"Дос - ажарың, жолдас - базарың"

Расыменде дана халқымыз бұл достық деп аталатын асыл қасиеттің қадірін ертеден-ақ білген. 

Дос - көңілдің ажары. Әрбір адам досқа мұқтаж. Дос - ақылшың, қиын кезде қол ұшын беріп, жәрдемтесетін қолдаушың. 

Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды - деп бекер айтпаса керек.

Қазіргі таңда шынайы дос табу өте қиын. Бетіңе күліп қарап, артыңнан неше түрлі жағымсыз істер тындыратын "екіжүзді" адамдар өте көп. Ондай адамдардан қалай сақтану керек? Шынайы досты қалай білеміз? Шынайы достың қандай қасиеттері болады? - дейтін секілді сұрақтар әрбір адамды іштей мазалайтыны бәрімізге мәлім.

Ендеше осы сұрақтың жауабын іздейік. Шынайы дос табу үшін, ең алдымен адам өзі шынайы болу керек. Досыңыздың бойында болу керек қасиеттер сізде де болуы шарт. Себебі дос- адамның айнасы. Адамға өзі секілді жандар кездеседі. Сондықтан ортамызды жақсы, ізгі адамдармен толтырғымыз келсе, ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. 

Енді исламдағы достық пен бауырмашылыққа кезек берейік. 

Исламда мұсылмандар бір-бірінің және барлық адамдардың құқықтарына құрмет көрсетеді. Бауырмашылық сезіммен бір-бірінің қиындығына ортақтасып, ауыртпалықтарын бөлісіп көтеру, жәрдемдесуді өздеріне борыш деп біледі. Өздеріне бір жамандық жасалса оны кешіріп, тез ұмытып кетеді. Кек сақтауды жөн көрмейді. Мұсылмандар сонымен қатар әрқашан сыпайы қарым- қатынаста болады. Адамдарға жолыққанда сәлем беріп жүреді. Әрдайым жақсы сөз айтады. Айналасындағыларға жақсы жағынан әсер етуге талпыныспен өмір сүреді. Достыққа және бауырмалдыққа маңыз береді. Достығына берік болады. Ешкімді алдамайды. Берген уәдесінде тұрады, екі сөйлеп, сөзінен таймайды.

Міне дәл осы қасиеттердің барлығы да әрбір мұсылманның бойында болуы шарт. Асыл дінімізде достық, бауырмашылықтың қандай болатынын жоғарыда атап, көрсетіп кеттік.

Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деп бұйырады:

"Мұсылман - мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық жасамайды, оны қатерге тастап кетпейді" (Муслим,Бирр,58)

Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа.
Жаманмен жолдас болсаң - қаларсың ұятқа - демекші, достығымызға адал болайық. Адамзатқа тән осы асыл қасиетімізден айырылып қалмайық!

 



Бөлісу: