Екі елдің бірлігін арттырған қазақ басылымы

Екі елдің бірлігін арттырған қазақ басылымы
жеке
блог

     Қазіргі таңда қазақ баспасөзінің кең қанат жайып, оқырмандар арасында өз орнын қалыптастырып келе жатқаны көз қуантады. Әрбір аймақтан хат-хабар таратып, елдің мұңын, реті келсе қуанышын да қатар жеткізіп отыратын басылымдар күн санап артып келеді. Солардың бірі-халықаралық маңызы бар еларалық басылымдар. Тарихын сонау жиырмасыншы ғасырдың аяғынан бастау алған «Заман-Қазақстан» газетінің бүгінгі айтар ойы, жазар мәселесі ешқашан таусылған емес.

     Тәуелсіздіктің қарлығашы саналатын «Заман-Қазақстан» газеті-Түркия мен Қазақстан арасындағы ақпараттық құрал көзіне айналған, екі ел арасына рухани, мәдени көпір орнатқан басылым. Газет оқырмандарға әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ақпараттар ұсынады. Осыдан жиырма тоғыз жыл алдын екі алпауыт мемлекеттің басшылары осындай игі бастаманың жүзеге асқаны үшін бір-бірін құттықтап, ақ жарма тілектерін жолдаған болатын. «Түркиядағы мән-жайды жан-жақты танып, қазақ жұртына жеткізе білсе, Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістермен дер кезінде бізді хабардар етіп отырса, нұр үстіне нұр деп білер едім. «Заман-Қазақстан» осы мақсатты ұстанар деген берік сеніммен сәтті қадам тілеп, қуана құттықтаймын»,-деп сол кезеңдегі ел президенті Тұрғыт Өзал жүрекжарды лебізін білдірген болатын.

      Міне, сол уақыттан бері арадан отызға жуық жыл өтті. Аз уақыт болса да газет өзінің даңғыл жолынан жаңылмай, екі ел арасында ақпараттық байланыс орната білді. Газеттің алғашқы редакторлық қызметін абыроймен атқарып шыққан  Қалтай Мұхаметжан басылымның ел арасына кең таралып, халықтың көзайымына  айналуына сүбелі үлес қосты. Ұлт мүддесін алғашқы шепке қойған халықаралық басылымда қазір жаңа айдарлар жарық көріп, оқырман назарына көкейкесті мәселелерді ұсынып отыр. Солардың бірі-«Әкім бол, халыққа жақын бол» айдары. Осының арқасында қарапайым халық тарапынап келген сауалдарға жауап бере отырып, күрмеуі шешілмеген тың мәселердің шешімін табуға ықпал етеді.

     Газет 2017 жылы өзінің 25 жылдық мерейтойын тойлайды. Алайда, арадан бір жыл өте салысымен газетке өзгеше реңк кіреді, атауына өзгеріс енеді. Көзі қарақты оқырманның жүрек түкпірінен орын алған «Заман-Қазақстан» енді «Қазақстан дәуірі» атты жаңа атауға ие болады. Бүгінде бұл басылым «халықаралық газет» деген атауын жоғалтпай, үдеден шығып келеді. Ақпарат, саясат, руханият, қоғам, салауатты өмір, сұқбат сынды бөлімдері арқылы газетке жаңа леп әкелді. Газеттің 9 сәуір күнгі нөмірінде Қызылорда қаласы, Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің «Жас қаламгер» үйірмесінің жетекшісі Анар Каражанова есімді оқырманның «Ұлттық өнер-ата дәстүр мұрасы» атты мақаласында Сыр елінің шеберлерінің мәрт мінезі мен ұлт өнеріне деген шынайы махаббатына тәнті боламыз. Сонымен қатар, газеттен тіл жанашырларының бірсыпыра мақалаларына көзіміз түседі. Ертай Айғалиұлының 22 сәуір күні жарық көрген мақаласында бүгінгі қазақ телевизиясының жай-күйінен хабардар боламыз. Осыдан бірнеше жылдар бұрын елімізде жиырма төрт сағат бойы мемлекеттік тілде ақпарат тарататын арналар жоқтың қасы еді. Мұны көршілес елдер  естігенде жағасын ұстап, елімізге аянышпен қарайтын. Осыған қарамастан біраз уақыттан кейін «Қазақстан» ұлттық арнасы тәулік бойына қазақ тілінде ақпарат тарата бастады, сонымен еліміздегі ең ірі арна таза қазақ тіліне көшті.  Автор мақаланың негізгі арқауы етіп «Балапан» телеарнасын алады. Иә, бұл арна балалар  арасына кеш келді, бірақ балалар аудиториясында осындай арнаның болуы көңіл қуантады. Мақаланың негізгі айтар ойы-бұл арнаның мақтауын асыру емес, керісінше балаларды зеріктіріп алатын кейбір келеңсіз тұстарын талдау. Қарапайым өмірдегі өз әрекеттерімен салаластыра отырып, арнаның жалықтырарлық контенті бар екенін атап өтеді. Мәселен, кішкентай кейіпкерлер өздерінің іс-қимыл, қозғалыстарымен, шеберліктерімен балаларды өзіне тарта бермейді. Жасанды көріністер көбірек. «Мұндай шала жансар дүниелер өте көп. ХХІ ғасырда небір заманауи дүниелерді әкелуге технологиялық мүмкіндіктер зор ғой. Неге соларды пайдаланбаймыз?»,-деп өз өкінішін білдіреді. Расында, ұлт болашағы осы телеарналарда жасалатынын ескерсек, қазақ телевизиясының әлі де болсын әттеген-ай дейтін тұстарын аңғарамыз. Автор сөз соңында: «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыздың тамаша тәмсілі бар. Ендеше бәріміз жабылып «Балапанды» көркейтейік, оның деңгейін өсіруге, жетімдік көрмеуіне бар күшімізді салайық!»,-деп қорытындылайды.

        Міне, «Заман-Қазақстан» газетінің бүгінгі жаңа толқыны оқырманға осынау тағылымы мен өзектілігі ұштасқан тың ақпараттарды ұсынып отыр...

 

                                                                                                Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ