Қасиетті алтын балық жайлы көбінесе балалық шағымда еститінмін.Жатарда анам "Ертегілер әлемі" атты кітаптың ішінен алтын балық жайлы әсерлі, қызықты кітап оқып беретіні әлі есімде. "Егер мен балықшының орнында болсам ..." деп армандап, алтын балықтың қасиетіне тамсанып, қиялымды елестетіп ұйықтаушы едім. Сол шақтан бастап менде "алтын балық" жайлы түсінік қалыптаса бастады. Алтын балық - бұл, менің түсінігім бойынша, белгілі бір адамның тілегін орындайтын қасиеті бар ғажайып тіршілік иесі.
Әр адамның қиялы, арманы әр түрлі емес пе?! Кей адамдар: "Алтын баслық ұстап алсам, анама ұзақ ғұмыр тілер едім" , - дейді. Ал кейбіреулері: "Бар әлемде жақсылық орын алса деймін" ,- деп армандап жатады. Бұның барлығы, әрине, дұрыс. Аналарымыз жүз жасап, әлемде жақсылық орын алса керемет қой! Бірақ, барлығы өз орнымен болады. Егер де мен ертегілер әлеміндегі алтын балықты ұстап алсам, өзі сияқты алтын балықтар көбейіп, көмекке зәру адамдардың қармағына түссе екен дер едім. Мәселен, қазіргі заманда өкінішке орай экология салдарынан кемтар сәбилеріміз дүниеге келіп жатыр.Бұл - ең өзекті мәселе.Сондай-ақ қандай да бір қиын жағдайға душар болған, көмекке мұқтаж жандардың, сырқаттанған сәбилеріміздің жағдайы оңалып кетсе нұр үстіне нұр болар еді. Мен, өз басым, қиял- ғажайып әлеміндегі алтын балықты жолықтырсам өзіме ештеңе сұрамас едім. Неге дейсіздер ғой? Ендеше, назар салыңыз:
Біздің үйде 350 келі алтын бар,
Сенбесеңдер, таразыға тартыңдар.
Анам - алтын 60 келі тартады,
Ал әкемде 90 келідей бар тағы.
Жездем - алтын, алтындай 2 әпкем бар,
Үшеуінде 190дай келі бар
Ал анамның ерні түйіп сүйгені
10 келі бал немере үйдегі.
Міне осындай алтыны бар әркімнің,
Бағалайық әр сәтті әр күннің.
Шүкір етем әрдайым мен , себебі
Бақытты өтіп жатыр әр күнім.
Ертегілер әлеміндегі алтын балық армандарды орындайтын қиял - ғажайып кейіпкер болса, ал шынайы өмірде алтын балық, ол - отбасымыз. Сондықтан да қолда бар алтынның қадірін білейік!