Ғалымның өзі өлсе де, хаты өлмес!
блог
Ата - Отбасындағы маңызы өте зор тұлға. Ол бала өміріндегі ата-анасынан кейінгі, екінші ұстазы. Оның бала тәрбиесіне, оны адалдыққа үйретуге, жамандық пен жақсылықты ажыратуға, өмірлік нұсқау беруге үлесі ерекше. Әсіресе, өсиеті мен қасиеті ұрпақ үшін рухани азық.
Менің де өмірімде сол ұстазымның атқарар рөлі өте зор. Менің атам - көздерінен жалын мен жылу шашатын үлкен тұлға болатын. Ол мен үшін, әлемдегі жүрегі ең кең, құшағына қырық бала сыятындай көңілі ашық адам. Маған деген көңілінің ерекшелігі тым бөлек еді. Анам жұмысқа кеткенде, мені тәтті ұйқымнан оятып, әдемі көйлектерімді кигізіп мектепке жіберетін. Өмірінің соңына дейін маған шексіз махаббаты мен ақылын беріп өтті. Мені әдептілікке, ешқашан берілмеуге, бір істі бастап, оны тастап кетуге болмайтынын санама өрбітетін. Әлі ойы далада жүретін мен, ол ақпаратты бір күн есімде сақтасам, бір күні ұмытып қаламын. Атамның әңгімелері, айтқан өсиеттерінің барлығы жадымда қалмаса да, еміс-еміс есімде. Солардың бірін баяндасам.
Көгала көктемнің соңғы шық түскен күндері. Ауа - райы бірде ыстық болып, бірде суып тұрған шақ. Атам далаға таза ауа жұтуға шығып, ойнап жүрген бізге ескерту жасаумен әлек. Баланың ойы далада демекші, ол ескертуді құлағымызға да ілмей, біз асырсала ойнап жүрміз. Бір мезетте шатыр-шұтыр күн күркіреп, аспанға қара бұлт үйіріліп, дала түнеріп сала берді. Найзағайдың ойнағанынан қорқып, ағам екеуіміз атамның құшағына қарай жүгіріп, костюмының астына тығыламыз. Біздің қорыққанымызға езу тарта: “балаларым, бұл нұр. Алланың нұры жауып жатыр. Жаңбыр жауғанда тілектерің қабыл болады” деп, ары қарай күбірлей сөйлеп, өз тілегін тілеп кетті. Костюмінің ішінде тығылып отырған мен, бұл тансық сөздері көп, мағынасы тым терең сөйлемді жадымда қатты сақтадым. Бірақ, осынау сөздерді 6 жасымда түсінбесемде, қазір 16 жасымда әр жаңбыр жауған сайын, марқұм ұлы ұстаз - атамды еске түсіріп көзіме еріксіз жас толтырамын. Сол уақытта маған, атамның сөздерінен жылы сөз, құшағынан кең ештеңе жоқ екенін қазір түсініп, сол шаққа оралғым келіп, сағыныштың самалы бір еседі. Енді міне мен де бой жетіп, есейіп қалдым. Қазір менің жаңбыр жауса, тілек тілейтін әдетім осы атамның ғибратты өсиеті мен нұрлы ақылының арқасында деп білемін.
Бұл сөздер, көрініс маған өмірлік сабақ болғандай. Атамның айтқан сөзі маған жылы болғаны соншалық, қазір дәл сол ұстазымдай болған атамнан тәрбие алғаныма қуанамын. Мен үшін ғалымдай болған тұлғаның қазір көзі жоқ болса да, сөзі әрқашан жадыма сайрап тұрары хақ!