Бердібек Соқпақбаевтың балалығында өтірік жоқ
блог
Шағын жанрдың шамын жағып, шаңын қағып, балалар әдебиеті сынды балғын әлемнің тереңіне бойлай білген, жас оқырмандар жанын жақсылыққа қайрай білген жалынды жазушы – Б.Соқпақбаев болса, балалық шақтың балауса күндерін бүгінгідей көз алдыңа әкелер тұғыры биік туынды – «Балалық шаққа саяхат»- деген болар едім.
«...Солардың ызасынан енді, міне, өлеңді қойып, соқталдай повесть жазғалы отырмын. Бәрі кітаптағыдай болу үшін оқиғаларды тарау-тарауға бөлемін де, әр тарауға ат қоямын. Өтірік ештеңе қоспаймын». Автор бұл сөзі арқылы туындының өз өмірінің айқын көрінісі екенін дәлелдегендей. Өйткені кітаптың бірінші бетінен бастап-ақ, «Үзік-үзік суреттер»-деп аталатын тарауы автордың есіндегі еміс-еміс естеліктерден сыр шертеді. Бұл шығарманың басты кейіпкері – Бердібек. Қызығы мен қуанышы, қайғысы қатар өрілген балалық шағын еш өзгеріссіз қағаз бетіне түсірген. Апасының мойнына асылып жүрген кездері. Жалаң аяқ ауылдың ыстық топырағын басып, қара кешке дейін еш нәрсе сезбей ойнаған күндері. Балалық махаббаты... Текестің суы... Бердібектің барлық сыры мен жырына куә болған осы Текестің суы еді. Оны ақын мына сөзінен аңғартқандай:
«Текестің суы арық емес пе?
Бердібек балық емес пе!» Балалықпен айтылған осы сөздерді оқып жаның жайланып жатса, кейіннен үстіңнен суық су құйып жібергендей болады. Неге? Кенеттен Бердібектің басына қара бұлт үйіріледі. Оның анасы жастайынан көп қиындық көрген соң, аурушаң болады да ерте көз жұмады. Артында Тұрдыбек есімді шарана қалады. «Шешем жайлы» тарауында жазушы:
«Әкемді алсаң, ал құдай, шешемді қой
Шекпен тоқып берсе де, өлмеймін ғой»-деп әзіл аралас шындықты жайып салады. Сонымен қатар ана қасиетін, ана қадірін, ана құрметін анық көрсетеді. Анасынынан айырылып қалғаны Бердібекке өте ауыр соққы болады. Әр күні сабақтан келгенде анасы бір уыс қара талқанды дайындап қоятын. Үйде жейтін түк болмаған күндері де ол анасының асқазанын «алдайтын» бір үзім нан болса да тауып беретінін білетін. Анасы қолындағы соңғы затын берсе де, баласы үшін жанын беруге дайын еді. Бірақ бұл бақыты ұзаққа бармады. Алайда, кейіпкердің көңіліне жұбаныш болған ағасы Сатылған еді. Осы шаңырақтағы көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, ақ қағазды жанына серік қылған да ағасы еді. Ағасы әр кез інісінің білім алу үшін жағдай жасауға тырысатын. Өміріндегі алғаш рет үстіне жаңалап киген киімдерін де алып берген ағасы болатын. Жақсы әйел алып, үйдің берекесін кіргізген де ағасы болатын. Бердібек жеңгесін өзіне ана орнына ана көріп, пана тұтатын. Дегенмен, «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын»,- дегендей, жайдарлы да жайсаң жеңгесін жұрт күндеп, бұл үйге сыйғызбады. Екінші мәрте арқа сүйер қамқоршысы кетіп қалды.
Ал автордың шынайы шеберлігіне «Тұрдыбек» атты бөлімдегі бейнелі сөздері арқау бола алады. Ол бөлімде автор оқырман ойын орамдап, жан дүниесін жалынышты сөздермен жайғастырған. Бердібектің әкесі өте жуас, қой аузынан шөп алмастың бірі болады. Үй шаруасына да селқос қарап, тал түске дейін қара суды сіміріп отыра бергенді намыс көрмейді. Анасы қайтыс болған соң әкесі Күміс есімді екінші әйел алады. Міне, аяқ астынан Бердібекте «мейірімді ана »пайда болады да қалады:
«Қара бұлттай қалбиған мынау Күміс
Соғады Тұрдыбекті гүрс-гүрс». Тағы қиындық... Тағы уайым... «Ұялмас бетке талмас жақ береді»-деп бұл анасы бос ауыздың өзі болады. Өгей шешеден ең көп зардан шеккен Тұрдыбек болатын. Шешесі мүлдем балаға қарамайтын. Өгей шешенің кесірінен кішкентай бала бір күні еңбектеп жүріп отқа күйіп қалады. Одан соң жүре алмай қалады. Тағы бір күні ойнап жүріп, қолын шоққа басып алады. Оны дәрігерлер де дұрыс қарамай барлық қолын бірге байлап тастайды. Ал баланың қолы жазыла келе бірігіп кетеді. Кішкентайынан осындай қиындық көрген інісін Бердібек аяйтын. Алып кетейін десе, өзі де оқушы еді.
Автор жетімдіктің ащы дәмін татқаннан соң келер ұрпаққа мынадай ақыл-кеңес айтады: «Балалар, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларында бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар. Ұр. Соқ. Төбелес. Тіпті, етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгіндей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аямаған аяусыз жазалаған бейшараның адамшылдық менмендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!»
Бұл кітаптың әр тарауында автор заманының қаталдыққа толы қиын күндерін қисынымен қиыстырып суреттеген. Кейіпкер образдарын аса үлкен шеберлікпен кестелегені соншалық – оқып отырып кейіпкердің көңілді кейпіне еніп күлесің, жалынышты жүзіне еніп жылайсың.
Кітаптың әр парағын парақтап танысқан сайын автордың балалық әлеміне сапар шеккендей боласың. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, повесть өз тақырыбын, мазмұнын жеткілікті деңгейде аша білген. Ең бастысы, Сахарада сайрандаған қазақ баласының сыпайы да сотқар қылық, сынық мінезін дәл мүсіндеген.