Бүгінгі қазақ қоғамының ұстазы кім?

Бүгінгі қазақ қоғамының ұстазы кім?
жеке
блог

Ұстаз - қайталанбас ерекше дара тұлға.Білгенін шәкіртімен бөлісетін,білмегенін тынбай ізденетін, ақиқат жолындағы рухани тәрбиеші. Шәкіртін өзінен асырып, білімін тасытып, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін ұлт ұстазы.

  «Ұстаз» деген сөзге айтатын теңеу көп, нағыз ұстаз болатын адам аз. Мен үшін алаңдатарлық өзекті мәселенің бірі. Қандай мәселе? Бүгінгі қазақ қоғамында ұстаз азайып, мұғалім көбеюі.

   Шындығы екеуі екі түрлі мағына.Қазіргі қоғам бұл дүниеге аса қатты мән бермейді де. Тіпті, бұл мәселенің барын да, жоғын да білмейді. «Ұстаз» бен «Мұғалім» деген бір мағына деп ойлаймыз. Бірақ мына мен де , сіз де, біз де қатты қателесеміз.Бір ұғым, екі мағына.

  Мұғалім - Қазақстан Республикасының (немесе кез-келген мемлекеттің) мектеп табалдырығын аттауға тиісті, білім алуға тиісті әрбір жас ұрпағын білім нәрімен қамтамасыз етуші. Оқытушы. Әрбір мектепке келген балаға нұсқаулық көрстуші,түсіндіруші.Бар өзінің алған білім-ілімін балаға беруші. Уақыт өте келе, заман емес, қоғам өзгере келе мұғалім мен ұстаз түсінігі бір мәнге ие болды.

  ХХ ғасырға көз жүгіртсек, қазақ қоғамының «Ұлт ұстазы - Ахмет» есімізге түседі. Даналығы,даралығы бір бөлек, ұлтқа, қазаққа, қазақ қоғамына адал қызмет еткен алаштың ұлтшылы. Білімін алты алашқа паш етіп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан, дәл сол уақытты емес,ертеңін ойлап,болашақ өскелең ұрпақтың мектебімен біліміне және жүрегіне өшпестей із қалдырған ұлт ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт ұстазы» болуының себебі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының кірпіш болып қалануына себепкер болған ұлттық жазудың реформаторы. Алты Алаштың басын қосуды көздеген, ұлт мұраты жолында дамылсыз әрекет жасаған қазақ даласының алғашқы ұстазы. «Ұлт ұстазы»  деген атақтың өзін, қылышынан қан тамған кеңестің адам төзгісіз саясатында, софылық етуге жау төніп тұрған заманда,ерең еңбегінің арқасында осы лауазымға ие болды. Ахмет атамыздың бойынан ең әуелі елге, жерге, тілге деген шексіз махаббатты көреміз. Одан соң “Еліме софылық қылудан пайдам тисін” - деген ниетін көреміз.Әрбір ұрпағымыздың көзі ашық,көкірегі ояу болғанын мақсат етті.Сонымен қатар сол мақсат-арманына жетті.

  Қазіргі қоғамның қателігі «Ұстаз бен мұғалім » түсінігін бір санатқа жатқызуы. Бұл сұрақ бұрын соңды менің көкейімде болмаған еді. Мектеп оқушысы ретінде мектебімдегі барлық мұғалімді ұстазымдай көрдім.Бірақ бір күні “ұстаз” деген сөзіме қарсылық танытқан мектеп мұғалімін көрдім.  

-«Мені  ұстаз деме, мұғалім деп ата», -деді.

«Неге?», - деп сұрап едім…

-«Маған “ұстаз” деген атақ алуға әлі ерте», -деп жауап берді.

 Мұғалімімнен бұл жауапты естігеннен кейін мен үшін бір қызық тақырып болды.Әлеуметтік желілерден осы сұраққа қызығушылығым артып, жауап іздей бастадым. Іздей келе, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлының сұхбатына тоқталдым. Ержан Әмірбекұлы берген сұхбатында: - «Қазіргі таңда мұғалім деген ұғым бар. Ұстаз деген ұғым бар. Мен өзім Ы.Алтынсарин өңірінен келгеннен кейін, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында жұмыс жасап жүргеннен кейін, Ы.Алтынсарин Қазақстандағы ең алғаш дала мектебін ашқан ұстазымыз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ даласының,Торғай өңірінің ең алғашқы ұлт ұстазы.Сол кісілердің көкейінде жүрген  арман,болашақтың тұлғасын қалыптастыру болды. Олар ”ұстаз” деген атқа ие болды. Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың ұстазы  болды. Ол - мұғалім емес! Мұғалімдік кезеңнен әлдеқайда жоғары тұрған.Біз қазір “мұғалім мәртебесі” дейміз. Жақсы,ол түсінікті.Мұғалім деген ол көп.Ал ұстаз бола білген адамдар ілеуде-біреу. Сондықтан да біздің тәрбиелеп жатқан студенттеріміздің арасынан “Ұстаз” деген ұғымға лайықты азаматтар көбірек шыққанына біз мүдделі болуымыз қажет! Ұстаз - ол баланың бағын ашатын,баланың арманына арман қосатын,баланың көкейінде тұрған ойды,мақсатты оқи алатын,оны артынан ерте алатын азаматты біз “ұстаз” деп айта аламыз.Оның киім киісі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысының бәрі ұстаздық тұлғаға лайық болуы керек.Ал мұғалім көп.Ол математика пәнінің мұғалімі, ол физика пәнінің мұғалімі т.б. Ол сол деңгейде қалып қоюы мүмкін. Біздің мақсат - ұстаз тәрбиелеу!», - деп ұстаз бен мұғалім арасындағы айырмашылықтың нүктесін қойды.

     Бәрімізде бір мақсат, бір мүдде. Алты Алаштың басы қосылса, төр- ұстаздікі болары хақ. Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде мемлекетіміздің дамып,әлемнің білімді елдерінің санатына кіруі үшін, мұғалімдіктен ұстаздыққа бет-бұратын ұстаздарымыздың, жас ұрпақтарымыздың көп болуына тілектеспін!