"Ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз…" А.Байтұрсынұлы

Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. Соның бірі, әрі бірегейі Ахмет Байтұрсынов бүкіл саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады.

А.Байтұрсыновтың ағартушылық ой-пікірлері 1911-1915 жылдары шыққан «Айқап» журналы мен 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастады. Ол өзінің 1911ж. «Айқап» журналына жазған «Қазақтың өкпесі» атты мақаласында «Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға  көп күш керек екен. Ол күш алтыбақан ала  ауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашаға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алатын болмаған соң, хандарымыз халқыменен Россияға қосылған» деп тарихи шындықтың бетін ашады. Қалың елі қазағына ұлы ақын Абайша өсиет айтып, “Шаруаңды түзет. Жалқаулықтан арыл, адал еңбек ет, кәсіп үйрен, тер төк… Дүниеде елге теңдік, кемге кеңдік беретін, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді үйренейік ағайын!” – деп көпке жар салды. Сыни көзқарастар айқын көрінген бұл мақалада Байтұрсынов ескіліктің көлеңкесінде қалған қазақтардың жай-күйін ашып айтады. Білім-ғылымға ілесудің орнына, надандықтан көз аша алмай, бөтен жұрттың қолына өтіп бара жатқандықтарын аңғармай жатқандығын күйінішпен жеткізеді.

Сонымен қатар мақаласында: «…Ата жолдасы надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айырылатын емес. Надандықтың кесепаты әр жерден-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай келеміз…Жоқты барға теңгерген ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз…»,- деп ғылым мен өнерді керек қылатын «қазақтардың» көбеюі халықты тығырықтан шығаратын сара жол екендігін айтады.

Жалпы, бұл сөздердің әрқайсысының астарына үңіліп қарайтын болсақ, үлкен мән-мағына, бір елдің тарихы жатыр... Неге? Расында, неге қазақ өзгеге өкпелейді? Өзгеге өкпелеудің жөні бар ма мұнда? А. Байтұрсынов көкейіндегі осындай сан сауалға мақаласында дәлелді жауап жазған. Қазақ халқын осындай аянышты күйіне назар қойып, уақытын өзгеге өкпелеп өткізгенше, өзінің өмірі үшін сауатты түрде күресуге шақырады. Астарлы сөздері арқылы қалың жұртшылыққа дұрыс жол сілтейді.

 

 



Бөлісу: