Бір күн

Таңертең ұйқыдан есімді жиып ояна бастаймын. Орнымнан тұрып, терезе жаққа аяңдаймын да қозғалысқа түсіп, өмір сүре бастаған тіршілікке көз жүгіртем. Шығыстан қызарып күн шығып келе жатады. Бұл менің жаңа күнім. Тірліктің енді бастау алатын ақ парағы. Есімді жиып, бойымды түзеп, алға қойған мақсаттарыма ұмтыла бастаймын.

Алдан күтіп тұрған сол күнім өз көріністерін бере бастайды. Ойша түзген жоспарларым бойынша әрекет ете бастаймын. Сөйтіп жүріп сан түрлі адамдарды көрем. Олардың біразымен тілдес болам. Қалғанының сыртынан күзетіп қана өте берем. Бір күнде көрген адамдарыңның бәрімен де сөйлесе алмайсың ғой. Оған уақытың да, кейбір жерлерде шектелетін мүмкіндігің де жол бермейді. Одан соң әркімнің өз жұмысы, бойын билеген күнделікті шаруасы бар. Кеңседе отырған мемлекеттік қызметкерден бастап жол шетіндегі қайыршыға дейін. Ашып айтсақ бұл тіршілік қамыты. Сен секілді бәрінің де өз жолы, мақсат-мүддесі бар екендігіне көзің куә болады. Біреудің сыртынан қарап, істеп жатқан іс-қимылының дұрыс екенін байқап іштей оған риза боласың. Кейбірі оған мүлде кері.

Мен келе жатқан автобус ішінде екі әйел айқайласып ұрысып қалды. Бір-бірімен не үшін тартысып жатқандары ең артқы жақ орында отырған мен үшін белгісіз. Сөздерін де аса естімедім. Бірақ орысша айтысып жатқанын білдім. Бір кезде жүргізушінің микрофонмен “Уважаемые пассажиры, у нас хорошие настроение, сегодня прекрасный день”, - деген сөзі олардың өзара айқайына шек қойды. Жаңағы екі әйел іштерінен бірдеңелерді күбірлеп жай ғана басылды.

Жұрттың көпшілігі асығыс. Ал, біреулер тіпті бейжай көрінеді. Олар аялдамада тұрғандар. Бәлкім олар да іштерінен асығыс шығар. Соңғы кездері осы адамзат кеңістігінде уақыт бірнеше сағатқа қысқарыпты деген сыбысты естігенім бар-тын. Сол сыбыс түбі шындық-ау деп коямын. Соңғы кездері көп нәрсеге уақыт жеткізе алмаймыз. Уақытымыз тығыз бола береді. Жол-жөнекей көптен көрмеген досыңды кездестіріп қалсаң да көп сөйлесе алмайсың. Жұмыстарың күтіп тұр. Ісің түсіп барсаң төрде “креслода”отырған бастықтардың да саған уақыты жоқ. “Ертең келі” бітпейді. Оны қоя тұрайық. Ата-ана, жақын туыстармен де ең болмағанда хабарласып халін білуге қолымыз тимейді. Бәріне сол қысқарған уақыт кінәлі ма екен?! Олай болғанда беймарал ойлануға, ішкі сезім, толғаныстарды сыртқа шығарып, керек жеріне жеткізуге де уақыт шіркін болмады.

Міне, солай да! Күн барысында жүріп қуанғанды да жылағанды да көзің шалады. Бәрін айта берсем тағы уақыт кетеді. Не керек күні бойы қатты шаршайсың. Бір жерде отырсаң да, ары-бері жүрсең де. Бітіргенің айтуға тұрарлықтай болмаса да. Бәрі де мен ойлағандай болмай шығады. Формуласы қате шығып, тәжрибесі сәтсіздікке ұшыраған ғылым адамындай. Сондайда бәрінен жалыққандай болам. Бүкіл ісім кері ауып, жоспарларым енді жүзеге аспайтындай, мақсатым мәнсіздей көрінеді. Ал, енді кімді кәнәлауым керек?!

Күн еңкейіп батып жатыр. Талығып үйге қайтам. Кеудемде сонда да бір үміт бардай.

  

Тағы да таң атты. Ұйқыдан есімді жиып ояна бастаймын. Орнымнан тұрып, терезе жаққа аяңдаймын да қозғалысқа түсіп, өмір сүре бастаған тіршілікке көз жүгіртем. Шығыстан қызарып күн шығып келе жатады. Бұл менің жаңа күнім. Тірліктің енді бастау алатын ақ парағы. Есімді жиып, бойымды түзеп, алға қойған мақсаттарыма ұмтыла бастаймын...



Бөлісу: