Бүгінгі «Жұлдыз» журналының мазмұндық, тақырыптық ерекшелігі
блог
«Жұлдыз» журналы қоғамдық өмірге, саясатқа, мәдениет пен әдебиетке барынша араласып, сондай тақырыптарды көтеріп келеді. Журналдың тағы бір белесі - түркі дүниесінің жауһарларын адамзатқа паш ету, насихаттау. Бүгінгі таңда бұл журнал өзектілігін жоймай келе жатқан ұлттық идеологияны қалыптастыруда басты рөл атқаратын әдеби басылымдардың бірі. Әдеби басылымдар әрине қазір елімізде көп-ақ. Ал аға басылым «Жұлдыз» журналының орны бір бөлек. Бұл басылымның тарихы әріден басталды. Алғашқы саны 1928 жылы жарық көрген журнал өз кезеңінің әдеби-мәдени келбетін айшықтауда. «Жұлдыз» - алаш жұртының әдеби, әлеуметтік журналы. Жалпы, бұл журналдың авторлары құрамында әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған, қалдырып жатқан ақын-жазушыларымыз қызмет істеп келеді. Шет елдегі қазақ әдебиеті тақырыбы да «Жұлдыздың» назарынан тыс қалмаған.
Басылымның мазмұндық ерекшелігін әңгімелегенде ең алдымен, оның жанрларынан бастағанымыз жөн. Әдеби басылымдардағы негізгі жанрлар интервью, оның ішінде әңгіме түрі, суреттеме түрі кездеседі. Әрине әдеби басылымда ақпараттық хабарлар кездеспейді. Өмір фактілерін жинақтап, оны жақ-жақты талдап зерттеудің және қорытудың негізінде шындық құбылыстар мен оқиғаларды баяндайтын жанр корреспонденция да, қоғамдық құбылыстар мен оқиғаларды зерттеп ұғынудың, талдап және жинақтаудың қорытындыларынан туған идеяның негізінде жазылатын публицистикалық шығарма - мақала жанры да әдеби басылымдардың жанрлары.
«Жұлдыз» қоғамдық-әлеуметтік, әдеби- көркем журналының 2007 жылғы наурыз айындағы нөмірінде «Поэзия. Проза» айдарында жазушы Шерхан Мұртазаның «Жалғыз», «Тарпаң» атты әңгімелері, ақын Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» тақырыбымен өлеңдері, ал «Ел межесі - елулікке ену» айдарында жазушы Қуандық Түменбайдың «Жүрдек пойыз келе жатыр» Қазақстан Темір жолына қатысты мақаласы, «Мәдени мұра» айдарында жазушы Жолтай Өлмашевтің «Әуезовті ардақ тұтқан ағалар» атты естелік әңгімесі жарық көрген. Сондай-ақ осы нөмірінде «Сын және әдебиеттану» айдарында жазушы Бекен Ыбырайымның «Сыншы мұраты» атты Серік Қирабаевтың 80 жас мерейтойына орай жазылған мақаласы, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 70 жыл толуына орай ақын Бауыржан Жақыптың «Сендей саңлақ өмірге келер ме екен қайтадан» атты еске алу мақаласы, «Жұлдыз» журналының «Қыз-келіншектер жырлайды» айдарынды ақын Баян Бекетованың «Өмір өзі жазып берді өлеңді…», Мақпал Жұмабайдың «Түндігін жырдың түрдім…» тақырыбындағы өлеңдері оқырманмен сағына қауышқан.
Бүгінгі таңда да журналдың «Проза», «Поэзия», «Жас толқын», «Түрік дүниесі», «Сырсандық», «Сөз сәулесі» сынды айдарларында көптеген тағлымы мол материалдар жариялануда. Соларға қарап отырып Мұхтар Мағауинның біршама материалдарына көзім түсті. Соның бірі сәуір айында жарияланған «Балақан. Ғұмыр бастау шежіресі» болды. Басы «Бейдауа дерттен мезгілсіз өткен немерем Кәмиланың мәңгілік рухына...» деп басталған екен... Бұл жазбада жазушы өзінің балалық шағының естен кетпес оқиғаларымен, өмірде көрген қиындықтарымен, бүгінгі ұзақ ғұмырының бастау жылдарындағы хикаяларымен бөліскен. Бақытты, қуанышты, мұңды, зарлы балалық шақ туралы естелік. Тағы бір естелік жазбасы «Ұлы ұстазым Бейсенбай Кенжебаев» деп аталған екен. «Әрқилы жағдай әсерімен тым қатты қабыса алмасақ та, қатар жасасқан, замандас тағы бірталай елеулі тұлғалар ескерілген, түптеп келгенде, бұл да біртұтас ғұмырбаян саналуға тиіс ауқымды еңбекте Бейсекемнің мүлде аталмай қалуы – үңірейген олқылық болып шығады екен» деп қимас Бейсекесі туралы толымды, жинақты естелігін жариялапты. Жалпы, осыған дейін Мағауиннің жазбаларын көп оқыдым. Көрген білгенін жіпке тізгендей етіп, екінің бірі Мағауиндей айта алмайды. Өтіп кеткен заманның аярлығы мен жекелеген тұлғалардың рухани таяздығын тәптіштеп көрсеткенінің өзі соның айқын дәлелі болса керек.
Журнал беттерін парақтап отырып Сабырбек Дәндіқұлұлының «Әйел және әлеумет» атты материалын байқадым. Бұл жазбасында автор қазіргі әйел адамдардың өзекті мәселелерін талқыға салған. Шаранасын шырылдатып тастап кеткен, баласын саудалаған ана, «қызға қырық үйден тыйымның» оқиғасы, әйел әлемі және әлімжеттік, «жан-дүниемді түсінетін адам жоқ» дейтұғын кәрі қыздардың ахуалы қозғалған екен.
Қорыта айтқанда, «Жұлдыз» бүгінде республиканың әдебиеті мен мәдениетінің айнасы болып отыр. Оған дәлел, қазақ әдебиетінің көсегесін көгертіп, алтын қорын байыта түскен іргелі шығармалардың бәрі дерлік алдымен «Жұлдызда» жарық көріп, журнал беттерінен өмірге жолдама алуы...