"Берік отбасы-есірткіден алыс!"
блог
«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған сайысына»
Берік отбасы - есірткіден алыс!
Жұмыр басты пенде жарық дүниеге жол тартып, тіршіліктің нұрлы сәулесіне бөленген сәттен-ақ, оның өз ортасы, өз Отбасы, өз Ордасы болады. Өзінің барын базарлап, жоғын түгелдеп отыратын жанашырлары- оның жақын жандары болмақ. Өмір-өзенінде бір кемеге мінген жолаушыдай болып, сол жақындарыңмен бірге ұзақ сапарларға аттанасың. Сол сапарлардың бірінде тегіс жолмен, бірінде соқпақпен, бірінде сүрлеулі жолмен аяңдауың әбден мүмкін. Тегіс жол сенің өміріңнің жарқын сәттері саналса, соқпақты жол көлеңкелі тұстары болмақ. Сондай соқпақты жолдағы жолаушысын сынаған Өмір сені бұралаң жолға бұра тартып кетпеуі үшін атадан балаға мұра болып жеткен ұлттық құндылықтар мен руханияттар әр отбасының тәрбие қазығына айналуы тиіс.
Ұлттық құндылықтар мен руханияттардың берік отбасы қалыптастырудағы маңызы қандай болмақ?.. Берік отбасының бейнесі қандай көріністерімен ерекшеленеді?
Бұл сұрақтың жауабын табу үшін, алдымен, өз отбасымыздың қалыптасқан өмір сүру қағидаларына көз жүгіртіп, шаңырағымыздың биік, босағамыздың берік болуы жолында жасаған ізгіліктер мен өнегелі жолдарымызды кино лентасындай көз алдымыздан өткізуге болады... Сондағы көретін көріністерің - біздің отбасында ұялаған ынтымақ пен ырыс , береке мен бірлік, үлкен мен кіші арасындағы шексіз сүйіспеншілік, ата-ана мен бала арасындағы және бауырлардың жүрегіне бекіген сарқылмас махаббатты байқаған болар едіңіздер.
Саналы тіршілік иесі болған соң, мағыналы өмір сүріп, мазмұнды әрекеттер жасау –әр адамның міндеті. Алайда, біз өмір сүріп отырған қоғамда неге жолы болмаған әке, жасы тыйылмаған ана, жанарын мұң жапқан бала, жәутеңдеген қария, жарық дүние есігін ашпай жатып шырылдаған шарана толып кетті? Бұл сұрақтарды ойласақ болды, жанымызды қоярға жер таппай, жалбарынудан өзге жол қалмай шарасыз күй кешеміз...
Саналы бола тұра, санасыз әрекет жасайтын жандар неге өз бағытынан адасты? Неге Алланың аманатқа берген жан мен тәніне қиянаттар жасады? Мүмкін, бұған тәніңді жаста улап, жаныңды жаралаған есірткі деген әзәзіл кінәлі шығар? Мүмкін, бұлай адасуыңа сенің отбасыңда жетіспей қалған мейірім мен сіңірілмей қалған адами құндылықтардың аздығы себеп болған шығар? Сансыз сұрақтар... Шарасыз жауаптар...
Дәуірінде ұлтының жанашыры болған, адам жанының психологиясын ғылымыи түрде зерделеп, «Психология» оқулығын жазған Жүсіпбек Аймауытов «Баланы бұзуға да, түзеуге де себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге.»-деп бекер айтпаған. Сөз басында қозғалып өткендей, жарық дүние есігін ашқан нәресте отбасы жылуын, ата-ана мейірімін көріп, махаббатына бөленіп өсуі керек. Отбасының беріктігі, жат қылықтардан алыс болуы , ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, адами мінез-құлықтардан өнеге алуы – Абай айтпақшы, «толық Адам» болудың тамыры боп саналады. Әркімнің өз отбасы –оның бақыт мекені. Кімде отбасы жоқ болса, онда ол адамда түбегейлі ештеңе де жоқ деуге болады. Алып ағашты сан жылдардан бері Жер-Анадан нәр алып келе жатқан тамыры ұстап тұратын болса, ал адам баласын берік отбасы сақтап тұрады, Отбасы берік болса, жанұясының құндылық екенін түсінген жан есірткіге де есін жоғалтпайды! Өзіне берген өмірін Тәңірінің сыйына балап, өсіп-өнуді, көгеріп-көктеуді, артына аңыз болар мәнді өнеге қалдыруды ойлайды.
Қазіргі таңда жас талғамайтын тажал-есірткінің құрбанына айналған жандармен күрес- мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Өкініштісі сол, есірткіні пайда көзіне айналдырып, заман мен адамды қатар улап жатқан есті азаматтар да бар. Ең өкініштісі - олар өзінің кір дүние-пайдасын ойлап күнәға батып жатқаны. Бүгін есірткіні өзгеге ұсынады, ертең өзі тұтынады. Салдарында сансыз ұрпақ ,сансыз адам сан соғады. Кім ұтты? Кім ұтылды? Әрине, есірткіге жан мен тәнін құрбан еткен адам өз өміріне өз қолымен балта шапты...
Біздің қоғамымыз үшін берік отбасынан өнеге алған адамдар сарқылмас байлықпен тең. Отбасы берік болса, дені сау ұрпақ дүниеге келіп, жат қылықтан да алыс болып өседі. Дені сау ұрпағы болса - ата-ана да бақытты, берік отбасында тәрбие көрген бала да бақытты өмір сүреді.Берік отбасы мекенімізде бақытты ғұмыр кешіп, бір-бірімізді ардақтап, аялап жүрген күндерімізге дүниені төрт айналсақ та тең келер байлық таппадық. Біз үшін жат қылықтан алыс, шаңырағы шаттыққа толы отбасымыз-тіршіліктегі жұмақ мекеніміз. Әр сәт сайын Алладан алақан жайып ақ жолымыздан адастырмауды сұрап, жүрегіміздегі иман сәулесін нұрландырсын деп жалбарынудан жаңылған жоқпыз. Әр қазақтың шаңырағы берік болсын, ұрпағы саналы ,салиқалы болсын, жат әдеттің құрығынан аман жүрсін деп тілеген біздің үніміз адасқандарға шамшырақ болсын деген үмітпен төмендегі жыр жолдарымен түйін жасадық.
Алла бізді жаратқан соң адам қып,
Саулығыңды сақтап жүрер аман қып.
Ар-иманнан алыс кетсе адамдар,
Жан-дүниеңді жаулап алар надандық.
Надандықтың жолы қисық жалғанда,
Бұрыс жолды көрсетеді адамға.
Сан ұрпаққа сан соқтырған есірткі,
Жаулап жатыр жас ұрпақты, заманды.
Құрығына іліккенде азарсың,
Тәңірге де жазықты боп жазарсың.
Бойды сақта жат әдеттен, бауырлар,
Жан мен тәнің жақсы әдетпен тазарсын.
Азу-тозу ұлтты салар азапқа,
Ұлтың азса , айналарсың мазаққа.
Қазақ деген - өр халықтың ұрпағы,
Өз күніңді өзің салма тозаққа.
Қанмен қорғап қастер тұтқан жерімді
Азғындықтың ауылынан аласта.
Тектілігін жоғалтпасын қазағым,
О,Тәңірім, жалбарынып сұрайын,
Есірткіні біздің елге жолатпа!!!
Өміріміз мәнді болсын десек, бүгінгі ұрпағымызға беретін тәрбиенің тамыры ұлттық құндылықтар бұлағынан нәр алсын. Халықтың рухани құндылығымен сусындап өскен ұрпақ- ұлтының да ертеңгі мақтанышы болмақ. Жанымызға білім мен өнерді, спортты серік етіп, өр қазақтың атақ-даңқын, әз халықтың ата салтын қастер тұтқан ҰЛТ болып жаңғыра берейік!
Есенжоловтар отбасы
Арал қаласы
#ҚЗОПДЕҚҚІҚБбайқауына