Жастар, студенттер дресс-коды жайындағы пікірталас

Жыл өткен сайын ақпараттың таралу жиілігі кеңейіп жатыр. Көптеген мультимедиалық құрылғылар арқылы ақпарат тарату оңай, әрі тез. Осындай шекарасыз медиа саласы біздің өмір сүріп жатқан уақытты ақпараттық заманға айналдырды. Кез-келген тақырып бойынша ақпарат бергіңіз келсе, оның әсте қиындығы жоқ. Шекарасы мен тыйымы жоқ ақпарат заманында қандай тақырып қозғаймын десеңіз де еркіңіз. Соның әсерінен болар, тақырып аясында да түрлі пікірталастардың туындап жүргенін көзіміз көріп, құлағымыз естуде. Талқыға түскен сондай тақырыптың бірі - жастар мен студенттердің дресс-коды.

 


Дресс-кодты - қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, белгіленген киіну стилі. Әр адам қалай киіну керектігін өзі білсе де, белгілі бір жұмыс орны мен қоғамдық орындар киіну стиліне өз талаптарын қоюға құқылы. Бірақ студенттердің дресс-коды қандай?

 


Студенттер мектеп оқушылары сияқты белгіленген тәртіп бойынша киінбейді. Еркін форматта киінуге рұқсат. Бірақ бұл туралы әркімнің пікірі сан түрге бөлінеді. Университет шәкірттерінің арнайы дресс-коды болмаса да қоғамдық орынға сай киінуі қажет. Қазақтың “киіміне қарап қарсы ал, біліміне қарап шығарып сал” деген мақалынан-ақ адамның киім үлгісі де маңызды рөл атқаратынын байқаймыз. Бұл, әрине, мәдениетке жақын адамдардың жазылмаған ережесі. Ал заманауи ойдың жетегінде жүрген адамдардың пікірі қандай?

 


Қазір демократиялық ел мен дамыған заманда өмір сүріп жатқан соң студенттердің киіну стиліне еркіндік қою керек дейді. Заманауи адамдардың пікірінше, студенттерді киіміне қарап бағалаудың қажеті жоқ. Олар еркін стильдің жарасатынын алға тартады.

 


Жер бетінде қанша адам болса, сонша көзқарас болатыны анық. Бірақ қанша дегенмен классикалық үлгіде киіну формасын қалыптастырған жөн. Себебі  сыртқы киім - ішкі жан дүниеңнен сыр шертуі мүмкін. Білімің мен біліктілігің сыртқы киіммен айқындалатынын ескеру керек. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген. Классикалық үлгідегі киім жинақылық пен ұқыптылықты негіздейді. Сондықтан студенттердің классикалық үлгіде киініп жүргені абзалырақ. 

 



Бөлісу: