«Өткенді білмей, болашақты болжау қиын», - деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Өткен тарихымызды білмей, халқымыздың қиын қыстау, аумалы-төкпелі замандарда, ел мүддесі үшін жан қиярлықтай еңбек еткен, тау тұлғалы арыстар мен алыптардың өмір жолындағы күрестерін толық зерттемей өркениетті ел қатарына қосылу мүмкін емес шығар. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жетпіс жылдан астам уақыт бойы жасырып, елдің санасынан өшіруге тырысып келген біраз «Тарих ақтаңдақтары» зерттелуде. Соның бір дәлелі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын актау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу мақсатында мемлекеттік комиссия құруы. Бұған дейінде Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі № 2200 Заңы, Қазақстан Республикасының 1997.06.19 № 134-I Заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енген заңдар аясында біраз шаруалар атқарылды. Десек-те, әлі күнге дейін қаншама белгісіз, толық зерттелмеген «жабулы қазан жабулы» күйінде болып, жасырып келген «Тарих ақтаңдақтары» қаншама...
Сондай бір заман зұлматының бірі – репрессия, халқымыздың бетке ұстар ұлт қаймағы мен ардақтысынан айырды. Сол бір зұлмат жылдары істі болып сотталып, өлім жазасына да кесіліп кеткендері де қаншама. Қиын-қыстау уақытта қазақтың басына үйірілген қара бұлт біраз отбасын зарлатып кетті. Түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандарын жүргізу барысында, сол кездегі жүйенің жазалаушы акциялары мен биліктің саяси қуғын-сүргіндері нәтижесінде, ашаршылық кесірінен де туған, жерінен кетуге мәжбүр болған қазақтар қаншама. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында қаншама тау тұлғалы көсемдер, ұлт зиялылары болды. Мәселен Т. Рысқұлов, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, Б. Майлин сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялыларын тізімдей берсек көптеген арыстарымыздан сол жылдары айырылып қалдық.
Әрине, әркімнің тағдыры әр түрлі, әр заманның өзіне тән қайғы қасіреттері, «Өмір салты» да болуы әбден мүмкін. Біреулер қара басының қамымен әуре болса, біреулер халқы үшін бар салмақты, жауапкершілікті мойнымен көтеру үшін өмір сүреді.
Осындай халқының болашағы үшін аянбай тер төгіп, еңбең еткен менің атам - Мәлікаждар Құлмұханбетовте жазықсыз сотталған, саяси қуғын-сүргiн құрбаны болып, өмірінің он төрт жылын Сібірге айдалып, «Халық жауы» атанған. «Өмір салты» - әрине бұл ұғымға да сан түрлі пікірлер мен түсініктер болуы әбден мүмкін. Әркімнің көз қарасы, дүние танымы әр қилы, сан саналы демекші мен атамның сол «Өмір салты» тақырыбына жазған өлеңінен қысқаша үзінді келтіре кетсем...
Салты ғой дүниенің туу, өлу,
Тірі адам алуан түрлі істі көру.
Тұрмыста біреу жарлы, біреу бай боп,
Ақыл, сезім жағы да түрлі болу.
Кейбіреуге тұрақты мінез болып,
Сөйлеген сөз ісіне халқы сену.
Кейбіреу адал кәсіп еңбек етпей,
Қайдағы жамандықтың соңына еру.
Тұрмастан бір қалыпта жалған дүние,
Бір күн шаттық, бір күн қайғы беру.
Қызықты жарқыраған жарық күнге,
Қапыда қара бұлт келіп төну.
Ажырап бастан бақыт кетер күні,
Қайдағы бір болмаған іске көну.
Өз міндетін орындап жүргенінде,
Ойламаған қиындық басқа келу.
Қызықты өмір, бастағы көрген түс боп,
Сүйікті бала-шаға елден бөлу.
Саналып елден ерек бір сүйкімсіз
Дос-жардың алыс жақын бәрі жеру.
Ойласаң соның бәрі өмір салты,
Болмайтын бір қалыпта өмір шарты.
Ежелден туған өлмек, жас қартаймақ,
Алды үміт, өкініш қой өмір арты.
Өлшеулі өмір бітіп мезгіл жетсе,
Ажалға мойынсынар жас пен қарты.
Жалғыз болсын, жас болсын, кім болсада
Ажалға керек емес шама-шарқы.
Тіршілікте әр түрлі болғанымен,
Ажал жетсе бәрінің бірдей нарқы.
Мезгіл жетсе бір сағат тоқтатпайды,
Өтініп сұрағанмен оны халқы...
Атам – Мәлікаждар Құлмұханбетұлы, 1900 жылы наурыз айында, Алматы облысы, Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданында, Желді қора деген жерде дүниге келген екен. Бұл қазіргі Шалкөде (бұрынғы Елтай) колхозына қарасты, Құрыкөксайдың бір саласы. Желді қора аталуы үнемі жел есіп тұрады.
Әкесі – Бейсебаев Құлмұханбет ескіше оқып, хат таныған, көзі ашық азамат болған. Баласын 1910 жылы Жаркенттегі мектеп интернатқа оқуға береді. Бұл мектепті бітіргеннен кейін біраз жыл ауылда әр түрлі жұмыстар атқарады.
1923 жылы Қарқарада ашылған мұғалімдерді қайта даярлау курсында болып, «Бастауыш сынып мұғалімі» деген құжат алады. Сол жылы Жаркент уездік білім басқармасының бұйрығымен, Біркетмен болысының Қожбанбет мектебіне мұғалім болып тағайындалады да, 1942 жылы «Халық жауы» атанып сотталғанға дейін ауданның әр жерлерінде ұстаздық қызмет атқарады.
Ісіне көпшіліктің араластым,
Құруға әділ қоғам қадам бастым.
Артылып сол кездегі қатарымнан,
Көрместен тапшылығын мал мен бастың.
Оқыттым тәрбиелеп жас буынды,
Өткіздім осылайша көп жылымды.
Өмірімнің ішіндегі ең бағалы,
Жылдар деп бағалаймын сол күнімді.
Жастарды тәрбиелеп, бердім білім,
Оқытып ауылдастың қыз бен ұлын.
Мектепте бала оқыту қандай қызық,
Көзіме елестейді сол бір күнім...
Әкем, Құлмұханбетов Жүнісханның «Өмір» атты естелігінде: «1937 жылы басталған сталиндік зобалаң біздің ауылды да шарпып өтті. Бұл жыл біз үшін апатты да, азапты жыл болды. Өтірік жала жабылған мыңдаған жазықсыз жандар түрмеге қамалып, сотсыз, тергеусіз атылып, Сібірге айдалып жатты. Бұл індеттен зардап шекпеген адамдар қалмады.
Сол жылдары біздің кішкентай ауылдан 58 адам «Халық жауы» аталып, Сібірге айдалды. 58 адамнан елге ұзақ жыл айдауда болып, азып-тозған, денсаулығынан айырылған 12 адам ғана оралды. Олар да лагерьде жүріп көрген азаптың әсерінен 2-3 жылда өліп тынды. Осылардың бірі менің әкем, алғашқы ұстаз Мәлікаждар Құлмұханбетов еді. Ойында ештеңе жоқ, бала оқытып жүрген ұстазды бір түнде алып кетті. Сонда әкем үйдің үлкені Сәбиле әкпемізге: «Шырағым Сәбіш балалар жас, ақ-қараны таныған жоқ. Кейін өсе келе, әкеміз кім болды екен, неге ұсталды?» - деп, мен туралы күдіктеніп, жаман ойлап жүрмесін. Ақ, нақақ кетіп барамын. Ешкімге де, үкіметке де жаман ойым, қиянатым жоқ. Өскенде бауырларыңа осыны ұқтыр, деп табыстады. Қашан ұзап кеткенше айтқаны өзінің ақтығы, адалдығы болды. Кейін өзінің айтуы бойынша, қанша қинау көрсе де мойындамаған. Сөйтіп, аяулы әкеміз репрессияның құрбаны болып кете барды. Содан 4 жыл хабарсыз кетті. 4 жылдан кейін Сібірге алып келді. Әрқайсымызға 10 тоқаштан берді деген тілдей хат келді. 10 жылға кесілген цензурадан жасырып, «он тоқаш берді деп» жазыпты. Біз 10 жылға сотталғанын содан білдік. Ауылда жылай сықтай жетпістегі қарт шешесі, 7 шеттей баласы, аурушаң, аяғы ауыр әйелі қалды. Алыста, айдауда азап пен тозақтың ортасында жүрсе де, балаларына, ел-жұртына хат арқылы ақыл кеңесін айтып, балаларына деген сағынышын өлең сөзбен жеткізіп тұрды. Сол ауыр жылдардың азабынан, ашаршылығынан аман қалып, елге балаларына қосылуына өзінің ұстамдылығы, жолдас серіктеріне адалдығы, мейірімділігі себеп болған. 10 жыл мерзімі біткен соң, тағы 4 жылға жер аударады. Сөйтіп өмірінің 14 жылын қамауда, айдауда өткізіп, 1956 жылы елге келді.
Екі жыл сүйікті ұстаздық ісін жалғастырды. Бірақ елге қайтіп келгеннен кейін де, бақытты өмір сүре алмады. Айдауда азып-тозып, аш-жалаңаш жүрген жылдар өз ізін қалдырыпты, айықпас ауруға душар болды. Ол жылдары Азат атты інім әскерде еді, мынау соған жазған хаты:
Азатқа
Ауыру азаптап тұр қинап мені,
Арытып, әлсіретіп бар денені.
Нарынқол, Алматыға барсамдағы,
Қонбай тұр әзірге ешбір емі.
Емші, бақсы дәрілеп қарасада,
Болмай тұр оның дағы ешбір себі.
Ас батпайды, ұйқы да жоқтың қасы,
Ауырған жеті-сегіз айдан бері.
Асқазан шаншып, тырнап ауырады,
Ту сыртым, кеуденің әр бір жері.
Арықтап, қуат кетіп денедегі,
Қатып қалған бірігіп сүйек, тері.
Ауырып асқазаным қысылғанда,
Еске алам уайымдап әлде нені.
Сағынып 16 жыл жүргенімде,
Шынымен көрмеймін бе Азат сені.
Екі күн ұдаймен кетті құсық,
Қан аралас әр түрлі заттар түсіп.
Көз қарауытып, ес ауып бірнеше рет,
Кетті ғой балалардың зәресі ұшып.
Мен қиналып құсықпен жатқанымда,
Кеп қапты ауыл-аймақ жүгірісіп.
Аға-іні, келін-жеңге, туысқандар,
Кеп жатыр халі-жайы қалай десіп...
P.S. Алып жүрек кенеттен тоқтап қалды,
Арсыз ажал көп қинап жанын алды.
Әкенің ақ тілеуі орындалып,
Азаты үлгеріп кеп топырақ салды.
1958 жылы аяулы ұстаз, мейірімді әке қайтыс болды. Өлерінен бір жыл бұрын ақталғаны туралы қағаз алды. Онда былай жазылған:
Справка
Дело по обвинению Кульмуханбетова Маликаждара 1900 года рождения, до ареста (21 октября 1942 года) работавшего учителем неполной средней школы в колхозе им. К. Маркса, Нарынкольского района, Алма-Атинской области, пересмотрено военным трибуналом округа 23 декабря 1957 года. Постановление от 5 июня 1943 года отменено и дело прекращено. Кульмуханбетов Маликаждар реабилитирован.
ВРИО председателя военного трибунала Туркво полковник юстиции Лысенко.
Міне, 14 жыл бойы көрген азаппен төгілген көзжастың төлемі осы болды»...
Еліне, жеріне аяусыз еңбек етіп, көркейтіп, дамуына өз үлесін қосатын осындай қаншама арыстарымыз, зиялыларымыз жазықсыздан жазықсыз жапа шекті.
«Әрбір істің жаны - оның бітірілуінде», - демекші алда айтып өткен құрылып, жұмыс жасап жатқан комиссиялар болсын, басқа да зерттеушілер болсын, әлі толықтай ақталмай, зертелмей жатқан дүниелер жарық көрсе. Архивтерде құпия болып келген істер мен қорлар ашық болып әр зерттеушінің қолы жетсе. Бірақ, архивтердегі істерге де толық сенім артуға болмас, себебі сол кезеңде басым көпшілігін қолдан жасау; нақтылы, шынайы мәліметті жалған, өтірікпен алмастыру, ойдан құрастыру кең белең алған.
Барма еді осындайлық нақақ жаза,
Тартатын таусылмайтын қайғы-наза.
Құдай-ау неден болдым бұлай сорлы,
Қылмыстан емес пе едім мүлде таза.
Басымнан өмір бойы арылмайтын,
Туысқан жапсырды ғой нақақ жала.
Көре алмай жақсы жұмыс, тұрмысымды,
Жаламен ақ ісімді етті қара.
Ойласам нақақ бүйтіп күйгеніме,
Басымды көтертпейді қайғы жапа.
Өмірім қорлықпенен өте ме деп,
Кетеді іші-сыртым оттай жана.
Көрермін олай болмас балаларды,
Сағынған іні менен ағаларды.
Ақиқат болар ісім тексеріліп,
Үкімет ақ, қараны сараларды...
Мысал ретінде менің атама жасалған фальсификацияланған іс дәлел және мұндай оқиғалар қаншама.
Десекте, біраз «тарих ақтаңдақтарының» беті ашылып, кітаптар мен тарихи еңбектер жарық көрсе, болашақ ұрпақтың да көзқарасы мен ой өрісіне қосатын үлкен үлеспен қатар бабалар алдындағы парыздарымыз орындалған болар еді.
Зұлмат жылдардағы жазалау жүйесінің кесірінен халқымыздың саны да қатты азайып кетті. Осының бәрі сол кездегі саяси репрессияның әсері.
ҚР ОМА қызметкері:Кұлмұханбет
Заңғар Жүнісханұлы