Біз өмір сүріп жатқан дәуір - үздіксіз даму мен секунд санап жетілудің, дамылсыз жаңалықтар мен жан-жақтан келіп ағылатын ақпараттың заманы. Айлап, жылдап жеткізбейтін алыс жолдарды технологияның арқасында еңсеріп, 2-3 күндік ат шаптырым жер қылып алдық. Заманауи адамдар телеграмма жазып, поштаға қарап телмірмейді. Бұрындары қиын болып көрінген дүниелер бүгінде дүйім жұртқа қолжетімді, тиімді болып отыр. Алайда, өмірімізге сенсация боп енген жаңалықтар бірқатар мәселелердің туындауына себепші болды.
Мәселен, бір күндері қазақтың көкірек көзін ашып, санасын оятқан газет-журналдардың қазіргі таңда қолдану аясы тарылып, оқырмандары азайды. Газет жанашырларының шарқ ұрып, шыр-пыр болып, жазылушы іздеп жүргенін сан мәрте көрдік. Газетке қызығушылық танытушылар неліктен азайып кетті? Алдағы он жылдықта қазақ газеттерінің тағдыры не болмақ? Интернет газетті толықтай ығыстыра ала ма?
Ойды онға, сананы санға бөлген сауалдар әлі күнге дейін жауапсыз. Газетті халықтың көзі, құлағы һәм тілі деп санайтын жандар қатары күн санап азаюда. Адамдар біртіндеп интернет желісіне көшудің тиімділігін аңғара бастады. Көшедегі кез келген адамнан "газет пе, әлде интернет пе?" деп сұрасаңыз, ойланбастан интернет деп жауап беретініне еш шүбәңіз болмасын.
Қоғамның қозғаушы күші жастардың газетке қызықпауы - оны белсенділігінен айырды. Қазіргі таңда тіпті аға буын өкілдерінің газет оқығынын көрмейміз. Неге? Себебі, қажетті ақпараттың бәрін ғаламтордан іздеп, тауып алады. Материал дайындау барысында ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларынан сауалнама алуды жөн санадым. Сауалнама нәтижесінде әр үшінші адам жаңалықты интернеттен оқитынын айтты. Ара-тұра теледидар көретіндер де бар екен. Олардың айтуынша, газетті айлап, апталап күтудің орнына ең тиімдісі керегіңді ғаламтордан алу екен. Ол жағына келгенде мойындау қажет, қазіргі газеттер заманауи тенденциядан қалып қоймағанымен, жылдамдыққа ілесе алмауда. Ақпарат жылдам ескіреді. Аптасына екі рет немесе үшін рет басылып шығатын газет тиісті орнына жетіп болам дегенше жаңалық ескіріп, оқырманға қызықты болмай қалатын жағдайлар жиі орын алып отырады. Оның үстіне атын атамауды өтінген тұрғын газет бағасының жыл сайын қымбаттап, шарықтап кеткенін айтып шағымын білдірді. Аудандық-саяси "Ауыл тынысы" газетінің бас редакторы Сәкен Мұратұлы Әбілхалықов мұны қағаздың қымбаттауымен түсіндірді. "Ауыл тынысы" газеті осы себеппен 8 бетке азайды.
– Әрине, менің ойымша, газетке қарағанда интернет тиімді. Жаңалықтарды әлеуметтік желіден, әсіресе Facebook-тан оқимын. Одан бөлек тәрбие, тәжірибие алмасу, мемлекет, бизнес сияқты қызықты мағлұматтарды емін-еркін оқуға болады. БАҚ-тың да әлеуметтік желісі болғанын дұрыс көремін. Өз басым түрлі республикалық, облыстық басылымдардың әлеуметтік желілеріне пайдасын беретін болар деген оймен жазылдым. Үйден шықпай-ақ жаңалықтармен танысып отыру әлдеқайда тиімді емес пе? Оның үстіне, қазір үлкен адамдардың өзі де бірте-бірте интернетке үйренісе бастады, - дейді бастауыш сынып мұғалімі Дариға Сүйеубайқызы Абилова. Өте орынды ой. Ал жастар не дейді?
– Интернет - қазір дамыған заманда жаңалықтардың бәрі тез жететін желі. 5 минут ішінде үйде отырып Қазақстанда не боп жатқанын біле аласың. Тек қана Қазақстан емес басқа да елдердегі жаңалықтарды білуге болады. Мысалы, Түркия, Сирияда болған жер сілкінісін біліп қана қоймайм, сондағы адамдарға гуманитарлық көмек көрсете аламыз. Мұның бәрін үйден шықпай-ақ жасауға болады. Шыны керек, газеттің келгенін біраз күтесің, әрі оған дейін оның уақыты да өтіп кетеді. Сондықтан интернетті таңдаймын, - дейді 11-сынып оқушысы Айару Нұрлан. Бұл - жоғарыда айтылған ойларды дәлелдейтін тұжырымды пікір.
Оның үстіне, интернет кері байланыс құралы ретінде пайдалануға өте ыңғайлы. Бұрынғыдай редакцияға жазған сауалыңның жауабын сабылып апталап күтпейсің. Әлеуметтік желілер арқылы отырып-ақ та оқырмандармен сұрақ-жауап өткізуге болады.
Сонымен қатар, интернет газеттен оқырмандарының кеңдігімен оза шапқанын да ескерген жөн. Өткенге жалтақтап, бүгінге налудан гөрі интернет журналистикасын дамытып, оқырман жинаған дұрыс. Ағы мен қарасы араласқан ақпараттар заманында шатасып қалмай, халыққа жаңалықты сұрыптап, саралап берудің өзі үлкен өнер.
Интернетті пайдаланып, газеттердің pdf нұсқасын шығарып жатқан басылымдар қатары көбеюде. Республикалық қазақ газеттері сайт жасап, газеттерге онлайн жазылу арқылы поштаға құжат түрінде газет жіберуді пайдаланып, аудиториясын сақтап қалды. Оған өзіміз білетін "Ұлан", "Ақжелкен", "Ана тілі", "Балдырған", "Ақиқат", "Түркістан", "Дружные ребята", "Үркер" және тағы да басқа газет-журналдарды жатқызуға болады. Олардың әлеуметтік желілеріне бүгінде мыңнан астам оқырман жазылған. Шет елдік «Journal Register Conpany», «The Atlantic», «Daily Maily» секілді бірқатар газеттер интернет желісінің ережесесіне бағынып, мүмкіндікті кеңінен пайдаланған. Осылайша, оқырмандар санын 190 мыңға арттырған екен. Бізге де солай жасауға не кедергі?
Газет пен интернет – бір-бірін толықтырып тұратын дует. Бірірің кем-кетігін бірі жамап тұрса да, бәскелестік әрдайым басым. Газеттің оқырмандарын сақтап қалу үшін эксклюзив материалдар мен сапалы мақалалар шығарып тұру қажет. Мейлінше, фейк ақпараттардан аулақ болып, статистиканы көтеремін деп арзан дүние қуып кетуден іргені аулақ салу қажет. Ақпарат ағын судай тасыған заманда әр сөзімізге мұқияттылықпен қарап, халыққа нақты әрі шынайы, боямасыз пайдалы дүние беруге тырысайық. Алдағы он жылдықта дәстүрлі газет редакциялары креативті журналистерді жұмысқа алып, медианы мүлдем жаңа деңгейге көтереді деген үміттеміз. Ол үшін заман ағымынан қалып кетпей, үнемі дамып отыруды әдетке айналдырған жөн.
Газет-журналдар өз жұмысын бастап кетті. Ендігі әрекет бізден, яғни болашақ жас журналистерден! Ғасырға жуық тарихы бар газетке жаңа дем беріп, оның деңгейін көтеру біздің қолымызда. Жазушылар дайын болса, оқырман да қамдана берсін.
сурет: atlasnews.ru