Жеңгемнің даналығы немесе ат тергеу дәстүрі хақында...

Студент шағым. Барша студент қауымының әдеті бойынша, демалыс күндері қарынның қамы, көңілдің жайы үшін туған-туыс, ағайындарды аралап, зиярат етіп қайтатынмын...

Сондай күндердің бірінде жолым түсіп, Алматыдағы туысқан әжеміздің үйіне қонаққа бардым. Әжеміз мінезі жайлы, қолы ашық, қонақжай кісі, демалыс күндері осы әжеміздің үйі студенті бар, қызметкері бар туған-туыс, ағайындарға толы болатын...

Сол әжеміздің менен 2-3 жас үлкен үйлі-баранды немересі, яғни менің ағам бар. Ол кісі отбасымен намаз оқитын жандар, жеңгем де биязы, аңқылдаған ақ көңіл кісі. Айтпағым осы кісі жайында еді...

Сондай кештердің бірінде үйде ағамыз жоқ әжем, жеңгем және мен үшеуміз қалдық. Әжеміз бітпейтін түрік, кәрістің сериалдарының бірін көріп отыр. Ал жеңгем болса, кешкі астың қамымен ас үйде жүрген. Бір уақытта:

-  Бәкесі, қайнымсың ғой... Бір жерге жұмсайыншы, – демесі бар ма, мен де іле-шала: - Иә, жеңеше айта қойыңыз... – дедім, жеңгем әуелі әжемізге қарап: - Апа, ұлыңызды дүкенге жұмсайын, иә? – деп рұқсат сұрап алды. Әжеміз көгілдір экраннан назарын бір сәтке бізге аударып: - Иә, қалқам барып жеңгеңнің айтқан затын алып келе ғой, - деді әжеміз. Мен де кітабымды қоя салып: - Иә, жеңгей не бұйырасыз? – деп арсалаңдап жетіп бардым. Жеңгем: - Қайным, дүкеннен барып «Әке» немесе «Папа» деген макароннан 2 пакет алып келе ғойшы, - деп қолыма ақша ұстата берді.

Ақшаны алып, өзім атын естіп көрмеген макаронды іздеп жөнеле бердім. Жолай ең жақын орналасқан бірінші дүкенге бас сұғып, «Әке» немесе «Папа» макаронын сұрап едім, жоқ болып шықты. Екінші дүкенге барып едім, ол жақтанда «жоқ» деген жауап алдым. Үшінші дүкенге бара жатқанда:

-  Дәу де болса, осы жеңгем қайнысын алдап соққан болар... Әйтпесе екі дүкеннен табылмайтын қандай макарон? – деп ойлап қоямын: - Жоқ, жеңгемнің мені алдауы немесе ойнауы мүмкін емес, бұл жерде мен білмейтін бір сыр бар... – деп соңғы дүкенге кіріп шығуды ойлап келе жатыр едім. Кенет ойыма менің ағамның, ал жеңгемнің қайын атасының есімі – Сұлтан екендігі есіме түсе қалмасы бар ма?!

-  Қап, жеңгемнің қайын атасының атын тікелей айта алмай, әдеппен ат тергегенін түсіне алмаған ақымақ басым-ай... Істемеген бас екі аяққа тыным бермес, - деп өз-өзіме нали, алғашқы кезіккен дүкеннен «Сұлтан» макаронын алып қайттым.

Үйге келіп, жеңгемнің шынмен ат тергегенін білу үшін, әдейі макаронды пакеттен шығарып: - Жеңгей қалаған, сұрағаныңыз осы болар... – деп сұрақ қойдым, жеңгем де іле-шала: - Дәл өзі, қайным Алла разы болсын! Өркенің өссін! – демесі бар ма, сол кезде іштей жеңгеме риза болып кеттім, неге дейсіздер ғой?!

Айтайын, қазір қайын атасының атын тергемек түгілі: - Қу қақбас! Өзінен қашан құтылар екенбіз? – деп, өзіне өмір тілемей, біреуге өлім тілеп жүрген келіндерді талай көрген едім. Мына жәйт әлі де болса, Айша, Фатима, Домалақ аналардай иманды, инабатты, ибалы келіндеріміздің бар екендігін көрсетіп кетті...

Содан қойшы, «Папа» макаронымен жасалған жеңгеміздің кешкі асы пісіп әжем, аға-жеңгем, мен төртеуміз мәре-сәре болып іштік. Сол күнгі макаронның дәмі есімде қалмаса да, жеңгемнің әдебі, ибасы менің болашақ жарыма айта жүрерлік, мәңгілік сабақ болып сақталары хақ! 



Бөлісу: