Димаш «Патша әнші» атанып кетпес үшін қытай барын салды...

Димаш «Патша әнші» атанып кетпес үшін қытай барын салды...
жеке
блог

«Мен қазірдің өзінде жеңімпазбын» деген Димаштың бағын байлаған кім әлде не? 

Он төрт кезеңге бөлінген «Мен әншімін» жобасы қытайда бірінші рет ұйымдастырылып отырған шара емес. Жыл сайын ұйымдастырылып онда тек қытай азаматтары бақтарын сынап келген. Тек биыл ғана қазақтың баласы Димаш Құдайберген қатысып, жалғыз өзі бір каналдың бағдарламасын халықаралық деңгейге жеткізді. Әйтпесе одан басқа алыс-жақын шет елден қатысқан қатысушы жоқ.  

Алғашқы кезеңнен-ақ миллиардты мойындатқан Димаш оқ бойы озық болды. Жасырары жоқ, І және ІІ кезеңде де Димаш классикалық үлгідегі, жоғары ноталарды ұстайтын әлемге танымал екі әнді орындады. Ал тек ІІІ кезеңнің шарты бойынша ол жеңіл әрі ойнақы ән орындауы керек болды. Байқап отырғандарыңыздай «Мен әншімін» жобасының мақсаты бойынша әр кезеңде түрлі жанрдағы әндерді орындау керек. Бірақ дауысым бар дегеннің бәрі әнші емес, әншімін дегеннің бәрі бүкіл жанрда ән сала бермейді ғой. 

Төрт көз емес, төрткүл дүние Димашты таныды. Тіпті әлеуметтік желілердегі көрілім сандары миллионнан асып жығылды. Қытайдың өзіндегі сайттардың көрілім саны – 4 миллиардтқа жетті. Осы күнге дейін миллиард көрілім жинаған атақты PSY болса, Димаш одан үш есе асып түсті. Қызық, дүниенің жартысынан көбі мойындап тұрып, «Патша әнші» атана алмай қалу мүмкін бе?! Мүмкін екен... 
Димаштың жеңімпаз болуына кедергі болған дүниелер:

 
Микрофонның жыры... 
Финалдық кезеңде оның дауысы ақырын шығып қалғанын бәріміз байқадық. Қытай сайттарының өзі Димаштың микрофоны істемей қалғанын алға тартып отыр. Тек Димашқа келген кезде микрофон істемей қалыпты демесін деп, Джаң Бичынның де микрофонын құртқан секілді. Әйтпесе он төрт кезең бойы дауыс біткенде жұтып қоймай шырқап келген микрофон неге дәл финал уақытында істемей қалды? Техникалық ақау деген күннің өзінде адам ақаудың белгісі бары анық... 

Лаура Шангпен... 
Финалда Димаштың жұбы болған әнші Лаура Шангпен қытайдағы ең мықты әншілердің бірі. Бірақ қытай елі оны жақтыра бермейді. Себебі ол өз тілінде ән салғаннан гөрі шет елдің тілінде ән салғанды ұнатса керек. Ал өнер адамының бағын ашатын халық. Сол халық сахнадағы әншінің бірін жақтырмай тұрса, оның екінші адамға әсер етпесіне кім кепіл? 
Сэнди Лэм 
Димаштың ең басты қарсыласы екенін о бастан-ақ білдік. Себебі Азияны мойындатып тастаған, көптеген атақтардың иесі еді. Қытай оның бұл атақты алатынына, біз Димаш осы атақты алады-ау дегендей сенгені анық. 1966 жылғы әншінің тәжірибесі де Димаштың тәжірибесінен мол екенін ескеру керек. Бірақ кейде еңбекті талант басып кететіні бар. Неге екені белгісіз осы жолы талант еңбекті баса алмаған секілді... 
Дауыс беру 
Естуге қарағанда, былтырғы «Мен әншімін» жобасы кезінде залдағы көрерменнің дауыс беру жүйесі қағазға жазып беру арқылы жүзеге асқан екен. Ал биыл бұл электронды жүйеге ауысқан. Әр нәрсені сылтау қыла беруге болады. Бірақ техника тілі қанша әділ дегенмен, оны жасап отырған адам ғой, тіпті қытай ғой. Ендеше саусақпен берілген дауысты саусақпен шешіп тастау қытай үшін жұмыс болып па?! 
Жинаған балдар 
Димаштың бұл жолғы өнер көсетуі мектепте 11 жыл бойы білім алып үздік атанып келіп, ҰБТ-дан құлап қалған оқушы секілді болды. Қалай дейсіз ғой, оның финалға дейінгі балдарын есепке алмайды. Финалдағы бал өз алдына бөлек және сол бал ғана Димаштың тағдырын шеше алды. Ал енді қараңыз бүкіл кезеңде үздік үштік пен бестіктен түспеген Димаштың финалда сүрінуі аяқ асты ма әлде әдейі ме?! 

Қытай елі 
Жалпы қытай елі отан десе өлетін халық. Оларда асқақтық дейтін дүние жоқ. Себебі бәрі халық алдында бірдей. Оқ бойы озып шыққаны бәрбір біздегідей жұлдыз болып жанып кете алмайды. Тек шет елге барып өнер көрсетіп, өздерін жарнамалап жатқандары болмаса, қытайдың өзінде жұлдыз болу оңай дүние емес. Енді ойланыңыз, «Мен әншімін» бағдарламасы қытайдың өз ішіндегі бағдарламасы. Димаш тек сырттан келіп қатысушы қонақ еді. Бірақ қытай шахмат ойыны секілді бәрін алдын-ала ойластырып қойған. Әйтпесе ол Қытай бола ма?! Бір адам арқылы бір аймақтың бағдарламасын халықаралық дәрежеге көтеру, бір адам арқылы бір каналдың рейтинг көрсеткішін көтеріп алу, бір адам арқылы Орта Азия тіпті Еуропаға да танылу «Мен әншімін» жобасына деген қап-қара пиар. 


Саяси көзқарас немесе мәдени соғыс 
Сіз бен біз байқамаған бір нәрсе бар. Ол мәдени соғыс алаңы. Соғыстың ең жаманы да осы. Қытай Димашты қатыстыруы қатыстырып алып, артынан өкіне бастады. Себебі жаппай қытай жұрты қазақ тіліне ден қойып, ән салып, арнайы курстарға жазыла бастаған. 20 миллионға жетер-жетпес халықтың тілін бір айдың ішінде миллиардтың үйрене бастауы – интрига! Ал бұл бағдарламаның максималды деңгейге жеткенін қытай билігі көрмей отыр дейсіз бе?! Бүгінгі күнге дейін мәдениетімен емес нарығымен таныла бастаған қытайдың бәсі несімен басым болды демеңіз, бәрі ойын. Бес саусақтың біреуі ішке бүгулі екенін ескеру керек. 

Қытай бұл бағдарлама арқылы Еуропаға мәдени соғыс ашты. Димашқа «Азияның үздік әншісі» атағын беру арқылы, азияда да мәдениет бар екенін жеткізгісі келді. Себебі бүкіл классика мен өнердің негізгі бастауы Еуропада. Ең қызығы қытай көпшік қоюды біледі және оны қайтып алуды да біледі. Бірақ жұлып алмайды, тартып алмайды, білдіртпей алады. Оларша болғанда, «Димашқа атақ бердік, даңқ бердік, өнерін сүйетін халық бердік, бірақ шаңырақ кімдікі екенін ұмытпау керек қой» дегендері анық. 

Қорыта келгенде, сіздерге бір мысал келтірейін. Елімізде өтетін түрлі сайыстарда әділ-қазы алқаларының шешімімен мынандай жағдайлар орын алып жатады. Ең мықты өнер көрсеткен адамға жанама бір атақ беріледі де, ең басты жүлде басқаның қанжығасында кетеді. Бұл үйреншікті жағдай. Дәл сол секілді Димаш аталған үйреншікті істің кебін киді. Қытай елшісі «Димаш Қытайда өз мансабын жалғастыра алады» депті. Қорқу керек. Бізге байқау бітті екен деп енді мән бермей кетуге болмайды. Қызық енді басталады. Себебі біз Димашқа байқау кезінде ғана қолдау көрсеттік, оның үстіне кезінде Ринат Зайтов бастаған бір топ әнші емес қазылар Димашқа жағымсыз пікірін ашық айтқан. Ал енді ойланыңыз, өз елінде қадірлі бола алмаған жұлдызға, өзге ел аспан төрінен жұлдыз болуға орын беріп тұрса бас тартар ма едіңіз? Миллион емес, миллиардтың қошеметі сіздің сахнада делебеңізді қоздырмақ түгілі, ләззатқа бөлері анық. Шығармашылық адам өте сезімтал әрі эмоцияға жақын келеді. Димашты сақтау керек және қорғау керек. Онсыз да оның киім киісіне қарата айтылған даулар да бар. 
Отандық өнімді өндіріп өзге елге тегін беріп, қайта сатып алу біздегі бір түсініксіз жәйт. Ал бұл адам. Тегін беріп ертең елімізге келіп ән салу үшін миллион доллар төлеп жүрмейік. 

Димаш – біз үшін ғана емес, әлем үшін жеңімпаз болған әнші. Мойындатты. «Патша әнші» атанбаса да халықтың патша көңілін оятты. «Мен әншімін» жарысының жүлдесін алмаса да, фонограммамен ән айтатын біраз адамға «әнші қандай болу керек» деген ұғымды үйретіп кетті. 


Бағың жана берсін, Димаш! 

(с) Марғұлан Ақан