Ежелгі Қазақстан қалалары – өркениет орталықтары

Қай кезеңде болмасын белгілі бір дәуірде өмір сүрген тайпа өзі өмір сүрген аймақта мәдениет және өркениет ошақтарын қалыптастырып отырды. Әсіресе, ол сол тайпаның орналасқан территориялық аймағына, өмір салтына, тұрмысына, шаруашылық жағдайына байланысты болды. Қазақстан аумағында өмір сүрген рулар, тайпалар, мемлекеттер белгілі бір аумаққа қоныстанып, сол жерде мәдени өмірді дамытуға үлес қосқан болатын. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қалалық өмір барынша дамыған болатын.

         Ежелгі кезеңде Қазақстан территориясында мемлекеттік, тіпті империялық дәрежеге дейін жеткен қаңлы, сармат, сақ, үйсін, ғұн секілді тайпалар мен тайпалық одақтар өмір сүрді. Олардың әрқайсысының өзіне ғана тән өркениеті мен мәдени өмірі болды.  Солардың әрқайсысына жеке жеке тоқталып өтсек.

         Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан территориясындағы қалалардың зерттелу мәселесіне келер болсақ, бұл тұрғыда археолог ғалымдардың еңбегі әсіресе ерекше болды. Мәселен, К. Байпаков пен Ж. Таймагамбетов еңбектерінде археологиялық қазба деректері негізінде ежелгі, сонымен бірге ортағасырлық мәдени орталықтары – қалалар, оның тұрғындары, олардың тұрмысы, өмірі туралы жан-жақты мәліметтер келтірілген. Авторлар Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың мәдениеттері көп компонентті екендігін анықтаған. Яғни, түрлі мәдениеттердің ықпалынан қалыптасқандығы туралы тұжырым жасаған.  Бұдан бөлек аталған тайпалар мен мемлекеттер туралы ақпараттар қытай, парсы, грек тарихшыларының еңбектерінде де кездеседі. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік.

         Ежелгі кезеңде Қазақстан жерінде алғаш қоныстанған тайпа сақтар болды. Сақтар Қазақстанның барлық аумағында дерлік қоныстанды деуге болады. Олардың қоныс-тұрақтары мен қалалары Қазақстанның шығысынан, солтүстігінен, орталығынан, оңтүстігінен табылды. Әсіресе, сақтардың оңтүстіктен табылған қалаларының орны жақсы зерттелген. Олардың ішінде атақтылары ШірікРабад және Бәбіш молда қалалары.

Шірік Рабад қаласы Жаңадария өзенінің жағасында орналасқан. Қала төрт гектар аумақты алып жатыр. Қала қос қабатты дуалмен қоршалған. Қаланың айналасы ормен қазылған. Ол өз кезегінде қорғаныс рөлін атқарғаны белгілі. Сонымен қатар қала қабырғасында арнайы оқ ататын орын бар. Қала аумағына бірнеше кесененің орны табылған, онда тайпа көсемдері жерленген. Қала аумағына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қала тұрғындарының тұрмысы, шаруашылығы, жағдайы туралы мәліметтер кешені қалыптасты.

Қала аумағынан шетелдік ыдыстар мен әртүрлі жазуы бар заттардың табылуы, сақтардың көршілес алыс-жақын елдермен қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. Шірік Рабад мәдениетіне жататын ыдыстарда Орта Азия елдеріндегі стильдер көптеп кездеседі. Онда сол дәуірдегі ежелгі мемлекеттер Парфия мен соғдылық  стильдер бар. Қала сақтардың астанасы іспетті болған, сол себепті де ол саяси, мәдени әкімшілік орталық рөлін атқарған.

Сақтардың келесі бір қаласы Бәбіш молда қаласы. Бұл да қорғанысты бекініс. Оқ ататын арнайы орындар бар, қабырғалары қалың бекініс. Қала сыртынан дуалдармен қоршалған. Бәбіш молда қаласындағы кейбір құрылыстарда ахеменидтік құрылыстар да кездеседі.

         Алматы облысында орналасқан үйсін және сақ қалаларынан бірнеше ғибадатханалардың орны табылды. Олар бір-біріне ұқсас болып келеді. Онда қазандықтар мен шырақ жағатын ыдыстардың қалдықтары табылған. Арнайы мінәжат, тағзым ететін орындары да болған. Бұл сақ, үйсін тайпаларының өзіндік діни нанымы жайлы ақпарат береді.

Ежелгі дәуірде қаңлыларда қалалық мәдениет аса жоғары деңгейде дамыды деуге болады. Себебі, олар дәл ұлы жібек жолы кесіп өтетін, қолайлы географиялық аймақта орналасты. Қаңлылардың отырықшы өмір салтын көбірек ұстануы да, оларда қалалық мәдениеттің дамуына орасан зор әсер етті. Және де қаңлы қалаларының тағы бір ерекшелігі олар мемлекет құлағаннан кейін де, өз өмір сүруін жалғастырып, ғасырлар бойы тіршілігін жалғастырып тұрды. Қаңлы қаларының ішіндегі ең атақтылары Битян, Көкмардан, Қостөбе, Пұшықмардан, Бозұқ, Отырартөбе, Шөлтебе, Шаштөбе, Алтынтөбе, т.б. Түркістан қаласымаңында Қаратөбе Сидақ, Сырдария аймағында Мейрамтөбе, Келінтөбе секілді қалалары бар. Сонымен бірге қаңлы қалаларынан табылған заттар олардың көршілес мемлекеттермен саудаэкономикалық және мәдени байланыста болғандығын көрсетеді. Оның ішінде Кушан, Қытай, Парфия мемлекеттеріне тиесілі заттар өте көп табылған.

Қаңлы қалаларының тағы бір ерекшелігі әкімшілік жағынан бөліністерге, яғни кварталдарға бөлінген. Туыстық жағы жақын адамдардың үйлері бір-біріне жақын маңда орналасқан.  Сонымен қатар дін иелері, белгілі бір кәсіппен, егіншілікпен, қолөнермен, саудамен айналысатындар болып бөлінді. Өз кезегінде билеуші әулет пен билеуші таптар қаланың дәл орталығындағы цитадель қабатында өмір сүрді. Қаңлы қалаларындағы үйлерде белгілі бір тәртіппен салынған. Халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты үйлер бір бөлмелі, екі бөлмелі және көп бөлмелі деп бөлінген.

Қытай авторларының еңбектерінде қаңлы тайпасы, қалалары туралы бірқатар қызықты деректер бар. Мысалы, қаңлылар туралы жазылған алғашқы деректерде оларды көшпелілер деп келтірсе, кейінгі кезеңде жазылған деректерде оларды отырықшы деп сипаттайды. Оларды балшықтан жасалған қамалдарда тұратындығын жазады. Сонымен бірге қаңлы астанасы Битянь деген қала екендігін, одан бөлек жазда тұратын ордалары бар екендігін жазады. Бұдан қаңлылардың көшпелі және отырықшы өмір сүргендігін, отырықшы аудандарда өздеріне тән қалалардың, онда көшпелі және отырықшы мәдениеттің дамығандығын байқауға болады.

         Қаңлы қалаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде, олардың үш түрлі мәдени дамуы болғандығы анықталған. Ол бір жағынан тайпаның орналасқан территориясына, екінші жағынан оған жақын орналасқан көрші мемлекеттің мәдениетіне байланысты болды.

         Қазақстан территориясындағы ғұн қалалары туралы мәліметтер жоқтың қасы деуге болады. Бұл бір жағынан, археологиялық зерттеулердің жүргізілмеуінен, екінші жағынан ғұн қорымдарының өте аз табылуына байланысты болып отыр. Ғұндар басқа тайпалар секілді оба тұрғызбағандықтан, олардың қалалары, қоныстары туралы нақты мәліметтер жоқ. Сонымен бірге олар отырықшылықтан гөрі көшпелілікпен айналысқандықтан да мәліметтер өте аз.

Қорытындылай келе, Қазақстан аумағында қалалық мәдениет ежелгі дәуірлерде-ақ қалыптасты деп айта аламыз. Оған басты дәлел сақ, қаңлы тайпаларының қалалары болып табылады. Бұл қалалар ежелгі дәуірдің өзінде белгілі орталықтар болды.



Бөлісу: