Бір сәтте түйген "Ой"

Бір сәтте түйген "Ой"
жеке
блог
Қыс ауасы, ызғары кетіп, жадырап-жайнап, күлімдей күн шуақты көктем келіпті біздің өлкеге. Сенейін бе, сенбейін бе? Дәл осыдан бір жеті бұрын дауыл тұрып, нөсерлетіп өзінің келгенін барша әлемге айғайлап паш еткендей болған сәтте күннің күрт жылынуына күмәніміз болған еді. Көктемді, алтын күнді, жалпы табиғат ананың бауыры жылып, тіршілік атаулының оянуын қатты-қатты сағынған секілдімін. Бәлкім, содан болар, алғашқы алма мен өріктің гүлдеп, бүршік атуы, қар астынан бәйшешек шығып, бақбақтың жер әлемді ою-өрнекті кілемге айналдырғандай кезі, сандуғаштың сиқырлы сазды үні осы көктем жүрегіме ерекше шаттық пен қуаныш сыйлап, махаббатқа бөлеуде. Табиғат... Шіркін, ғажап қой! Осы күндері далаға шыға қалсаң күн құшағына орап, мейірлене шуағын төгіп ешқайда да жібергісі келмейтіндей баурап алады. Сай-сайдан саршұнақтар жымыңдасып, ойнақтап... Еріксіз еске дәл осылай сайын дала төсінде желменен жүгіре-жарысып, ешбір алаңсыз ойнаған сол бір тәп-тәтті балалық бал күндер оралады. Көк аспан. Тіптен көкпеңбек. Әрбір жерінде ақша бұлттар алмасып, ең ұлы суретшінің пейзажындай құлпырып тұр. Көз ала алмай қарап тұрмын. Армандаймын. Қиялдаймын. Жақсы ойлар жанды жадыратып, санамды нұрландыруда. Бейне бір құс қанатына жармасып алып, қалықтап келіп ой тұңғиығына ене баратын сияқтымын. Ал, көзімді төмен ала бере жерге қарасам, сол бір күйбең тіршіліктің доңғалағы домалып, дәурен өтіп жатыр. Осы сәт күннің көкжиектен түсе бастаған кезі еді. Ауыл. Кеш. Өрістен, жайылымнан мал келіп, қора-қораға шұрқырасып тарайды. Әрбір жерден әлсін-әлсін ит пен қарға және трактор үні естіледі. Тіршілік жалғасуда. Қимастықпен, мына дүниеге деген пәк сезіммен қызара күн де батып барады. Бұл мен көрген ауылымның тіршілігі. Бәз біреулер үшін шөбі шүйгін, суы мол емес, жазық далада, "Арыстанды-Қарабас" желінің өтінде орналасқан жәй ғана елдімекен. Ал мен үшін ол- бүкіл әлем. Менің атам, әкем, бауырларым, мен өсіп өнген киелі, құтты қоныс. Ең біріншіден, сұлулықты көре білетін - көз, екіншіден, оны көкірекке түйер - сана, үшіншіден, сол бір әдемі әсемдік ұшқынын алаулата Отанға, туған жерге деген махаббатын "жаңқадай жандыратын" от - жүрек қажет.