Есімі естен еш кетпес...

        Жұртты бiлiм көптер емес,малы көптер билеген кездiң қайнаған қазанына дөп түскен,аты кейiнгiге қалуға тиiс,тұрпаты бөлек қайта тумас тұлға-Қантаев Оразәлi Даулетиярұлы.Мойнындағы борышын,өзiне артылған мiндеттiң жүгiн қай кезде де сезiнетiн ат төбелiндей аз азаматтардың iрiсi де Оразәлi Дәулетиярұлы едi.Сұңғақ бойлы,ақ реңдi,жарқын жүздi,қалың шашты,қатқыл қабақты ердiң сұсты тұс,өзiмшiлдiк,кiсiлiктi жарқ етiп өткен ғұмырында бiр көрсетпеген жайсаң жан да  Оразәлi Дәулетиярұлы.Жағымпаздыққа жармасқан жалаң сөз сөйлеп,уағдаласқанын уәде емес ада қылатын қиын шақтарда еңбек жолын еңбектеп жинаған жанның жүрiп өткен жолы бөлек,жөнi бөлек.Тектiден тараған тұяқ ата жұрттан алыста кiндiк кестi.Тастан сарай,қыштан қала салғызатын Ташкент шаһарында бiлiм алып, «Құрылысшы»мамандығының маманы атанған.Елден жырақ өскен Оразәлi Дәулетиярұлы қазақ топырағында туғандардан артық қызмет еткен санаулы серiлердiң бiрi.Мектептi үздiк аяқтаған,политехникалық колледждi тәмамдаған орта бiлiмдi азаматтың өмiр жолы ерек боларын ешкiм бiлмедi.Бала кезiнен тұрпаты мен тұрысы,ойлауы мен сөйлеуi,ниетi мен көңiлi бөлек дарабоздың даңғыла жолын сiз бен бiз ғана емес,кейiнгi ұрпақ та бiлсе абзал.

         Тамыры терең Таразда жаңадан бой түзеген Жаңатастың тасын өрге домалатқан Оразәлi Дәулетиярұлы.Жаңа басталған жұмысты қарапайым жұмысшыдан бастап,ең жауапты лауазымдарды мiнсiз атқарды.Аз жұмыстың өзін саз қылып,қиын жұмысты еш көпсінбей жең түріп кірісе кететіні Оразәлі Дәулетиярұлының ана сүтімен дарыған асыл мінезінен болса керек.Жалқаулықты жақтырмайтын басшының қол астында тек тілімен жел сыпырғандар емес,тірлікті тастай етіп атқаратын тіс қаққан мамандар қызмет етті.Салған сарайы мен тұрғызған дуалы берік,таза болатынын және Жаңатас қаласының жұмысын жандандырып,құрылысына жан бiтiргенiн байқаған басшылар бiлiктi маманды  2001 жылы «KEGOС»акционерлік қоғамына шақырды.Өзiне тапсырылған әр iстi абыроймен,жауапкершiлiкпен,құнттап алатын зор парасат иесi құрылысшы мамандығынан бөлек энергетикаға машықтанып алды.«Энергетика»деген екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн сан салалы саладан 2011жылы 29қарашада «Еңбегi сiңген Энергетик»атағын алды.Табандылық пен талапшылдықтың,табан тiреп тiрлiк iстейтiн қасиеттiң арқасында ұжым,компания,басшылар арасында беделi биiк болды.Қарапайым қарашаның баласы қазақ үшiн керек дегеннiң көп парасын бермесе де,салып бердi.Аспан асты елi мен  ең жас мемлекеттiң арасындағы келiсiмге қол қойып,«Мойнақ»су электр станциясының құрылысын елбасы Оразәлi Дәулетиярұлына өзi сенiп тапсырды.Нық қадам басып,тың жобаны темiрдей жүк қылып өзi көтерiп,мiндеттi мiнсiз атқарды.2005жылы басталған алып жобаны алты-ақ жылда ауқымдап алған басшы ерен еңбек сiңiрдi.Әр тасы мен топырағын қолдан-қолға,ауыздан-ауызға тигiзбей сол құрылысқа құйған адал басшының төсiне  2009жылы «Қазақстанның құрметтi құрылысшысы»орденi тағылып,қолына құжат табысталды.Еш елде болмаған әлеуметтiк маңызы зор нысанды жоқтан бастап,шоқ қылған;тақыр дала мен бос қуыс болған Жаңатасты жаңа кейiпке енгiзген;ұйымшыл ұжымдастар мен риза жұмысшыларды шоғырландырып,елдi еңбекке етене араластырған Оразәлi Дәулетиярұлының еңбек жолы осындай.

       Балапан басына,тұрымтай тұсына кеткен тұстарда ел игiлiне көп құрылысты нөлден молға көтерiп,жоқтан бар жасады.Екi қолға бiр күрек таппай сенделген көп жастарды басқарып,ұжымды бiр үйдей берiк қыла алған Оразәлi Дәулетиярұлының еңбегiн ел бағалап,тарих тағылым тақса нұр болмақ.Ер азығы түзде дегеннiң дәлелi болған Оразәлi Дәулетиярұлының артында тал да,мал да,риза адам да қалды.Өмiрiнде қарғыс емес,тек алғыс алған Орекеңнiң адамдығы адамға үлгi едi.Әр басқан белесi мен асқан тауы биiктеген сайын еңбекті елеп елі таққан «Құрмет»орденіне бек лайық болғандардың бірі әрі бірегейі.Адамдық пен адалдықты жанынан жоғары,бойынан биік қойған ердің жасап алған еңбек жолы мен абыройы қалай өссе,жақсы қасиеттер мен жайсаңдық дәл сонымен қатар өстi.Арғымақтай арқырап өткен Оразәлi Дәулетиярұлының дәм тұзы 2011жылы таусылу бұйрық болған екен.Елдiң iргесi iрiмесiн деп бар ғұмырын тiрлiкте тiршiлiк қылып өткiзген ердiң есiмi ел жадында қалса мұрат.

       Алдымен адам,содан соң бiлiктi маман болған Оразәлi Дәулетиярұлы туралы жазылған есті естеліктер қатарын жас қаламгер ретінде толықтыруды жөн көрдім.





Бөлісу: