«ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ»

«ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ»
жеке
блог

         Биыл міне, қазақ халқының тамыры тереңде жатқан тарихында тұңғыш кәсіпқой балуаны ретінде танылған, ерекше орасан күш иесі, күрестің сан алуан түрінен әлем чемпионы атанған, қазақ халқының бетке ұстар азаматы бола білген және ел есінде мәңгі өшпес із қалдырған қазақ алыбы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына 150 жыл толып отыр.

         Кеңес Одағының ішкі істер халық комиссариатының жалған айып тағуымен қатар, қудалауға ұшыратқанына қарамастан, ақтық демі қалғанша, өз кезеңінде орын алып жатқан жағдайларға бей-жай қарамай, көмегім тисе екен деп өткен Қажымұқан атамыздың ерлігі мен табандылығы, қайсарлығы мен батылдығы есімізде мәңгі сақталмақ.

         1871 жылдың сәуір айының 7 күні Ақмола уезі, Қараөткел ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген Қажымұқан бала кезінен орыстың байлары мен дәулетті адамдарға жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Әйтсе де бала Мұқан үшін жұмыстың ауыры болмаған, арбаны да өзі сүйреп, ауыр қапты да ұршықша иіріп әкететін болған. Осы кезеңнен бастап, ауыл ішінде бала Мұқан жайлы әңгіме тарап, оның мықтылығы жайлы естімеген құлақ қалмайды. Ауыл тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленіп, «бала палуан» атанып кеткен Мұқан енді өз өмірін күрес өнері мен палуандылыққа арнайды.

         Таптырмас өнерімен әлемнің түкпір-түкпірін аралап, 54 мемлекетте күреске түсіп, қанжығасына 48 медаль байлаған Қажымұқандай алып сол кезеңде бүкіл түркі халықтарының ішінде тек қазақта ғана болды. 1906 жылы, яғни 35 жасында қазақ алыбы бірінші рет әлем сахнасында өз өнерін паш етіп, «әлем чемпионы» атағын иеленеді. Бірақ палуанның өмірінде тек жеңістер мен атақ-даңқ болған жоқ. 1937 жылы батырымыздың адал еңбегі мен ар-намысына қарамастан, КСРО ІІХҚ қызметкерлері «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» — деп айыптап, қудалауға ұшыратады. Осыдан соң палуан Түркістан жерінде бас сауғалайды, өз өмірінің ақтық кезеңдерін де осы мекенде өткізеді.

         Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаевтың және Ә. Құртаевтың 2019 жылғы 8 қарашадағы қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты депутаттық сауалына жауап ретінде премьер-министр Асқар Мамин өз сөзінде «Биыл бабамыздың туылғанына 150 жыл толып отырғандықтан, оның құрметіне арнап, көптеген іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда» деп айтып өтті. Сонымен қатар, Қазақстан телеарнасының Апта бағдарламасының 07.02.2021ж. шығарылымында Президентіміз Қ.Тоқаев та Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың жоғарғы деңгейде өтуін қадағалауға тапсырма берді. Жоспарланған іс-шараларды өткізу Ақмола облысының Степногорск қаласында  палуанға ескерткіш орнатылғаннан басталды. А. Маминнің хабарлауынша, Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазақ күресінен Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. 2021 жылы республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде, сондай-ақ ұлттық спорт ойындарын, Қажымұқанға арналған көрмелер және т.б. шараларды өткізу көзделіп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильм 2017 жылдан бастап көрсетілуде. Осы жылдан бастап Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі жайында «Қажымұқан» атты көркем фильм түсіріліп, ол 2021 жылдан бастап еліміздің телеарналарынан көрсетілетін болады.

         Халқымызды әлемдік аренада жақсы қырынан танытқан, ұланғайыр қазақ жері мен ұлы қазақ халқының намысын жерге таптатпаған бабамыздың есімі мәңгі жүректе болып, оның ерлігі мен мықтылығы ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа өшпес мұра болып қалатынына сенемін!

 

 

Абдулла Айтұмар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

Ф.Қозыбақова, ғылыми жоба жетекшісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.