Бір арнаға тоғысқан үш ағыс



Бір арнаға тоғысқан үш ағыс

 Орал қаласынан шыққан Қазақстанның заманауи суретшілерінің арасында өзіндік ерекше орны бар, қазіргі таңда көрермендердің қызығушылығын арттыратын ұжымның бірге жұмыс жасағанына биыл 16 жыл толып отыр. Райса Алексеева, Наталья Брике және Марина Ермекқалиқызы сияқты дарынды суретшілер мен дизайнерлерден құрылған «Women Art Дизайн» шығармашылық ұжымы  – Қазақстан Республикасы Дизайнерлер Одағының мүшелері. Көптеген таңғажайып шығармашылық ойларды іске асырумен қатар, дизайнерлік жобалар мен картиналарды авторлық ұжым бірлесіп жасайды. Бұл шығармашылық топтың мақсаты - Қазақстанның мәдениеті мен өнерін жаңғырту негізінде сәндік қолданбалы өнерді ұлттық және әлемдік деңгейде насихаттау және дамыту, жас ұрпаққа рухани эстетикалық тәрбие беру.

2016 жылғы 28 қазан күні Елордамыздағы өнер ордасының бірі «Астана» Ұлттық сурет галереясында «Women Art Дизайн» шығармашылық ұжымының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Жүректер үндестігі» атты көрмесі өтті.

Алғашқы құттықтау сөзді алған «Астана» ұлттық сурет галереясының директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі өнертанушы Асылхан Жұмабайұлы Садуов, қонақтар мен әріптестер алдында ұжым атынан «Women Art Дизайн» шығармашылық тобына елеулі табыстар тілеп, болашақта да биіктерден көрінуіне ізгі ниетін білдірді.

 Нәзік жандылардан құрылған «Women Art Дизайн» шығармашылық тобының мүшелері де көрменің ашылуына атсалысқан Галерея ұжымына жүрекжарды алғысын білдіріп, алдағы уақытта да өрлей беруіне тілегін айтып, «Тұмар» атты туындысын тарту етті. Сонымен қатар «Women Art Дизайн» ұжымы құрылғалы бері қол жеткізген жетістіктері туралы көпшілікпен бөлісті.

«Women Art Дизайн» шығармашылық тобының туындылары Елбасымыздың да көзайымына айналған. Тіпті сондай туындыларының бірі 2012 жылы наурыз айында Сеул қаласында өткен Халықаралық саммитте Елбасымыздың қолынан АҚШ президенті Б.Обамаға табыс етілгендігі туралы айтты.

 

Көрмеге қойылған туындылардың тақырыптары алуан түрлі болды. Олар - қазақ халқының ғасырлар бойғы даналығын, қайталанбас шеберлігін, ұлттық бай дәстүрімізді бойына үйлестірген былғарыдан жасалған картиналар, гобелендер, паннолар және т.б.  

Көрменің сәні болған туындыларға жеке-жеке тоқталатын болсақ, ұлттық ою-өрнектер үйлесім тапқан, қазақ дүниетанымында байлықтың, берекенің белгісі болған және тіл-сұқтан сақтайтын қасиетке ие «Тұмар» деп аталатын сәндік туындылары айтарлықтай ерекше көз тартады. Олар алуан түрлі нақышта жасалған. Қазақ ою-өрнегінің көпқырлы және әрбір элементінің өзіндік атауларымен бірге мән-мағынасымен ерекшеленетіні баршамызға белгілі.

 

Қошқармүйіздің симметриялы түрде салынуы қазақ ұғымында іргең аман болып, жан-жағын малға толсын дегені, яғни молшылықтың белгісі. Ортасындағы ромб көздің белгісі, яғни тіл-сұқтан сақтасын дегені. Осындай таңғажайып туындылардан соң ата-бабамыздың «оюмен ой айтқандығы» айдан анық. Мәселен, ертеде алыс ауылға ұзатылған қыздың белгілі бір уақыт өткеннен кейін төркініне сәлемдеме жолдау дәстүрі болған. Жас келіншек өзінің тұрмыс жағдайын ою-өрнек арқылы бейнелеген. Ұзатылған қыздан «құстұмсық» бейнесі салынған түскиіз немесе басқұр сияқты сәлемдеме келсе, қызының құстай еркін жүргендігін, бақытты екендігін біліп, оған ата-анасы қуанып, көрші-көлем, ағайын-туысты шақырып той жасаған. Ал керісінше, ұзатылған қыздан бір шаршы жарғақ мата бетіне бойы сорайған ұзын және жіңішке арық адам бейнесі бейнеленген сәлемдеме келсе, онда қыз барған жерінде «отырса опақ, тұрса сопақ» болып тұрмыс жағдайының қолайсыз екендігін ата-анасы сезіп білген.

«Тіл біткен құман» атты былғарыдан жасалған таңғажайып паннода Батыс Қазақстан территориясынан табылған ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ежелгі көркем-қолөнер қазынасына тіл бітіп, барлық жанға түсінікті өнер тілімен сөйлеп тұрғандай көрінеді.

 

Құмдауыт көл жағасында толқынмен қалқыған құман бірнеше жүзжылдық бұрын жоғалған қала, онда өмір сүрген бабаларымыздың қалыптастырған рухани құндылықтары туралы сырдың куәгері секілді. Құм бетіне салынған алқа мен айна - әйел өміршеңдігі. Сонымен қатар туындыдағы сәндік қолданбалы қолөнер бұйымдары және өю-өрнектер арқылы тарихы терең еліміздің рухани бай мұрасын танып білуге мүмкіндік береді. Жоғарғы сол жағындағы бейнеленген бақ құсы – ол бақыт, қуаныштың символы іспетті. Ол нұрын төккен қанаттарымен ғасырлар бойы қазақ халқын қолдап, қорғап тұрған тәрізді.

Жүннен жасалған «Әже» деп аталатын панно бетінде жанының жылылығымен, жібек сөздерімен, сөзбен жеткізіп болмас мейірімділігімен адам жадында өмір бойы сақталатын Ақ әже бейнесі ерекше суреттелген. Қолына немересін алған мейірімді әженің «бесік жырын» айтқан сарыны композициядағы ою-өрнектерден естіліп тұрған секілді. Махаббат пен қуаныш үндескен отбасылық тыныштық пен жылылықтың символы болған қасиетті киіз үй әже бейнесімен ерекше үйлесім тауып тұр.

 

  «Жер –Ана» туындысында махаббатты, жылылықты, байлықты өн бойына сыйдырған ұрпақ жебеушісі  Әйел-Ана суреттелген.

  

       Әрқашанда ұрпағына бақыт пен қуаныш сыйлайтын жаны дарқан Әйел-Ана жаратылыстың дәл ортасынан орын тапқан. Адамның үш анасы болса, соның бірі Жер-Ана, яғни туған анамызды қалай құрметтесек, Жер-ананы солай құрметтеуге міндетті екендігімізді әсте естен шығармауымыз керек. Суретшілер Жер-Ананың бізге сыйлар жан жылылығы мен сұлулығын көрермен жанының жүрегін қуанышқа толтыратындай әртүрлі әсерлі түстермен бере білген. Яғни, қазақ халқының кестелеу, тоқу өнері, әсіресе оның бетіне түсірілген сан алуан өрнектері арқылы ерте заманнан-ақ өркендеудің, аман-саулықтың, байлықтың белгісін айқын көрсетіп түсіндіреді.

«Ақ тұлпар» атты сәндік панно былғарыдан жасалған. Тұлпар – қазақ халқының әдеби шығармаларындағы ең әйгілі бейне. Тұлпар әрбір ер жігіттің адал да жан досы, арманы. Мифологиялық аңыздарда тұлпар – тәуелсіздік пен еркіндіктің символы ретінде бейнеленеді. Панно бетінде суреттелген бейнелерден ақ тұлпар қанаттарын серпіген сайын биіктен биікке көтеріліп, кеңістікті одан әрі кеңейте түсіп, уақытты ұзартып, көк аспанды нұрландырып тұрғандай.  Көкжиектен көтерілген күн жарқырап шыға салысымен, қар еріп, сең қозғалып, жер бетіндегі тіршілік атаулыға шуағын төгіп тұрғандығын оңай аңғаруға болады.

   

Айта кететіні, тұлпарға арнап жыр жазбаған ақын кем де кем. Абай атамыздың «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп аталатын өлеңінде жылқыны ерекше суреттеген.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,  

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. 

Ауызомыртқа шығыңқы, майда жалды, 

Ой желке, үңiрейген болса сағақ.........

 

Шеберлердің «Жеті қазына» атты туындысында жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, өткір кездік, ер-тұрман, берен мылтық, сұлу әйел яғни, ер жігіттің жеті қазынасы айқын суреттелген. Байырғы қазақ түсінігінде жеті саны сандық мағынасынан бөлек этномәдени мәнділіктерге ие санның бірі. Әдетте, жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, көк мылтық, алмас кездік, ау-жылым, қара-қақпаны бар епті жігіт отбасын ғана емес, тіпті ауыл аймағын да ішер ас пен киер киімнен кенде қалдырмайды. Мұндағы «өндіргіш құралдарды» тұрмыстық жеті зат ретінде қастерлеп, жеті қазынаға кіргізген. Елдің жеті қазынасына диірмен, ұсталық-шеберлігі және төрт түлігі жатады.

Осы шығармашылық ұжым құрылғалы өзінің әрі қарай болашақтағы дамуын дәлелдеп қана қоймай, шығармашылықта өз орнының жоғары екенін көрсетті. Бұл шығармашылық топ халықаралық және республикалық көрмелерге қатысып, көптеген дипломдар мен сертификаттарға ие болған. Бұл ұжымның қолынан шыққан картиналар мен сәндік гобелендер Қазақстанның, Ресейдің, Францияның, Англияның, Италияның, жалпы 30 елдің мемлекеттік және жеке коллекциялар қатарынан табылады.  

 

  Елемесова Дәмежан Байдоллақызы

 «Астана» ұлттық сурет галереясының                                          

   ғылыми қызметкері



Бөлісу: