Желіктірген желілер

       Ғаламтор, әлеуметтік желі, мобильдік инернет, тағысын тағы осы сынды ұғымдар бүгінгі заманғы әр адамның айырылмас бөлшегіне айналған. Тіпті, онсыз өмірін елестете алмайтын дәрежеге жеткен адамзаттың бұл тапқырлығы кімге пайда, кімге зиян?! Жас пен жасамыстың қажеттілігіне айналып үлгерген әлеуметтік желілер қазіргі қоғамның басты ауыруына айналғалы қашан.

      Әріге бармай-ақ, өзімді мысал ретінде алып, қарастырып көруді жөн санадым. 100% интернетке тәуелді болып, күндіз-түні бас алмай отырамын деп айта алмаймын. Дегенмен, 50-60%- ға жетіп те қалған сияқтымын. Себебі, ұялы телефоныма бірлік салмай, ешқандай интернетсіз толық 1 күн шыдай алмадым. Бірлігім таусылып, мегабайттарым құрып бара жатса да, үйдегі басқа ұялы телефондардың көмегімен, модеммен болсын Wi-Fi қосып, жаным тыныш табатындай. Таңертең ерте тұрысымен, алдымен Instagram желісіне бас сұғамын. Мен ұйықтағаннан кейінгі қызықтың бәрі сонда. Түнімен инстадостарымның салған видео, фотоларын тамашалап, ұнаса да, ұнамаса да көңіл үшін лайк басып, бір міндеттен құтыламын.

Келесі кезек тәуліктің 24 сағаты тыным таппай жататын WhatsApp мессенджері. Мұнда өзімнен кейінгі  іні-қарындастарымнан бастап, ата-анам, туыс-туғаным, жасы егде ұстаздарыма дейін отырады. Түн баласы ұйқы көрмейтін группаластарым мен ұйықыға кеткеннен кейін де бұл желінің қойны-қоншын әңгімемен толтырып қояды. Оны тексеріп, оқымасаң айналаңдағы оқиғалардың бәрінен құр қалғандай боласың. Одан кейін рет-ретімен күтіп тұратын Вконтакте, Wechat желілері.  Осыларға бір көз жүгіртіп болған соң сабаққа дайындалып, шығуға ыңғайланамын. Автобуста да бос отырмай, жол жөнекей музыка тыңдап, Facebook-тың атышулы жаңалықтарынан университетке жеткенше біраз «білім» алып, ой толықтырып барамын.

Жалғыз мен ғана осындаймын ба, жоқ әлде айналамдағылардың бәрі осы күйді кешуде ме? Интернетсіз бір күн өткізіп көрмекке бел будым. Оның өзі ұялы телефонымның зарядтаушы құрылғысын жоғалтып алып, соңғы 25% қуат көзі қалғандағы амалсыздан шығарылған шешім еді. Күнде қолдан түспей, алтыннан ардақты болып жүрген айфонымның қадірі бірдемде кетті. Интернет болмағаннан кейін де оны шұқылағаннан пайда болмай, ішінен ашып көрер суреттен басқа қызықты ештеңе таппадым. Әдетте әлеуметтік желілерді айналып-толғанып, қызығына қанбай отыратын шағымда үйдің шаруалары да, сабақтан кейінгі үй тапсырмаларым да күндегіден ертерек бітті.

Телефонымның бетін әрі-бері сырғытып, қызыға тырсылдатып отырғанда таусыла қалатын қуаты да әдеттегіден әлдеқайда көп уақытқа жетіп, "ерлік көрсетіп" жатыр. Толық жарты сағатқа жете ме, жетпей ме деп күткен 25%-дық төбедегі жасыл белгі әлі сол қалпында сақталған. Сол сақталғаннан мол сақталып, ертесі таңға дейін де шыдап бақты. Осыдан түйген ой, бес күндік аз ғана ғұмырымыз, алтын уақытымыз "ақпарат дәуірі, онсыз болмайды" деп өзіміз ақтап алатын сансыз желілердің шырмауында білінбей-ақ зырғып өтіп жатыр екен. Сондықтан әлеуметтік желінің пайдасын керегімізге орнымен жаратып, пайдасызын ысырып тастасақ, виртуалды емес, шынайы өмірімізді сонда ғана қызықты, мәнді өткізетімізде күмән жоқ. 

 



Бөлісу: