Жас оқытушылар үшін оқытудың заманауи әдістері

Жас оқытушылар үшін оқытудың заманауи әдістері
жеке
блог

Авторлар: Алимбаева Б.К., Гусманова Ф.Р.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ақпараттық технологиялар факультеті, Информатика кафедрасы

2021 жылдың 20-22 қаңтар күндері Ақпараттық технологиялар факультетінде университеттің жас педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында Жас оқытушылар мектебінің жыл сайын өткізілетін кезекті семинары өз мәресіне жетті.

Семинар «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының доценті Н.С. Баймулдинаның «Білім беру үрдісінде визуализациялау» тақырыбындағы баяндамамен басталды. Баяндамада қазіргі, әсіресе онлайн оқытуда визуализацияның қаншалықты маңыздылығы туралы мәселе талқыланды.

Информатика кафедрасының доценті А.Р. Турганбаеваның «Көшбасшылық – педагог сапасының бірі ретінде» атты баяндамасы жоғары оқу орындарында, жалпы білім беру саласында оқытушының көшбасшылық қабілеттері болуы туралы өзекті тақырып болды. Оқытушы студенттерге сапалы білім мен дұрыс тәрбие беру үшін оның бойында көшбасшылық қабілеттері ашылуы тиіс, егер мұғалімнің туа біті қабілеттері көшбасшылық қабілеті болса оны шыңдап отыруы керек, ал ондай қабілеттері болмаса, онда сол қабілеттерді өз бойына сіңіріп, әрі қарай оны дамытып, білім алушыларға осы қабілет арқылы сапалы білім беруге дағдылану керек екені түсінікті жеткізілді.

«Ақпараттық жүйелер» кафедрасының профессоры А.А. Беделбаев өзінің педагогикалық және өмірлік тәжірибесімен бөлісті, ол аудиторияның назарын ағымдағы дәрістің мазмұнына күшейту тетігі негізінде студенттерді оқытуды қарқындату жолдары туралы айтты. Білім алушылардың назарын дәріске қалай аудару керек, оларды жалықтырып алмау үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданып аудиторияны қызықтыратындай құпияларымен бөлісті.

Жасанды интеллект және Big DATA кафедрасының меңгерушісі М.Е. Мансурова өзінің баяндамасында формальды емес оқыту нәтижелерін танудың өте өзекті мәселесімен бөлісті.

М.А.Бисалиев М. өз баяндамасында білім беру үдерісіндегі интернет-тәсілдің, «НЕТЭТИКЕТ» деп айтудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ұғым бірте-бірте біздің кәсіби шындыққа ене бастады, өйткені бүгінде қарым-қатынастың көп бөлігі онлайн режимінде өтеді. Осыған байланысты онлайн оқыту барысында интернет кеңістігінде монитордың арғы жағында отырған адам да, дәл сізбен бетпе – бет отырғандай сыпайы мәміле жасау да өте маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар, профессор Н.Н. Керімбаев қашықтықтан оқыту жағдайында студенттермен кері байланыс технологиясы туралы қарапайым және түсінікті түрде айтып берді. Баяндама барысында аудиториямен жақсы байланыс жасап, сұрақтар қойып, семинарда отырған тыңдаушылармен сұхбаттасып, олардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің кәсіби шеберлегін көрсетті.

Б.Б. Бөрібаев Бақыт Бөрібайұлының «Студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері» атты баяндамасы да өте қызықты, өзекті болды. Өзінің тәжірибесінде қандай әдістер қолданып, оларды іске асыратыны туралы семинарға қатысушылармен бөлісті. 

«Ақпараттық жүйелер» кафедрасының доценті Ш.А. Джомартова онлайн курстардың сапасын арттыру жөнінде, Microsoft Teams қосымшасының артықшылықтарына өзінің баяндамасында тоқталып кетті. Жаппай ашық онлайн курстарының санын арттыру үшін қандай алғышарттар бар екенін, оны қалай жүзеге асыру керектігіне кеңінен тоқталды.

Е. Бейбітхан студенттерге ғылыми жобаларға тарту туралы баяндама жасаса М. Жомартов «Білім беруде мультимедиялық технологияларды қолданудың артықшылықтары туралы» баяндамасында әдістемелік мәселелерді талқыласа, С.Жүнісбаева оқытудың заманауи әдістеріне тоқталып өтті.

Жалпы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультеттің жас оқытушыларының, семинардың басқа қатысушыларының пікірінше семинарда талқыланған баяндамалар үлкен қызығушылық тудырды, жас оқытушылардың нақты әдістемелік кеңестерді ақпараттық технологияларды тәжірибелі оқытушылардың қолдануы оларға онлайн және офлайн оқыту кезінде олардың болашақта кәсіби қызметіне көмектеседі деген үміт берді.