Байкенжеліктердің тәуелсіздікке тартуы
блог
Байкенже ауылдық округінде Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – Халық мұраты» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Ауыл кітарханашыларының «Тәуелсіз елдің шежіресі атты» кітап көрмесімен басталған мерекелік кеште патриоттық әндер шарқалды. Елге еңбек етіп жүрген қызметкерлер марапат биігінен көрінді.
Ауыл әкімі Нұрғали Оспанов клубқа жиналған жерлестерін Ұлы мерекемен құттықтап, еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері жөнінде баяндады. Содан кейін іс-шара ауылдық округтің өсіп-өркендеуіне қажырлы еңбегі сіңген және өз салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген сала үздіктерін марапаттау рәсіміне ұласты.
Марапаттаудан кейін ауылдық клуб қызметкерлері мен ауыл өнерпаздары көрермендерге концерттік бағдарламасын ұсынды. Мектеп оқушыларынан құралған «Айару» бишілер тобының өнері көрермендерді тамсандырды.
Мерекелік шара жаңадан ашылған «Абылай-Б» жеке балабақшасында жалғасын тауып, жаңа ғимараттың ресми ашылу салтанаты өтті.
Ауылдың белді кәсіпкер азаматы Серік Рахметов ашқан бұл балабақша ел игілігіне берілді. Меруерт Байдүйсенова жетекшілік ететін мекемеге жеті жұмыссыз азамат жұмысқа тартылды. Балабақшаны салтанатты түрде ашқан ауылдық округ әкімі ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосқалы отырған балабақша иесі мен ұжымына алғыс білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Салтанатты шараға арнайы келген аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Оспанов пен методист Фатима Тұртанова құттықтау лебіздерін жеткізді. Ал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Серкінбайұлы мен қоғамдастық төрағасы С.Бекназаров, ауыл ақсақалы Ж.Өткелбай мен ардагер ұстаз Т.Төрениязов тәлім ордасының лентасын қиып, ақжарқын лебіздерін жеткізді.
Аудандық мәдениет үйінің қызметкері, жас әнші Балауса Сахан бастаған өнерпаздар ән мен биден шашу шашса, жаңа балабақшаның жас бүлдіршіндері де жиналған қауымды өз өнерлерімен тәнті етті. Тілек білдірушілер арасынан ауылдың қарт анасы, тыл ардагері, көп балалы батыр ана Ақжібек Әбенова жиын соңында аналық ақ батасын берді. Одан кейін қонақтар балабақшаның жұмысымен танысып, ризашылығын білдіріп тарқасты.
Салтанатты жиыннан шыққан ауыл тұрғындары ауыл мешітіне барып, тәуелсіздік жолында құрбан болған жерлесіміз Алаш қайраткері Серқұл Алдабергенұлы атамыз бен барша Тәуелсіздік құрбандарының рухына бағыштап құран оқыды.