсаулығыз, өміріңіз, қоршаған ортаңыз, әл-ауқатыңыз, отбасыңыз, болашағыңыз, тағы сол сияқты маңыздылығы жоғары құндылықтар бірінші орында тұрған жоқ. Мәселен, жастар арасында виртуалды әлем, әсіресе инстаграм, тикток, фейсбук, т.б. әлеуметтік желілер кең тараған. Инстаграмды нағыз демотивацияның ошағы деуге болады. Бай-бақуатты өмір сүріп жүрген адамдарға қарап, өзіңді еріксіз солармен салыстыра бастайсың. «Жоқ, инстаграм керісінше мені шабыттандырады» деуің мүмкін алғашқы уақытта. Бірақ, уақыт өтіп, жауапкершілікті сезіне бастаған сайын сенің оған деген көзқарасың өзгереді. Әл-ауқатыңның, тұрмыс-тіршілігіңнің бір орында тұрып қалуы, ешқандай дамудың болмауы өзіңе деген сенімсіздікке алып келеді.

Екіншіден, өткенге көп жалтақтап, өзіңізді жіберген қателіктеріңіз үшін кешіре алмау сөзсіз артқа тартады. «Менің бір жетістікке жетуіме енді кеш» деген жабысқақ ойлармен өз миыңызды улайсыз. Ал, шын мәнінде сіздің бір істі бастауға талантыңыз да, ресурсыңыз да жеткілікті. Сіздің бір орында тұрып қалуыңыздың себебі өткеннің жүгін арқалауыңызда. Қателіктерді барлық адам жасайды. Бастысы - одан сабақ алу, келешекте қайталамау.

Үшіншіден, өзіңді өзгертуге тырыспау. Мидағы шаблонның ішіне кіріп алып, үнемі сыртқы факторды кінәлап, жауапкершілікті өз мойнына ала алмау көп адамдарда бар. Өмірдің тағы бір иллюзиясы: біз көп нәрсені қалаймыз, бірақ оған жету үшін ешнәрсе жасамаймыз. Бұл – классика. Біз бірден миллионер болғымыз келеді, бірден карьера құрғымыз келеді. Ал шын мәнінде қол қусырып қарап отырғаннан басқа ешнәрсе бітірмейміз.

Төртіншіден, егер демотивацияда жүрген болсаңыз сізді қоршаған адамдарға көбірек назар аударыңыз. Адам баласы белгілі бір ортаның мүшесі болуға ұмтылады, қоғамнан жырақтағысы келмейді. Сіздің ортаңыз сіздің дамуыңызға, рухани баюыңызға септігін тигізе ме? Дұрыс жолда жүрсіз бе? Осы сұрақтарға жауап беру арқылы мәселенің шешімін табуға болады.

Тағы бір мәрте өміріңіздің өз қолыңызда екенін еске саламын, оқырман. Мүмкіндіктерге, жаңа есіктерге ашық, барлық қиындықтарға төтеп бере алатын төзімді, батыл қадамдар жасай алатын, тәуекелден қорықпайтын жандар ғана жетістікке жетеді. Сен де сондай адамсың!

Сурет: eduvkpk.edu.kz