Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жиғанымызға да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Жыл өткен сайын Қазақстанымыз өркен жайып, тамырын тереңге салып, қарыштап алға басып, қуатты мемлекетке айналуда. Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Ұлылардың қазақ халқының жолында аянбай еткен әрекеті, өшпес ерлігі – бүгінде Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміздің айқын көрінісі.
Біз тұғыры биік, еңсесі тік, керегесі кең, бейбітшілігі тұтасқан, ертеңі бар елдің бүгінгі жастарымыз. Бүгінгі күннің жастары мен байырғы заман жастарының айырмашылығы неде? Меніңше, ол уақыт кеңістігінде және де сол байырғы жастардың төбеміздегі қара бұлтты сейілтіп, бүгінгі күннің жастарына тәуелсіздік сыйлауында. Біз келешектің кемелі болар білімді, инновациялы, интеллектуалды ұрпақпыз. Мұның барлығы тәуелсіздігіміздің үлкен бір жемісі деп білемін. Көк байрағы көгінде желбіреген, еркіндік сүйген елде зайырлы өмір сүру кейбір елдерге қол жетпес арман. Бізде болса зайырлылық, демократия ата-бабаларымыздың арқасында қалыптасып, бүгінгі таңда біздің тәуелсіз бейбітшілігіміз мақтанышымызға айналып отыр.
Елімнің елдігі, елдің мықты, айбынды бейнесі – сол бір мекен – аймақтың жергілікті тұрғындарының іс – әрекетіне, ойының кемелділігіне, адамзаттың бесікте жатқанындағы сіңірілген тәрбиесіне, парасаттылығы мен адамгершілік қайнар көзіне, отанына деген ыстық ықылас сүйіспеншілігіне байланысты болады. Егеменді, тәуелсіз Қазақстан Республикасы таң арайлап өзінің мақсатына, ата – бабаның асқақ арманына қол жеткізді. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуды аңсады. Қаншама батырларымыз, ержүрек апа-ағаларымыз елін, жерін қорғау мақсатында оққа ұшты. Тәуелсіздік – ата-бабамыз армандаған асыл армандарының бірі екенін білеміз. Ел болғанда да өзге елмен терезесі тең, өзгелер қызыға қарайтын ынтымағы жарасқан ел болса деді. Ұрпағымыз тілін құрметтесе, алысқа, өзге елдерге қырағылықпен қарап, терең біліммен болашағын бағдарлай алса, байлығын қорғай алса, жауын ақылмен тізгіндей білсе, иманды болса деп армандаған. Ақын-жазушыларымыз тәуелсіздік үшін күресіп, көбі қайғыға ұшырады. Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі болсам да, Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін Тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Тәуелсіздік бізге тегіннен тегін келген жоқ. Осы күнге дейін құрып кетпей, ұлан байтақ жерде Қазақстан деген мемлекеттің болуы - ата-бабаларымыздың қасық қаны қалғанша елі, жері үшін кеудесімен оқ тіреп, соңғы демі үзілгенше еліне, ұрпағына осынау кең қазақ жерін сақтап қалуынан. Ұлылардың қазақ халқының жолында аянбай еткен әрекеті, өшпес ерлігі – бүгінде Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміздің айқын көрінісі.
Арманға жету үшін біздің біліміміз, ақыл - ойымыз, іс-әрекетіміз нық болуы керек және үнемі ізденіспен ойымызды рухани жаңғыртып отыруымыз қажет. Рухани жаңғыру – елдігіміздің шыңға шығар жолының бастауы болмақ. Сондықтан, егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз болуы тиіс. Тәуелсіз елдің ұрпағымыз деп қуануымыз керек. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Боранбай Динара Сағатбекқызы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универститеті.
Журналистика факультеті, 2-курс.