Жасөспірімдерге арналған арна керек пе?

Жасөспірімдерге арналған арна керек пе?
жеке
блог

Бүгінгі күні теледидар басты тәрбие құралына айналған. Көгілдір жәшіктен әрқайсымыз керекті де, керексіз де, пайдалы да, пайдасыз да ақпараттар алып жатырмыз. Саралап отырсам, кез-келген арнаның негізгі контенті шетелдік сериал екенін байқаймын. Кез-келген арна осы арқылы аудитория жинайды, тағысын тағы. Осыдан барып барлық жерде қойылып жүрген сұраққа кеп тірелеміз. Бұл сериалдардың пайдасы не? Әсіресе, жасөспірімдерге олар не береді? Бәлкім, Қазақстанның өскелең ұрпағына арналған өзіңдік арна ашармыз?

Елімізде бүлдіршіндерге арналған "Балапан" арнасының жұмыс жасап жасап жатқанына 7 жылдай уақыт болды. Бәрі кеше ғана еді. Ал, бүгін өзіңдік тарихын қалыптастырып үлгерді. Мойындаңызшы, ең алғаш осы арна ашылғанда қызығып тамашаладыңыз ғой? Балдырған болмасаңыз да, қазір кейбір бағдарламаларды қызыға қарайтыныңыз рас қой? Арнадан көрсетіліп жатқан әрбір бағдарламаның кішкентай балапанға берері көп. Би билеп үйретеді, қолдан бұйым жасап көрсетеді, тізе берсек жетіп жатыр. Тіпті, кейде өзіміздің де "Ас болсыннан" түрлі тағамдардың жасалу жолдарын үйренген кезіміз де болды. "Дараны" тамашалап, ағылшынша 1-2 сөз үйренгеніміз де жасырын емес. Қарап отырсаң, үйретері көп, берері мол, пайдасы да зор. Бәрі қазақша. Дәл, осындай арна жасөспірімдерге (11-17) де керек шығар..?

Олай дейтінім, бұл жастағыларға арналған хабар аз. Жоғарыда атап өткенімдей, көбісі сериал мен шоу бизнестің жаңалығын жеткізетін бағдарламалар. 

Өз басым осы мәселеде қатты қиналғанмын. Теледидарда қарайтын түк жоқ! "ХХІ ғасыр көшбасшысын" асыға күтетінмін. Оның өзі аптасына бір-ақ рет, бір-ақ сағат. Бірақ, соның өзі интеллектуалдық жағынан дамуға көп септігін тигізетін. Қазір аталмыш бағдарлама жабылды. Жасөспірімдердің де көретіні азайды.

Жасөспірімдер ағылшын тілін үйренетін, ел тарихынан хабардар боп жүретін, әлем жаңалықтарын назардан тыс қалдырмайтын бір арна керек-ақ. Менің ойымша. Білім, ғылым, инновация, психология, т.б. ғылымдарды қамтыса дейсің. Оның үстіне, үш тілді де бірдей дамытса, тіптен жақсы. Әйтпесе, ауыл баласының орысшаға шорқақ, қала баласының ана тілін білмейтіндігі әлі де бар. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, осындай қателіктерді түзейтін жасөспірімдердің болашақ арнасы ашылса екен дейсің.

"Ел боламын десең, теледидарыңды түзе" дейтін заманға жеттік. Қазіргі жастардың уақытының көп бөлігі ата-анасымен емес, қара жәшікпен бірге өтеді. Онда не көрсетілсе, бала да соны жасайды, қайталайды. Ендеше, сол жастардың өздеріне арналған, ата-анасының орнын баспаса да,  пайдалы дүниемен сусындата алатын арнаның болғаны дұрыс сияқты? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Сіздің де жаңа жетіліп келе жатқан бауырларыңыз бар шығар? Ойыңызды ортаға салыңыз.