Жан айқайымды ұғыныңдаршы, адамдар! Бөлісіңдерші мұңымды!

Жан айқайымды ұғыныңдаршы, адамдар! Бөлісіңдерші мұңымды!
жеке
блог

Адам атаулының ғана қолынан келетін қатыгездік əлі күнге тұла бойымды шымырлатуын қойған емес. Соншалық жауыз болар ма адам баласы?! Алла оған өзге жаратылыстарына бермеген ақыл мен сана берді емес пе?! Сонда сол ақылы өзінен төменге, əлсіз бен шарасызға қиянат көрсетуге ғана жете ме? Жауыз адамдарға "адам" емес, "хайуан" деген атау көбірек жарасатын сияқты кейде. Өзімен тең дəрежедегіге, адамның адамға жасаған қиянатын былай ысырып қоялық.

Адамның əсте бір амалы табылар. (Табылмаса, тағдырынан көре жатар) Ал жануарларда,аңдарда, ит-құста не ақысы қалды адамның?! Оларға берілмеген мүмкіндік берілгені үшін өзін табиғаттың қожайынымын деп есептей ме?! Жеуге-ас, ішерге-суы табылып отқанда, жануарларды қинап несі бар? Олар шарасыз ғой адам алдында,шарасыз. Ал сол озбыр адамдар өздерінің Алла алдында қаншалық дəрменсіз құл екенін түсінбей өтеді-ау.   

Кішкентай кезімнен осы мəселе қатты толғандыратын. Адамнан гөрі аңдарды, жануарларды, ит-мысықтарды аяп өскенмін. Əлі де солай. Ал бүгін тірі кезінде мүйізінен айырылып, жаны ышқынып, көзінен жас парлаған бұғының жайы ("Қайдасың, қасқа құлыным" О.Б) жүрегімдегі жауыздарға деген өшпенділікті онан сайын өршелендірген сияқты. Бізде жоқ қасиет соларда бар, бізде жоқ жүрек - соларда. Олар төрт аяқты болғандары үшін кінəлі емес. Адамның екі аяқты болғаны, еңсесін көтеріп жүре алатындығы - тіпті де артықшылық емес!     Табиғаттың өз қатал заңы аздай, адамдар жауыздықтың етек жаюына өз үлестерін қосып бағуда. Мен Испан еліндегі өгіздерді азаптау сайысы- корриданы түсінген емеспін! Мен жүрегі жарылардай боп қашып, өмірі үшін жанталаса жүгірген киіктерді қууға дəті барған, оларды өз қолымен өлтірген аңшыларды да түсіне алмаймын! Мен тек өзінің тамағын іздеген, күнін көрудің амалын жасағаны үшін жауыз атанған қасқырды тек терісі үшін аулаған адамдарды жек көрем. Мен өздері жыртқыштардан қалай құтыларларын білмей, зыр жүгірген қояндарды ататын аңшыларды немесе оларға құс салған саятшыларды түсіне алмаймын. Осы істерімен тек ермек үшін айналысатындары жүрегімде тіпті жиіркенішті сезім тудырады.

Мен өздері көшеде күндерін зорға көріп жүрген ит-мысықтарды қорлайтындарды адам деп есептей алмаймын. Мен өз қызықтары үшін ғана иттер мен тауықтарды төбелестіріп, қып-қызыл қанға малып, ақша табатын адамдарға ең, ең, ең қатаң жаза тағайындауға дайынмын. Адамдардың "əсем" киіну үшін ғана, терісі мен жүнін сыпырып алу үшін тіршілік иелерін өмірінен айыратыны жаныма батады.   Заң менің қолымда болса,жануарларға титтей де зиян келтіріп, жапа шектірген адамды дəл солай азаптауға дайынмын! (Асылық болса,Аллам кешсін)   Мен, бəлкім, табиғаттың бұлжымас заңын түсінбейтін болармын. Бірақ мен  бұл қатал "заңдарды" "адам" қолымен жасалған саналы қатыгездікті жүрегім соғып тұрғанда, көзім көріп,құлағым естіп тұрғанда ешқашан, ешқашан қабылдай алмаймын! Жан айқайымды ұғыныңдаршы, адамдар! Бөлісіңдерші мұңымды!