Ғұмар Қарашев және «Қазақстан» газеті.

Ғұмар Қарашев-ойшыл, көрнекті ақын, елін бірлік пен өнерге, ғылымға үндеген ұлы тұлға.Сонымен қатар қайраткер-ағартушы ,араб,  түрік,татар,парсы, башқұрт тілдерін меңгерген.Дін-шариғат және имандылық жолында жүрген.Ғұмар Қарашев өз дәуірінде қазақ халқының көкейкесті мәселелерін баспасөзге жеткізіп, халқының сөзін сөйлеген қаламгерлердің бірі болған.Баспасөз жанашыры өз заманындағы "Қазақстан"," Достық жолы" сияқты газеттер мен "Мұғалім" журналының шығарылымына үлкен үлесін қосқан.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси ахуал қазақ даласына да әсер етпей қоймады.Сол замандағы баспасөздің арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарын оқып, зерделеп ,Ғұмар көп нәрсені аңғарған.Дәуір, заман жайы көп толғанған Ғұмар ақын тарихи, философиялық, әдеби кітаптарды көп оқыған.Шариғат жолын жетік білген Ғұмар өмірлік ғылымдардан да хабардар болған.Ол 1907 жылдардан бастап көптеген татар, қазақ тілдерінде жарық көретін газет-журналдарда мақалаларын жариялаған. Ғұмар Қарашев өз ұлтының әлеуметтік өміріне араласып, ел мұратын көздейтін істермен айналысқан.Оған айқын дәлел алғаш Ордада, кейінірек Оралда шығып тұрған "Қазақстан" газетін шығаруда атқарған орасан зор еңбегі.1911-1913 жылдары жарыққа шыққан бұл газеттің жұмысын алға қоюда белсенді қызмет еткендердің бірі, осы Ғұмар Қарашев еді.

"Қазақстан" газетін- тәуелсіз қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы десек те артық етпес.Себебі, оған дейінгі газеттер мен журналдар-Ташкенттегі "Түркістан уәләятының газеті",Омбыдағы "Дала уәләятының газеті" патшалық Ресейдің саясатын жүргізу үшін шығарылған болатын.Ал, Торицкідегі "Қазақ газеті" мен Петербургтегі "Серке" газеті бір ғана санынан кейін жабылып қалған еді.Ол уақытта "Қазақстан" газеті тұрақты шығарылып отырған еді. Ғұмар Қарашев баспасөзді-қараңғы қазақтың көзін ашатын жарық шырақ деп түсінді.Сол себепті де газеттің даму жолында күні-түні қызмет етті.Газеттің алғашқы сандарында жарық көрген  "Газет деген не зат?", "Газет не үшін керек?"атты мақалалары Ғұмардың шығармашылық және ағартушылық мұратын айқын көрсетеді.Әрине "Қазақстан" газетінің өрлеуіне Ғұмар Қарашевтан бөлек Б.Қаратаев,Ш.Бөкеев,Е.Бұйрин және т.б зиялылар атсалысқан еді.Алайда, бұл газетті зерделеп, толық оқыған адам Ғұмар Қарашевтың ең ауқымды әрі көп мақала жазғанын, газеттің идеясын ойластырып, бағыт-бағдарын жасағанын көре алады.

"Қазақстан" газетінің алғашқы санындағы мақаласында Ғұмар Қарашев былай жазған екен :“Қайғыны, шаттықты бірге, ортақ көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ. Ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ. Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің байлығымыз! Газет біздің достар алдында көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет біздің білгенімізді көрсететін ұстазымыз! Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз! Біз қазақ балаларын бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу, аз ақшаны аямай жазылып, алып оқу парыз”. Ғұмардың баспасөз туралы айтылған осы бір ойы халық жадында газеттің маңыздылығын арттыра түскендей.Ол осы сөзі арқылы халық ойын кеңейтіп, тек газеттің ғана емес публицистиканың да асыл мұратын көрсеткен.

                                                                                                   

                                                                                                   Инжибекова Меруерт Унгаровна

                                         



Бөлісу: