Философиядағы ақиқат.Қазіргі ғылымдағы ақиқат туралы концепциялар

Адам баласы ақыл, сана сезім, ойлаудың иесі болғандықтан ол өзінің қоршаған әлемін тануға, оның ақиқатына көз жеткізуге талпынады. Және бізді қоршаған әлемде адам баласы өзінің айналасындағы табиғи әлемдерді, белгісіз құбылыстарды, ондағы рухани және материялдық әлемді тереңірек түсіну үшін осы түсініксіз, ақиқаты танылмаған құпияларлың сырын тануға үңіледі, даму заңдылықтарын білуге ұмтылады және қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынасын анықтайды. Өмір философиясында саналы деген әрбір адам дүние болмысындағы ақиқатқа қол жеткізгісі,  түсінгісі келеді. Бірақ, меніңше, ақиқатқа кез-келген адам қол жеткізе алмайды.

Танымның теориялық нысаны болған ақиқатқа ғалымдар əртүрлі анықтамалар береді. Ақиқат дегеніміз – объектіге сəйкес біздің білімімізбен дəлелденген шындық туралы білім.  Ақиқат ұғымының түп бастауы сонау ежелгі грекиядан бастау алады. Атақты грек философы Аристотель ақиқатқа мынадай анықтама берген: «Ақиқат - ол сананың, ойлау мен заттың, білім мен шындықтың болмыспен сейкестігі» (Истина - это соответствие мысли и предмета, знания и действительности).  Яғни таным тұрғысынан обьект ақиқат деп танылуы үшін ол шындыққа сәйкес дәлелденген болуы тиіс.

Негізінен философия ұғымының негізгі мақсаттарының бірі - ақиқатты зерттеу, тану, шындыққа көз жеткізу екенін білеміз.  «Ғылымның мұраты – бар тылсымның сырын айқындау, барлықтың ақиқатын ашу, соның негізінде, сол барлықтан заңды түрде туындайтын немесе міндетті түрде шығатын, шыға алатын нәрселерді анықтау» [1, 3].

Философия ғылымы өзінің даму тарихында ақиқат концепциясы аясында түрлі тұжырымдамалардан өтті. Соның алғашқысы классикалық тұжырымдамамен байланысты.  Бұл тұжырымдама бойынша шындық дегеніміз – адам білімінің нақты жағдайда, кез келген обьективті шындыққа сәйкес келуі деп ұғынылды. Алғаш ақиқат ұғымының классикалық негізін салған, ақиқат жайлы тұжырымды әрі нанымды мәлімет берген ежелгі грек ойшылдары - Платон мен Аристолель болды. Классикалық кезеңдегі шындықты ғалымдар адам білімінің нақты жағдайымен, кез-келген обьективті шындықпен байланыстырды. Ақиқаттың классикалық концепциясы бойынша – объект туралы білімнің мазмұны объекттің өзіне сәйкес. Аристотель өзінің метафизика еңбегінде ақиқат деп – біздің  қоршаған ортадағы обьективті заттар мен құбылыстардың адам санасында бейнеленуі. Алайда Аристолтельдің ұғымы ақиқат ұғымының дәйекті материалистік ұғымен бере алмады.

Қазіргі заманның ең танымал философиялық ғылыми ақиқаты – диалектикалық материализмнің негізінде жатыр. Диалектикалық материализм алғаш рет обьективті ақиқатты тану процесін түсіну үшін баға жетпес маңызы бар танымның ғылыми теориясын құрды. Бұр тұжырым бойынша ақиқат теориясы, ең алдымен, обективті шындық деп танылды және олар біздің санамыздан тәуелсіз құбылыстардан тұрады. Екіншіден, ақиқат субьективті ұғыммен, шындықпен байланысты. Үшіншіден, танымның нәтижесі – ақиқат деп есептелінді. Осы тұстан байқайтынымыз, ақиқат қашан да обьекті мен субьекті арқылы танылады. Төртіншіден, ақиқат – бұл үздіксіз болатын шексіз процесс. Ақиқат дегеніміз - субъекті мен объектінің арасындагы өзара байланыс негізінде жүріп жатқан əлеуметтік тарихи процесс. Ол үнемі даму, өзгеру,  толығу үстінде болатын үзіліссіз процесс. Ал бұл үздіксіз процесс салыстырмалы және абсолютті ақиқат арқылы көрінеді. Нәтижесінде қол жеткізілген барлық шындықтар – салыстырмалы шындықтар, абсолютті ақиқат-салыстырмалы шындықтардың қосындысы болып шығады.

Ақиқат біреу және ол объективті. Ақиқат өзінің мазмұны жағынан объективті, ал формасы жағынан субъективті. Обьективті ақиқат дегеніміз субьектіге, яғни адамзатқа  тәуелсіз мазмұнды айтады. Ал осы адамзатқа түсініксіз ақиқат ұғымы бірден ұғынылмай, бірте-бірте танылып, гипозелар жасалып түсіндіріледі. Осы ақиқатты бірден-бір танушы, танытушы субьект болғандықтан субъектінің маңыздылығы үлкен. Олай болса, адамдар ақиқатқа жету үшін – тиімді әдістер іздейді, ал олар адамдар ақыл-ойының белсенділігін арттырады. Демек, ақиқатты танып-білу философияның міндеті деп толық айта аламыз.

Философиядағы жекелеген ақиқаттардың толығымен, тұтасымен танылуы – абсолютті ақиқат деп аталса, ал сол абсолютті ақиқатты тек шамамен ықтималды түрде салыстырылып танылатын ақиқат – салыстырмалы ақиқат деп аталады. Яғни салыстырмалы және абсолютті ақиқат бір бірінен бөлек, алыс тұрған ұғымдар емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын біртұтас, өзектес ұғым.

Танымның даму процесін бейнелейтін категория – абсолютті және салыстырмалы ақиқат. Бұл ұғымдар бұрын танылған және болашақта танылатын құбылыстарды, не болмаса біздің болашақта таным-түсінігімізде өзгеріске ұшырайтын ақиқаттардың арақатынасын айқындайды. Танымның үздіксіз процесс екеніне мынадай мысал келтіруге болады. Біздің, адамзат баласының, қол жеткізген түрлі техникалық, өндірістік жаңалықтары және т.б жаһандық  үзіліссіз даму процесстерінің нәтижесі екені білеміз. Ал заман дамыған сайын болмыс туралы ұғымды адамзаттың тану процессі де үзіліссіз болатыны сөзсіз. Яғни ақиқат дамуға байланысты өзгеріп, түрленіп, толықтырылып отыратын салыстырмалы категория екен.

Салыстырмалы ақиқат шындыққа жақын және оған едәуір сәйкес келетін, бірақ толық емес ақиқат. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай салыстырмалы ақиқат абсолютті ақиқатты танудың құрамдас бөлшегі. Екеуі бүтін мен бөлшек. Бір сөзбен айтқанда абсолют ақиқат салыстырмалы ақиқаттың жиынтық көрінісі. Салыстырмалы ақиқаттың мағынасы шектеулі болғанмен оның даму мүмкіндігінде шек жоқ. Өйткені ол өзгермелі дүниенің егжей-тегжейін саралай, іріктей, өмірге бейімдей отырып, абсолют мәннің құрамдас бөліктерін жинақтайды.

Ежелгі грек философиясында абсолютті ақиқат ұғымы белгілі бір болмыс туралы түсініктің бір қатып қалған, өзгермейтін табиғи және өздігінен қалыптасқан ұғым деп түсінілген. Ал діндарлардың пікІрі бойынша абсолютті ақиқат белгілі бір күшке, рухқа ие ұғым болған. Бұл екі ақиқаттың негізге бір арнаға түйісетін тұсы, екеуі де обьективті мазмұнды бейнелейді нақты дәлелді не гипотезалы білімді толықтырады. Абсолютті ақиқат – бұл обьект туралы нақты да толық жетілген шындық. Толық айтқанда абсолютті ақиқат- шынайылыққа сәйкес обьективті болмыс туралы бұлжымайтын білім.

Ақиқат ұғымы туралы қазіргі философияда түрлі тұжырымдамалар бар, бірақ соның ішінде мына негізгі үш негізгі концепция қалыптасқан: когеренция концепциясы, прагматикалық концепция және конвенционализм концепциясы.

 - когеренция немесе сəйкестік концепциясының негізгі тұжырымдамасы - «Ақиқат - ол білімнің нақтылыққа сəйкестігі». Когеренция концепциясы [лат. cohaerentia – байланыс, жалғасу] деген ұғымды білдіреді. Яғни обьективті болмыс шындық деп танылуы үшін ол нақтылыққа сәйкес болуы шарт.

 - прагматикалық концепцияның негізгі тұжырымдамасы: «Ақиқат - ол тəжірибемен дəлелденген». Прагматикалық концепция [грек pragma – іс-әрекет, тәжірибе] деген ұғымнан шыққан. «Білімнің қайнар көзі және негізгі құралы – тәжірибе, логикалық пікір және ғылыми бедел. Бірақ осы аталғандардың ішіндегі адамдарды ақиқатқа жеткізетін ғылыми құралдардың ең бастысы – тәжірибе. Себебі тәжірибе – тәжірибе болғандықтан құндылыққа ие. Ал қалғандары осы тәжірибе арқылы дәлелденуі керек» [2,46].

 - конвенционализм тұжырымдамасы бойынша: «Ақиқат - ол білімнің өз-өзімен сəйкес келісімі» дейді. Конвенцианизм ұғымы [лат. conventio – келісім, шарт, жағдай] дегенді білдіреді. Бұл тұжырымдаманы қолдаушы А. Пуанкаре пен Р. Карнап ақиқаттың мазмұны шарттық-келісімдік  қасиетке ие екенін айтады. Негізінен ғылыми таным - ұйымдастырудың қатал формасын өзара құрап, оның қарсы келмеуі, дəлдігі, жүйелігімен көрінеді. Ғылыми танымның спецификалық бағытталуы ақиқатқа жету болып табылады [3. 170].

Қорыта келгенде, ақиқат ол тұрып қалған жүйе емес, ол үнемі ескірмейтін мәңгілік тақырып. Ақиқат ұғымымының мәні заман дамыған сайын танылу, даму, ашылу үдерісінде болатын процесс. Меніңше, ақиқатты тану мәселесі адамның рухани жағынан үнемі өз-өзін дамытуына, саналы түрде өсуіне, мына өмірдегі тылсым құпияларды тануына жол ашатын өмірлік концепция болуы тиіс. Сол себепті кез-келген адам өзінің дүниедегі орнын айқындау үшін ақиқатты тану үшін ізденгені, білімін толықтырғаны дұрыс. Бұл ойымды әйгілі философ әл-Фараби сөзі айғақтайды. Бір сөзбен айтқанда, Фараби «адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып білу арқылы жетіледі», - деп түйін жасайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Әлікенова К.Н. Ғылым тарихы мен философиясы: оқу құралы. – Талдықорған: ЖМУ, 2012. 256 бет.

2.     Алтаев Ж.А., Ғабитов Т.Х., Ғылым тарихы мен философиясы / ЖОО-ның магистранттары және аспиранттарына арналған оқулық. – Алматы: Раритет, 2007 – 320 с.

3.     Тойматаев Д.Б. Т 50 Ғылым тарихы мен философиясы: магистранттарға арналған оқу құралы / Д.Б. Тойматаев. - Қостанай: ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, 2016. – 209 б.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс магистранты Байдетова Қанымай Қайратқызы

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің доценті Данат Жанатайұлы Жанатаев

 

 



Бөлісу: