Не себептен ерекше дарыны, жоғары білімі, кемеңгерлігі жоқ кейбір адамдар толағай табыстарға жетіп жатады? Жуырда мені бұл сұрақ біраз толғандырып еді. Сол себептен, бұл мәселенің төңірегінде біраз ой қозғағым келіп тұр. Менің ойымша, қарапайым адамдардың көбін жетістікке жеткізген ең маңызды қасиет табандылық.
Жетістік жолында табандылықты ештеңе де алмастыра алмайды. Дарын? Дарынды жалқаулар айналамызда толып жүр. Данышпандық? Танылмаған данышпан деген сөз тіркесі халық арасында жиі қолданылатын тұрақты тіркеске айналып кеткен. Жоғарғы білім? Қазіргі заманда "қызыл дипломы" бар оқымыстылар әр елде толып жүр. Сол себептен табандылықтың не екеніне көз жүгіртіп көрейік.
Табандылық мінезі адамды кез-келген жағдайға қарамастан алға жылжуға итермелеп отырады. Кейде біз бір мәселені шешу барысында шешімді таба алмай безек қағамыз. Осындай жағдайда табандылықтың маңызы зор. Табандылықтың арқасында адамдар шешімнің жұмыс барысында келетінін, жаңа мүмкіншіліктердің алда бар екенін білетіндектен алға қадам басып жатады.
Табандылық адамның көзінде үміт отын жандырып, адамның денесін энергияға толтырып, кризисті жағдайдан шығуына көмек көрсетеді. Бұл мінездің түрі адамды кедейліктен тоқшылыққа, аурудан саулыққа, қорқыныштан батылдыққа, және ең маңыздысы бақытсыздықтан бақытқа жеткізеді. Сондықтан, шешім қабылдағаннан кейін істі соңына дейін жеткізетін табанды адамдар көздеген мақсаттарына ақыр соңында жетіп жатады.
Табандылық мінезін кез келген адам сансыз қайталаулар арқылы дамыта алады. Табандылықтың мысалын спорт, ғылым, музыка, бизнес секілді салалардан байқауға болады. Осы ретте футболда өз басым ерекше бағалайтын ойыншы Португалдық Криштиану Роналдоның табандылығы жайлы айтқым келіп тұр. Криштиану Роналдоның футболдағы шеберлігі құдай берген дарынға емес, сансыз жаттығулар мен қажымас қайратқа негізделген. Португалдық супержұлдыз денесінің шымырлығымен, жойқын соққысымен, алдау әдістерін мінсіз түрде меңгергенімен ерекшеленеді. Жастайынан жүдеу, жаны нәзік, футболға аса икемі жоқ Криштиану жаттығулар нәтижесінде бұлшық етін жетілдіріп, жүгіру жылдамдығын арттырып, техникасын жетілдірді. Футболшы өзі берген сұхбатында "Алаңда көрсетіп жүрген шеберлік әдістерімді жаттығуларда талай рет қайталаймын" деп айтқан. Тынымсыз еңбегінің арқасында 3 мәрте Алтын Доп жүлдесінің иегері болып, әлемдік деңгейде алуан түрлі жарыстардың жеңімпазы болды. Табандылығының және жаттығуларды сансыз рет қайталау нәтижесінде барша футбол сүйер қауым аты аңызға айналған Криштиануның керемет өнеріне тәнті болып жүр.
Адамның өмірі тынымсыз күрес, ал оның қарсыласы қиындықтар, жаман әдеттер және адамның өзі. Қандай да затқа қарсы күрес жүргізіп жатсаңыздар, әрқашан да табанды болыңыздар. Себебі, табандылық танытқан адам жеңісінің қандай қиындықпен келгенін және еңбегінің жемісін толық түрде түсіне алады.