- Әдетте амандық сұрасқаннан кейін «Не жаңалық?» дейміз ғой. Сол сынды сізден де сұрағым келеді. Қандай жаңалығыңыз бар? Дәл қазіргі сәтте немен айналысып жүрсіз?
- Бір қызығы шығармашылық жолымда бірде қатты белсенділік танытсам, енді бірде мүлдем көрінбей қаламын. Себебі халықтың: «Осы әнші жылтыңдап шыға берді ғой» деген сөзінен қашқан едім. Қатты тартынып кеткенім сонша, халықтың жадында жалт етіп шығып, қайтадан жоқ болып кететін әнші ретінде сақталыппын. Бас кезінде халықтың сағынышын тудырайын деген мақсат болатын, алайда, шоу бизнестің қаталдығы оны көтере алмайтынын түсіндім. Себебі, үнемі сұраныста болу үшін халық үнемі телеарнадан көріп отыру керек екен. Сол үшін қазір барлығын қайтадан қолға алдым. 4 баланың және отбасындағы басқа да жұмыстарымнан бөлек, шығармашылығым да жандану үстінде. Биыл алдымен Алматы қаласында, кейін Астанада үлкен концертімді өткізуді жоспарлап отырмын. Одан бөлек ансамбльмен жанды дауыста ән айтуды қолға алдым. Барлық концерттер мен той-томалақтарда сол ансамбльмен жүрсем деген мақсатым бар. Алайда, халыққа оның қаншалықты керек екенін біле алмай жүрмін. Себебі, дәл қазіргі уақытта «тірі дауыста концерт береді екен» деп бағалап келген халықты көрмедім.
- Иә, сахнаға көп шықпайсыз... Алайда, бірден көпшілігі бара бермейтін «Жұлдызды дода», «Жұлдызды айтыс», «Шіркін лайф» сынды жобалардан бірақ шығасыз...
- Өзімді сынға тастаудан, сынатқаннан қашатын адам емеспін. Сондықтан болар. Сынды өте жақсы қабылдаймын. Бір жағынан мінезімнің өжеттілігі бар. Себебі артымнан «Шіркін лайфтан» кейін әлгі күнге дейін сөздер еріп жүр. Инстаграмма бір сурет сала қалсаң, ««Шіркін лайфтан» кейін маған ұнамайсың» деген кемінде бір пікір оқып қаламын.
- Бұрында продюсеріңіз жоқ еді, енді ондай адамды да тауыпсыз. Тіпті өзіңіз де жастарға продюсер болып кетіпсіз... Қалай түсінсек болады?
- (күлді) Продюсер and продюсер болып жатырмыз ғой. Иә, Ермек Елгезековтен кейін продюсерсіз, барлығын өзім жасап жүрдім. Қазір маған Ахат деген жігіт продюсерлік етіп жатыр. Арнайы келісімшартымыз бар. Себебі ақша жүрген жерде, қанша дегенмен де сенімділік болғанын қаладық.
-Келісімшарт қанша уақытты қамтиды?
- Нақты уақыты жоқ. Тасымыз өрге қарай домаласа, бірлесіп бірнеше жыл істей береміз.
-«Жұлдызды дода» жобасында өзіңіздің барлық мүмкіндіктеріңізді пайдаландым деп ойлайсыз ба?
- Жобаның алдыңғы маусымын көргенімде қатты қызықтым. Басқа әншінің жан дүниесіне кіріп, дауыс тембрі мен болмысын келтіру өте қиын екен. Біздер студияда тек өзіміздің даусымызбен ғана өмір сүріп қалған адамдармыз ғой. Ал жобада басқа адамның әлеміне кіру кәдімгідей қиынға соқты. Таңғы сағат 4.00-ге дейін машинаның ішінде дайындалып, ертесі күні көзді тырнап ашып түсірілімге келген кездерім болды. Өзім үшін көп тәжірибе жинадым.
- Әлеуметтік желілерге макияжсыз суреттерін жиі салатын әншілердің бірісіз. Табиғи сымбатыңызға қаншалықты сенесіз?
- Сенгендіктен емес... Шынымды айтсам, өмірде де боянбайтын адаммын. Телеарналардың түсірілімдерінде, концерттерде, тойларда ғана макияж жасаймын. Бояқтарды өте ұната бермеймін. Оны бала-шағам да, жолдасым да, анам да концерттен келген сәтімде «бетіңді жуып тасташы, жараспайды» деп ұнатпай жатады. Бояқсыз да әп-әдемі болып жүретін қыздар көп. Соларға қарап қызығамын. Оны эстрадамызда «Қоңыр» тобындағы Жазира көп пайдаланады. Тойларға макияжсыз шығады.
- Халық үшін кемелденген әншісіз. Алайда, көп нәрсе білмейтініңізді мойындап вокалдан сабақ алып жүргеніңізді қалай түсінсек болады?
- Халық үшін солай көрінетін шығармын, алайда ешқашан кәсіби вокалдан сабақ алып көрмеппін. Қалай тыныс алу керек, дыбысты қалай шығару керек сынды техникалардан хабарым жоқ екен. Менікі бәрі Алланың бұйыртқанымен келген нәрсе. Дауысым да қазақи әндерге жақсы келеді. Қазір эстрадада жүргендіктен эстрадалық әндерді айызыңды қандырып тұрып орындағың келеді. Сол мақсатта вокалдан сабақ алып жүрмін... Бір ғана ән болса да, сапалы орындағанға не жетсін?!
- Эстрада жастықты талап етеді. Оны артыңыздағы жас өнерпаздарға қарап өзіңіз де бағамдап жүрген боларсыз... Басқа кәсіп түріне қарай ығысу ойыңызда жоқ па?
- Өзімді мақтағандай болмайын, дегенмен мынаны айтқым келеді. Өнермен қоса басқа саланы қоса алып жүруге қабілетім де, пысықтығым да жететініне сенімдімін. Осы күнге дейін қандай да бір жетістікке жетсем ол біріншіден Алланың қалауы болса, екіншіден пысықтығым мен өжеттілігімнің арқасы деп білемін. Барлық әншілерде мінез бар. Көрермендер оларды тек сахнадан ғана көріп, сызылып тұрған мінезді деп ойлап қалады. Сондықтан да ыңғайы болып жатса кейінгі уақыттарда да бизнес пен өнерді қатар алып жүремін деп ойлаймын. Бұрындары өнерді қойсам ба екен деген ойым болғанын жасырмаймын, алайда қазір менде бәрі басқаша!
- Сіздің досыңызға айналу үшін не істеу керек?
- Шынайы болса жетілікті. Басқа ештеңе керек емес. Кей адамдар қиялынан шығарып бірдеңелерді айта бастағанда жүйкеме тие бастайды. Мақтаншақ адамдарды көрсем тіптен... Пайғамбарымыз «Оң қолыңмен бергенді, сол қолың көрмесін» деп айтқан ғой. Ал, жасаған жақсылықтарын жайып салып, мақтанып отыратын адамдарды түсіне алмаймын. Өз басым біреуге жақсылық жасасам ешқашан айтпаймын және маған жасағандар да солай істесе екен деймін. Себебі, ол адамдарға деген ризашылығым мен тілегім менің әр оқыған дұғамда болады.
- Көңіл күйіңіз болмай тұрған сәтте, оны көтеру үшін қандай іс әрекеттер жасайсыз?
- Көңіл-күйім төмендеген кез болған емес.
- Қалай сонда? Адам болған соң...
- Қанша жерден қиналсам да, сыртқа шығара бермеймін. Кейде көлігімде жалғыз отырғанда ғана шығарып аламын. Ал халықтың алдында, отбасымның ішінде үнемі көңілді жүремін. Көп адамдар солай жасайтыныма сенбейді. Мысалы, мен көңілсіз сәттерді автоматты түрде миымнан ысырып тастай аламын. Себебі, менің көңілсіз сәтімді отбасым көрмеуі керек...
- Өткен өміріңіздің кей тұстарына өкінетін сәттеріңіз бола ма? Егер де қазір болса деп...
- Негізі барлық нәрсе Алланың қалауымен болады. «Егер де» деген – шайтанның сөзі. Бәрі кеті, өтті, себебі солай болу керек, бітті! Артқа бұрылып, өзіңді жегеннен пайда жоқ. Себебі әрбір секунд қымбат, олар зуылдап өте береді. Алға қарай білу керек. Өткенді ойлап мүжілгеннен опа жоқ...
- Гетенің «пайдасыз өмір сүру, мерзімінен бұрын өлу» деген нақылын қалай түсінесіз? Сіз үшін пайдалы өмір дегеніміз не?
- Әрбір минутым мен секундымды еңбексіз, босқа өткізуден қорқамын. Біркездері бұл өте қатаң принципім болды. Кейіндеу діттеген мақсатыма біраз жеткеннен кейін бе, қызымды босанып үйде отырғанымда, ешқайда шыққым келмей жалқауланып қалғаным бар. Қазір бұрыңғы ұстанымыма қайтадан көштім. Себебі, 5 минут уақытым болса да бос өткізбеуге тырысамын. Сонымен қоймай оны бала-шағама үйретіп жатырмын. Жақында танысымнан бір үлкен бизнесмен кісі туралы тағылымды әңгіме естідім. Ол кісі жеке ұшағы бар, жасы 50-ден асқан адам болса да, көп кітап оқып, ағылшын тілінен сабақ алып жүр екен. Сол адамды өзіме стимул ретінде алдым. Ал, біз жас бола тұра жалқаулыққа бой алдырамыз...
- Оқырмандарға айтарыңыз...
- Көрермендерден көп нәрсені күтемін. Халықтың сұранысы біз үшін қашан да маңызды. Себебі, біздер тек халыққа қарап жұмыс істейміз, әрі тәрбиелей алатын күшіміз бар. Осылайша тығыз байланыстымыз. Сол үшін де тыңдармандар қазақ екендігімізді, дәстүріміз бен тілімізді ұмытпай жүретін болса қазақтығымыз ешқашан жоғалмақ емес. Мысалы, қазір сіз екеуміз сұхбаттасып отырған мына өзбек асханасын байқасаңыз, кезекпен өзбек аспаптарының музыкасын беріп отыр. Ал, сіз дәл осылай қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп, декорациясына дейін ұлтына бейімдеген, дәл осылай қала ортасында орналасқан дәмхана білесіз бе?! Болған жағдайда біздің халық бірден «Домбыраңды өшіре тұршы» деп айтар еді. Осылайша біз өзіміздің салт-дәстүрімізді сыйламаймыз. Сондықтан да, халық қазақылығымызды ұмытпай, қазақ өнерін жоғарыда ұстаса екен деймін...
- Сырлы сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Айдана АЛАМАН