Дос жолында құрбан болу емес, нағыз досты табу қиын!

Өмірге келген әр пенде ес біліп,есейген соң  мұң-шерін шағатып, қуанышына ортақтасатын сырлас іздеп тең табары рас. Достық – ұлы сезімнің бірі. Адамдар бір-біріне қалтқысыз сеніп, жығылғанда демеп, құласа көтеріп, өмірдің сан түрлі қиындығында жаныңнан табылып, қайғы мен мұңды тік тұрып бөлісетін, тек қиындықтар да ғана емес өмірдің жарқын сәттерінде де жәрдемдесетін өлшеусіз қамқорлық пен жауапкершіліктің, адами құндылықтардың басын біріктіретін қасиет. Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын. Достыққа кіршіксіз адалдық пен қарап,  шынайы бағалау қажет. Бүгін де ел арасын да достық туралы:

“Бір дос бар мұрныңнан қан кеткенше,

Бір дос бар астыңнан тақ кеткенше,

Бір дос бар басыңнан бақ кеткенше,

Бір дос бар қораңнан мал кеткенше,

Бір дос бар кеудеңнен жан кеткенше” – деген орынды,мағаналы сөз бар.

 Сатқындық, екіжүзділік, қызғаншақтық және өтірік айту достық ұғымына қарсы, достыққа кедергі болатын керіағар ұғым. Өзгенің қуаныш-бақытын көре алмайтын  жандардың  досы аз, тіпті болмауы мүмкін. Ел даналығында достыққа байланысты айтылған аңыз-әңгімелер мен мақал-мәтелдер көп: “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады”, “Жүз тиының болғанша,бір досың болсын”.  Достықта қолда барын беріп,қайтарым күтпей үйрену керек.  Достықты шынайы бағалаған адам ешқашан жалғыз қалмайды.

 Үлкендерден достық жайында естіген өсиет-әңгімелерімнің бірі: Бұрын қалың қар жауған қыстың бір күні, Арман қолына күрек алып, есік алдын тазалауға кіріседі. Көрші үй жаққа қарап еді, үйге барар жолы жасалынып дап-дайын болып тұрғанын көрді. Ертеңіне қайта қар жауады. Арман көршісінен қалыспайын деп, бұл жолы әдеттегіден жарты сағатқа ерте тұрады. Далаға шығып қараса, көрші үйдің есік алды баяғыдай тазаланып қойылыпты. Үшінші күні болса, қар кешегіден де көп жауған. Бірақ бұл жолы да, Арман жолды тазалау үшін ертерек тұрса да, көршісінің үйіне жол тазаланылып қойылғанын көреді. Көршісімен кездескен сәтте, Арман тура сұрайды: «Сен есік алдындағы қарды қалай ғана тазалап үлгересің? Әр көргенімде үнемі тап-таза болып тұрады»,  дейді. Көршісі оған: «Жолды қардан ешқашан тазалаған емеспін. Келіп-кететін достарымның көптігінен болса керек, жол өздігінен-өзі тазаланып, осылай болады»,  деген екен.

 Шанайы достықты сынайтын естіген әңгімелерімнің тағы біреуі: Әкесі баласына достарының шынайы дос еместіктерін қанша айтып жүрсе де, баласы онымен келіспей «Сіз оларды білмейсіз – олар менің шын достарым» деп үнемі қарсылық көрсетеді. Бір күні әкесі: «Олай болса достарыңды сынап көрелік. Бір қойды сойып, оны бөлшекте дағы, қан-қан күйінше етті бір қапқа салып кел» – дейді. Бозбала айтқанды жасайды. «Енді», – дейді әкесі – «осы қапты алып достарыңа бар да «біреуді өлтірдім, сүйегі мына қапта… маған көмектес»,  деп сұра. Достарыңның саған адал болғанын, болмағанын сонда көресің»,  дейді. Бозбала  бір досының үйіне барады да, біреуді өлтіріп қойдым деп, одан өлікті тығуға көмектесуін сұрайды. Бірақ досы келіспейді. «Менен алыс жүр!» бәледен аулақ деп есігі алдынан қуып жібереді. Тағы бір досына барса, ол да көмектеспей қайтарып жібереді. Басқалары да солай. Көңілі түсіп әкесінің алдына келеді. «Айтқаныңыз рас екен. Шын дос емес екен олар маған. Ешбірі көмектескісі келмеді»,  дейді ол мұңая. Әкесі «Айттым ғой, саған»,  деп, енді пәлен жерде тұратын, пәленше деген кісіге сәлемімді айтып бар да, достарыңнан сұрағанды одан да сұра дейді. Бозбала айтылған жерге барып, әкесінің досына жолығады. Әкесінің сәлемін айтып, «Біреуді өлтіріп қойдым, әкем сізді маған көмектеседі деп айтқан»,  дейді. Әкесінің досы дереу оны үйге кіргізіп, өзі үйдің артқы бақшасынан бір ор қазады. Қапты сол орға көміп, үстінен қызғалдақтарды егіп тастайды. Бозбала үйге қайтып келіп әкесіне досының көмектескенін, қапты бақшасына көміп, үстінен қызғалдақ еккенін айтып береді. Бұл жолы әкесі: «Енді сол досыма қайтып бар да, ел-жұрттың алдында бүлік шығарып, оны мазала»,  дейді. Баласы таң қалады, бірақ әкесінің айтқанын орындайды.  Қайтып барып әкенің досына түрлі жаман сөз айтып, ел-жұрттың алдында бүлік шығарады. Сонда да ол кісі балаға: «Әкеңе сәлем айт. Мен бір боғауыз сөз үшін қызғалдақтары бар бақшамды қопаратын адам емеспін»,  деп жауап қатқан екен дейді.

 “Дос дегенің шар айна,

Сындырып алма абайла!

Сындырып алсаң егерде,

Достықты құрастыру оңай ма?!”- деп бұрын естелік дәптерге жазып беретін. Шынымен, достық алдымен сенімнен бастау алады. Ал сынған сенім қайта орнына келмейді!



Бөлісу: