Жүгіріп келемін. Осы бір асып-сасқан түрімді таныстарым көріп қалмаса екен деп ойлап та қоямын. Бірде жәй жүріп, бірде жүгіріп жақындап та қалдым. «Қазақ солдатындағы» Қайрош секілді қашып келе жатқам жоқ, жете алмай келем. Жатақханаға. Сағат кешкі 9-ға бір минут қалды. Ал мен театрдан шыққан күйі тоқтағам жоқ. Такси тоқтата қояйын дейтіндей емес, тақалып-ақ тұр. Хабарласа қояйын десем қалтафонның қуаты бағана соңғы рет бір жарқ етіп сөніп қалған. «Елдің бәрі мен сияқты үйі жабылып қалатындай асығыс па, киім алатын кезде бірін-бірі кимелеп, апыр-топыр боп сонша жанталасқаны несі? Он минут бұрын сахнадағы қойылымның қызығына арбалып, әсерленіп отырған, мәдениетті көрермен қазір басқа жұрт сияқты..» Иә, біздің жатақхана қыста 9-да жабылатын...
Әйткенмен жеттім.Студент біткеннің қасиетті құтханасына. Күзетші ағайлар мен сияқты кешігіп жүргендер барын біледі-ау, есікті жаба қоймапты. Осы мекенге үш жыл бойы кіріп-шыққаннан ба, тап бір анаң күтіп отырғандай еркін басып кіресің.
Ел орынға отырар шақта жатақхана тұрғындары кешкі ас қамына кіріскен. «Нан алуға үлгермегенімді қарашы. Ештеңе етпес, көп достың ортасында аш қалмаспыз». Үйде дайын асқа үйренген ұл-қызды бұл мекеннің тәрбиелейтін бір тұсы осы. Өз қамыңды күнілгері ойламасаң өзің ойлағандай ештеңе болмайды.
Бөлмеге кіргеніңде-ақ, «сені қайда жүр деп уайымдап отыр едік» деген қыздардың даусы біртуған бауырыңның қамқорлығынан кем емес. Жанашыр боп елбектеп, бүгінгі күнің қалай өткенін сұрап, артынан өз жағдайын баяндай жөнеледі. Олармен танысқаның осы оқу жылының басы, алайда бұл уақыт адамдардың бәрі бір анадан туғандай, жақын тартсаң бауырыңа айналатынын дәлелдеуге аз емес.
Сыртқы есік жабылғанан кейін, біздің жатақханада тәрбиешіге көмекші белсенді, пысық қыздар түгелділік пен тазалық тексеруге шығады. Тек білім алатын орында ғана емес, тұратын мекеніңде де озық болуға тырысасың. Себебі жатақханада іс-шара ұйымдастырып, осылай тәртіп қадағалап жүретін үлгілі студенттер келесі жылы бірінші ретте қабылданады. Тіршілік үшін күрес деген осы...
Ауылдағыдай емес алдапсоғар адамы, адастырар көшесі көп қала тұрмысына үйренбеген далалық ұл-қызға жоғарғы курс студенттері аға, әпке боп жүреді. Әрбір тұрғын өз үйінің ішкі мәдениетін танытып тұратындай. Жақсылығын үйреніп, жаман қасиетінен бойыңды аулақ ұстайсың.
Егер үйде тұрсаңыз артық дәптер, оқу құралдары тіпті тұрмыстық заттарыңыз болмай қалса, сатып әкелгенше табылмайды. Ал жатақханадан бәрін табуға болады. Танысыңыз көп болса, мүмкіндік те мол болмақ. Мұның дәлелі алдымен есік тықылдайды. Сосын бір қыздың басы қылтиып, сөздің басы «Кешірерсіңдер, бірдеңе сұрайын еп едім..» деумен басталады. Мұнда адамдармен тез әрі жақы араласудың пайдасы мол екенін одан әрі ұғына түсінесің.
«Тек жүрсең тоқ жүресің». Бұл студенттердің тамақ әзірлер кездегі мақалы.
Бірде ұлдар танысымнан тамақ істеп беруін өтінеді. Артық уақыты жоғын айтқан ол, өз асын баяу отқа қойып кете барады. Сәлден кейін асты түсіріп, шәйді баптап құйып, ауызға апара берсе у-дай. «Қап, құдай-ай». Бәле кімнен екенін іші сезеді. Ертеңіне де бір шәйнек шәйдің суына тұз еріген болып шығады. Енді бұл да аңдысын аңдиды.
Бір күні жігіттердің бірі ауылдан келіп, мәре-сәре боп етті молынан турап, палау істеп жатқанына көзі түседі. Көңілді олар, күрішін салған соң бейқам кете береді. Есесі кеткен танысым, тұзды жақсылап араластырып, тағамның дәмін келістіріп жіберіп, бөлмесін кілттей қояды. Шамалдан кейі-ақ, ұлдар жақтан ашулы дауыстар естіліп жатады.
Степендия алған күн ақшаның қуантып, қобалжытатын күні. Өйткені алам деп армандағанының біріне жетсе, біріне жетпейді. Алайда сол күні, жақындағы дүкендер банкоматтан жаңа шыққан ірі ақшаларға майда таппай әбігер болады.
Таңертеңгі сабаққа кешеуілдеп жететін де жатақханалықтар. Бірде ағайдың «үйден қатынайтындар сабаққа қоғамдық көлікпен, таксимен келесіңдар. Бұл қасқалар жаяу келеді ғой» деп күлдіргені бар. Таяқ тастам жерде тұрып кешігу себебі, «қазір-ақ жетем ғойдың» кесірі.
Жатақхана студенттерге не үшін ыңғайлы?
Біріншіден, онсыз да бай емес қоғам өкілдерінің қалтасына қолайлы. Бір айлық пәтерге төлейтін қаржының жартысы бір оқу жылына төлеуге жарайды.
Екіншіден, көбіне оқу орнына жақын. Қыста қоғамдық көлік күтіп, қаһарлы қыстың кәрін таң қараңғысында сезінбейсің.
Үшінші, қатар-құрбы, группаласыңның көбі сонда. Бірлесіп сабақ оқып, іс-шара ұйымдастыруға мүмкіндік мол.
Төртінші, туысыңның үйінде тұрып, олардың отбасылық өміріне араласып, өзіңді кіріптар сезінбейсің. Қайта демалыс сайын барып, қадірлі қонақ болып қайтасың.
Ауылдағы ағайын көбіне балам жатақханаға жатса жай-күйі болмай қала ма деп қам жейді. Бірақ талай тұлғалар осы бір қызығы мол қарапайым ғана тұрақтың тұрғыны болған. Бұл дүниеде ешқандай үй мәңгілік емес. Оны бәрі біледі. Ал, жатақхана - бірлік пен достықтың қадірін ұғындырып, адамдардың албырт көңіл өмір көктеміне куә болатын мекен. Иә, білім іздеген жас буын өкілдері қоғам өміріне етене араласып, ертеңін жоспарлап, тектілігін сақтап тәрбиелілігін таныта жүрсе, өмір күресте осал болмасы анық.