"Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді" деген қазақтың тәмсілі бар. Кім айтса да, қашан айтса да тауып айтқан. Кінә неден яки кімнен басталғаны белгісіз. Әйтеуір тіл мен жақтың байыз табар күні жоқ. Жұмыр басымызға біткен құлақ та маза жоқ. Ертеректе ұрыс-керіс, жанжал дегенді ілуде бір рет еститін едік. Қазір күніне мың естіп, мың көретін болдық. Тіпті ұялмай, бетіміз бүлк етпестен, айызымыз қанып, жанымыз жай табардай болып, көңіліміз жайланып, миымыз тынығатын күйге жеттік. Әлеуметтік желінің қайссы біріне кірер болсақ; көреріміз, бағдарлап қарарымыз жанжал, ырду-дырду төбелес. Бұл бізді, ұрпақты қайда бастамақ, қандай күйге түсірмек, о, жағы беймәлім. Дегенмен де жақсылыққа, ізгілікке бастамасы белгілі.
Біз қандай ел едік. Ата-бабамыздың үйреткен әдебі, берген тәлімі, баулыған имани жолы қандай еді. Бір үйде ұрыс болып, сол ұрысқа құлағын түре тыңдаған біреуді көрген де, қандай өнегелі сөз айтып, тойтарып, тоқтау салар еді. "Тәйт" деп тиып, бұрыстығын, олай жасау жақсылыққа бастамайтындығын айтар еді ғой. Қазір ше, қазір бәрі басқаша.
"Саналы адам кінә іздер" деген хәлге түстік. Біреудің арын ластаған, намысын таптаған, қасықтап жинаған абыройын шелектеп төгетін хабарларды көруге, тамашалауға құмар болып алдық. Басында қызық болғаны, қызықтырғаны, өзіне елітіп тартқаны анық. Бірақ сол қараған қалпымызбен әлі күнге шыға алмай қалдық-ау, деймін сірә. Бетенеден белгілі бір нәрсе бар, ол жарнамалау жағынан көздің жауын алар болған, арзан заттың өтілімі де, қаралымы да көп болары. Бірақ та ұлттық мүдде жағынан, рухани азық жағынан құнының жоқтығы. Біз сонда қайда бара жатырмыз?..
Өзінен емес, өзгеден үлгі алатын тұсымыз бар. Осы тұста әлем елдерінен мысал келтіре кетейін. Ғалымдардың зерттеу қортындысы бойынша кедей халықтардың 78% түрлі реалити-шоуларды көреді. Ал ондай реалити-шоуларды көретін байлар 6% құрайды. Халыққа танымал миллиардерлердің 86% кітап оқығанды жақсы көреді екен. Айналып келіп кітапқа тірелеміз. Біздегі оқырмандар туралы сөз қозғамағаным дұрыс болар. Кейде өзімізіге налып "күннен-күнге кедейленіп барамыз, бұған билік кінәлі" дейміз. Шынтуайтында барлығына кінәлі тек өзіміз, басқа ешкім де емес. Алтынға бергісіз құнды уақытты бос бекерге сарф етіп, құрбан еткенде ешкім кінәлі болмайды. Материялдық қиыншылыққа түскенде, біреуге айып тағып, біреуді міней жөнелеміз. Рухани азықтанбаған, жан дүнесіне жақсылықтың дәнегін сеппеген адам олқылықтарға жолығады. Рухы әлсіреген адамда материялдық қажеттілікке деген құмарлық артады. Өзін де жоқты алдап, арбап, өзгенің бағын өз бағындай көреді. Тұнығы лайланып, бұлағы тартылып, өз орынын білмейтін хәлге түседі. Тура сол хәлге аяқ басып бара жатқандаймыз.
Ауылдың кешінде ызыңдаған дыбысымен сары маса қаптаушы еді. Жай ғана ызыңдап, жүйкені тоздырса бір жөн-ау, жанай кеткен тірі пендені шағып, уын тарататын. Шаққан орыны көпке дейін ашып, мазаны алып, ыңғайсыздық тудыратын. Қазіргі жанжалға толы бағдарламалар, түрлі бейнелер тура сол сары маса секілді. Ызыңдайды сананы сансыратады, олар да уын таратады. Дей тұрғанмен олардың уы сары масаның уындай уақытша емес, мәңгілік. Адам жадында, санасында,, ғұмырын да қашан қара жерге енгенше қалады. Миы уланған жастар мен жасамыстар қалайша елдің тұтқасы болмақ, ақыл-ойына сүйеніп қандай жаңалықтар ашпақ. Керей мен Жәнібек хандардың, Абылайдың, кешегі өткен Кенесары Қасымұлының арман-мақсатын кім жалғастырмақ. Бұлыңғыр. Белгісіз. Біз бүгіннен бастап шаңырағымызды көтеріп, уығымызды қадап, керегемізді нығайтсақ қана, Әлем сахнасында, тарих беттінде ойып тұрып орын алатын ел боламыз. Ол үшін қазірден бастап еңбек ету қажет. Бізге берілген бағалы уақытты тиімді пайдаланып, ұтымды жоспар құру керек. Нағыз жоспар құратын, керекті уақыттарымыз бекерге кетіп жатыр. Гүлге мейіріммен қарап, таза су құйып өсірер болса, жайқалып, жайнап шығады. Адам да солай, бірақ жанжалға толы, ұрыс-керіс көріп, санасы уланған ұрпақтан не шығары Жаратқанға аян. Тілі сайрайтын, бірақ ісінде бәтуа жоқ ұрпақтардың өсуінен сақтасын!
Бибіт НҰРМҰХАНОВ